Жануарлар әлемiндегi телепатия

Жануарлар адам сияқты сөйлей алмағанымен, бiр-бiрiмен телепатия арқылы қарым-қатынас жасайды. Ешқандай дыбыс шығармай-ақ телепатия арқылы әртүрлi әрекеттер жасап, бiр-бiрiмен келiсiп отырады екен. Мысалы, қасқырлардың үйiрi мен арыстандарды алсақ. Аң аулауға шыққанда әрқайсысы бiрiншi болып олжаға тап бергiсi келедi. Ал, iс жүзiнде үйiрдiң әр мүшесi өзiне тиесiлi қызметтi атқарады. Бiреулерi құрбанды қуып жетсе, басқалары оны тап берiп өлтiредi. Келесi жолы олардың рөлдерi ауысып отырады. Әр жағдайда қандай рөл атқаратынын олар қайдан бiледi?  Бұл жерде дыбыс сигналдары жеткiлiксiз. Жауап  бiреу ғана: қасқырлар да, арыстандар да телепатия арқылы қарым-қатынас жасайды. Құстардың арасында «ақылгөй» саналатын қарғаларда да телепатиялық қасиет бар. Телепатия арқылы бiрiгiп iс-әрекеттер жасайды. Осындай ұйымшыл iс-әрекеттердiң, телепатияның арқасында қарғалар ұядан құлап түскен балапандарын құтқарып қалғаны туралы мына қызықты  оқиға  Павлодар қаласында болған. Ол оқиғаны  балабақша  меңгерушiсi, екi тәрбиешi және күзетшi баяндап берген еді. Балабақша ауласының iшiндегі үлкен ағашқа қарға ұя салыпты. Күзетшi ауланы сыпырып жүрiп, ұядан құлап қалған қарғаның балапанын тауып алады. Балапанды әкелiп, балабақша меңгерушiсiне көрсетедi. «Темiр тор сатып алып асырайық, балалар қызықтасын, әзірше қорапқа сала тұрайық» – деп шешеді. Балапан әбден әл жиғанша бағып-қағады. Бiр күнi күтпеген жерден күзетшiнiң төбесiнен қарқылдап, бiр үйiр қарға кетпей қояды. Балапанды күзетшiнiң тауып  алғанын қарғалардың бiреуi көрген болу керек. Күзетшi абдырап-саспайды, ол жүгiрiп барып балапанды  әкелiп, сол баяғы ағаштың түбiне қояды. Осыдан кейiн қарғалардың бәрi өз жөндерiне ұшып кетедi. Кешке дейiн екi-үш қарға кезек-кезек балапанды күзетедi. Келесi күнi таңертең балапан ағаштың түбiнде жоқ болып шығады. Ұшып кеткен болу керек.

Егеуқұйрықтар туралы ерекше айтуға болады. Жануарлар әлемiнiң арасында ақылдылардың бiрi болып саналады. Бiрақ, бұл жануарлардың миы кiшкентай ғана, басқа кемiргiштерден ешқандай артықшылығы жоқ. Адамдар ежелден берi  егеуқұйрықтармен күресіп келеді.  Алайда жер бетiнен егеуқұйрықтарды толық жойып жiбере алмай отыр. Оның себебi, олардың да телепатиялық түйсігінің зеректігінен болар. Мынадай бiр мысал келтiрейiн: Әлемдегi зертханалардың барлығында егеуқұйрықтарды жоюға арналған химиялық қару жасау жолдары iздестiрiлуде. Ең мықты деген удың өзi егеуқұйрықтарға қатты әсерiн тигiзбейдi. Олар уланған тамаққа тап болып бiрден жемейдi екен. Алдымен ол тағамды егеуқұйрықтың бiреуi ғана жеп көрiп, артынан су iшiп алып, інiнде жата тұрады. Қалғандары не болады екен деп күтеді. Егер де, алғашқы егеуқұйрық уланып қалса, қалғандары ол тағамды жемейдi. Сонда, үйiрдiң iшiнен бiр егеуқұйрық суырылып шығып, басқалары үшiн өз өмiрiн қиюға дайын екендiгiн көруге болады. Үйiрдiң iшiнен бiр егеуқұйрық өзi шығады ма, әлде ортақ келiсiм арқылы  ма? Ол әлi құпия. Қалай болған жағдайда да  телепатияның көмегiмен олар өз өмiрлерiн сақтап қалатыны белгiлi. Ғылыми тұрғыдан қарағанда егеуқұйрықтар ақпаратты телепатия көмегiмен бiр-бiрiне берiп, бүкiл үйiрге таратып отырады.

