Бірлік бар жерде тірлік те бар

Заң шығарушы органда тындырылып жатқан істерді һәм Елбасы Жолдауының мақсат-міндетін түсіндіру ниетімен халық қалаулыларының ел аралап жүргені белгілі. Сондай бір топ жақында Қарағанды облысында да болып қайтты. Өндірісті өлкеге ат басын бұрған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Владимир Нехорошев, Виктор Рогалев, Дауылбай Құсайынов, Рауан Шаекиндер үш күндік сапар барысында Теміртау, Шахтинск қалаларында болып, соңғы қорытынды жиынды «Нұр Отан» ХДП-ның Қарағандыдағы облыстық филиалы ғимаратында өткізді.

Қай кездесуде де көпке ортақ болған, ең жиі айтылған мәселе — дағдарыс және одан шығу жолдары екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, билік партиясының атынан сөйлеушілер шағын және орта бизнесті, ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді несиелендіру, отандық нарықты импорттан қорғау, жоғары және кәсіптік-техникалық білімнің болашағы мәселелеріне тоқталып, бұл бағытта мемлекеттің қандай істер тындырып жатқаны жөнінде әңгіме өрбітті. «Әлемді дағдартқан экономикалық қиындықтарға төтеп беру, оның халыққа тигізер зардабын азайту мақсатында елімізде қандай шаралар атқарылып жатыр?» деген сауалға мәжіліс депутаттары Елбасының биылғы жылғы Жолдауынан мысалдар келтіре отырып, жауап берді.
Бюджет қаржысын үнемдеуге мәжбүрлік туса да, әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаражатқа сараңдық жасалмайтыны, дағдарыс қос бүйірден қысып тұрса да мемлекет халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға қауқарлы екені тағы бір мәрте айтылды. Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту стратегиясының жай-жапсары да ұмыт қалған жоқ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенер болсақ, еліміздігі жұмыссыздардың көпшілігі 16 мен 24 жас аралағындағы жастар көрінеді. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар саны 2006 жылы 61113 болса, екі жылдың ішінде 69 768-ға жоғарылаған. Тағы да сол еңбек министрлігінің айтуынша жұмыссыздық көрсеткішінің жоғарылауы Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау облыстары мен Астана қаласында байқалыпты.
Сонымен қатар, жұмысшы жастардың еңбек қауіпсіздігін қорғау жағдайы да алаңдатарлық деңгейде. Мәселен, өткен жылы өндіріс орындарында 710 жұмысшы жас жарақаттанған. Салыстырмалы түрде алғанда бұл — зардап шеккендердің 28 пайызы болады екен. Ауыл жастарына қатысты өзекті мәселелер де аз емес. Атап айтқанда, күнкөрістің қамымен ауылдан ауа көшкендердің қалаға келгенде жұмыс табуы, мұндағы қайнаған тірлікке кірігіп кетуі оңай емес. Осы секілді проблемаларды шешу үшін жоғарғы жақ не тындырып отыр?
Жұртшылық тарапынан болған мұндай сауалдарға сайланып келген депуттатардың жауабы әзір болды, әрине.
— Осыны ескере отырып, — дейді депутат Владимир Нехорошев— Мемлекет басшысы Үкіметке аймақтардағы жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау шараларына 140 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Жергілікті бюджеттен де жұмыспен қамту стратегиясын қосамша қаржыландыру үшін ақша бөлінуге тиіс. Жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Ашылатындары қаншама.
Осыны айтқан мәжілісімен жаңа жұмыс орындарының қай жерде құрылытыны, ол жерге қалай орналасуға болатынын жіктеп-жіліктеп айтып шықты.
— Шамамен 96 мың адамды жұмыспен қамту үшін бұл мақсаттарға 8,6 млрд теңге бөлініп отыр, — деді В. Нехорошев.
Жұмыссыздық елеміздегі басты проблеманың бірі болып отырғаны жасырын емес. Алайда, тағы бір дерек көздеріне сенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 20 мың жұмыс орны бос тұратын көрінеді. Бұл кереғарлықтың басты себебі неде?
Халық қалаулыларының айтуынша бүгінгі таңда бұл мәселені шешу үшін оңды бастамалар жасалуда. Экономиканың басты қозғаушы күші — жұмысшы мамандар даярлау ісін жандандыруға баса назар аударыла бастаған көрінеді. Соның бір көрінісі — мамандарды қайта оқыту және қайта даярлау жұмыстарының ұйымдастырылуы.
Студенттермен, жастар ұйымдары жетекшілерімен болған кездесулерде әңгіме тұздығы — негізінен мемлекет бөлген грант пен несиенің берілу шарттары болды. Әрине, жастар тарапынан қойылған сауалдардың ешбірі жауапсыз қалған жоқ
«Мемлекет қамқорлықты жасауға міндетті. Жасап та отыр. Бірақ сіздер алма піс, ауызыма түс деп отыра бермеулеріңіз керек. Елбасы айтқандай, бұндай дағдарыстардың әлемде талайы өткен. Бұл дағдарыстың да аяқталатын күні алыс емес. Бірлік бар жерде тірлік бар. Ең бастысы осындай сын сағаттарда бірлігімізді, елдің тыныштығын сақтап қалар болсақ, алынбайтын қамал жоқ» дегенге сайды халық қалаулыларының жұртшылық алдындағы қорытынды сөзі.

Қамбар АХМЕТОВ
Қарағанды



Принтерден шығару Принтерден шығару