Үкімет бастады…
Еліміздің Премьер-министрі Кәрім Мәсімов соңғы кездері қазақ тіліне қатысты оң пікірлер білдіріп жүр. Ал Парламент Сенатының таяудағы отырысында сөйлеген сөзі тіл жанашырларының жүрегіне жылы шуақ құйды. «Енді күллі мемлекеттік мекемелер қазақша сөйлеуі тиіс. Бүгіннен бастап мемлекеттік тілде сөйлеп, жиналыстарды тек мемлекеттік тілде жүргізетін боламын», – деді ол.
Үкімет басшысының бұлайша нық сөйлеп, тоқтамға келуіне жақында өткен халық санағының қортындысы да өз әсерін тигізсе керек. «Күні кеше өткен халық санағында қазақ жұрты, яғни мемлекет құрушы ұлт басымдыққа жетіп, 67 пайыз болыпты. 70 пайыз халық қазақша еркін сөйлейді екен. Сонда тілі мүкістер 30 пайызды ғана құрайтын болып шықты» деуі «Енді қисынсыз себеп-сылтауды қоялық. Қазақша сөйлейтін уақыт келді» деген ой ұшқындарын аңғартар еді. Расында өз атажұртымызда, туған елімізде басымдыққа ие бола тұрып анамыздың бойынан сіңген ардақты тілімізді өгей баладай шетқақпайлай берсек, бұл – ұлтымызға, қазақтығымызға сын. Өзімізге өзіміздің жанымыз ашымаса басқалар сені қайтсін. Сенің тіліңе өзгенің басы ауырмайды, балтыры сыздамайды.
Сонымен бірге көптің аты – көп. Біз көппіз. Олай болса көп екенімізді, қалың қол екенімізді байқатып, бабалар аманаты, асыл қазынамыз – тіліміздің туын биікке көтеріп, төл топырағында қазақ үнінің қыранша саңқылдауына қол жеткізейік.
Үкімет бастап жатыр. Ағайын, енді сен іліп алып кет.
Нұрперзент ДОМБАЙ