Ғалымдар жүргiзген тәжiрибенi мысал ретiнде келтiрейiн. Екi егеуқұйрықты арнайы, екi бөлiмi бар, еденi темiрден жасалған қорапқа кiргiзiп қояды. Екеуi де бiр бөлiмде болған кезде дыбыс немесе жарық дыбысы берiледi, еден арқылы әлсiз ток жiберiледi. Осы жайсыз жағдайлардан бас сауғалап қашу үшiн, екеуi де қауiпсiз жерге, яғни екiншi бөлiмге барып тығылады. Ендi екi егеуқұйрықты бөлiп, екiншiсiн басқа бөлмеге тура сондай қораптың iшiне салып қояды. Қоңырау шырылдағанда және ток берiлген кезде, бiрiншi егеуқұйрықтың қорапшасында тыныштық болса да, ол да екiншi бөлiмге барып тығылған. Яғни олар бiр-бiрiмен телепатия арқылы хабарласады. Әрине, бұл тәжiрибелер жануарлар әлемiндегi телепатияның қыр-сырын толық аша алмайды. Дегенмен де, жануарлардың бiр-бiрiмен телепатияның көмегiмен хабарласа алатынын дәлелдейдi.

Тағы бiр мысал ретiнде, өзiм жүргiзген тәжiрибеме жүгiнейiн. 90-шы жылдардың басында Ақтөбе облысы, Комсомол ауданы (қазіргі Әйтеке би) «Псков»  совхозында жұмыс iстеп жүрген кезiм болатын. Жоғары оқу орнын жаңадан бiтiрген жас маман едiм. Мәскеудегi Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясының аспирантурасына түсейiн деп талаптанып жүргенмін. Бiр күнi мәскеулік профессор-биолог И.Н.Головистиков маған дала егеуқұйрықтарының қылықтары мен дағдыларын зерттеуге тапсырма бердi. Мәскеуден келе салып, қақпан тауып, тапсырманы орындауға кiрiстiм. Егеуқұйрықтар көбiнесе мал ұстайтын қорада, жем-шөп сақтайтын ұраларда көп жүретiнi белгiлi. Ұяларының қасына қақпан құрып қойдым. Күнде келiп, бiрнеше қақпанды тексерiп тұрдым. Әншейiнде қаптап жүретiн егеуқұйрықтардың бiреуi де көрiнбедi. Басқа жерден ұя қазып алған. Жаңадан қазылған ұялардың қасына мен де қалыспай қақпан құрып жүрдiм. Бiр күнi, әйтеуiр, бiр шыңғырған дауысқа жүгiрiп келсем, бiр егеуқұйрықтың қақпанға құйрығы iлiнiп қалыпты. Ап, бәлем, түстiң бе деп ойлап, қуанып кеттiм. Ендi не iстер екен дегендей әрiрек барып, бақылап тұрдым. Көп ұзамай екi егеуқұйрық қақпанның қасына жүгiрiп келдi. Ендi, мына қызықты қараңыз, қайткенде де қақпанға түскен тұқымдастарын құтқаруға кiрiстi. Қақпанға түскен егеуқұйрық жастау болуы керек. Екеуi оған қарағанда кәрiлеу екенi көрiнiп тұрды. Қақпандағы егеуқұйрықтың құйрығын екеуi екi жақтан кемiрiп, босатып жiбердi. Осыдан бастап, ол жерде бiрде-бiр егеуқұйрық көрiнбей кеттi. Тiптi, көршi үйлерде де көзден ғайып болды. Бәлкiм,  «мына жер қауiптi»  деп бiр-бiрiне телепатия арқылы хабар берiп, басқа жерге көшiп кеткен болар. Бiр қызығы, дала егеуқұйрықтары қаланiкiне қарағанда әлдеқайда ақылды, айлалы болып келедi-ау деген ой келдi.  Кеменiң суға батарын да сезiп, бiрiншi болып қашатын осы егеуқұйрықтар емес пе? Тағы айта кететiн жәйт, егеуқұйрықтар жүрген жерде, тышқандар болмайды екен. Кейiннен олардың ұяларын қазып, тексерiп көрсем, оның iшiнде сынған айна, тарақ, түйме т.б. заттар табылды. Яғни, бұл егеуқұйрықтардың қор жинақтайтынын дәлелдейдi.



Принтерден шығару Принтерден шығару