Мәслихат мүйісі – медиафорум

"Ана тілі" газетіӨткен аптада Алматы қаласында VIII Еуразия медиафорумы өтті.
Екі күнге созылған бұл айтулы жиынға 373 делегат қатысса, оның 146-сы шетелден келген қонақтар. Форум делегаттары соңғы уақытта ғаламда орын алған өзекті мәселелерді өткір сынға алды. Соның ішінде ғаламдық қаржы дағдарысы ортақ тақырыпқа айналды. Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Елбасының құттықтауын жеткізіп қана қоймай ортақ мәселелерге орай өз ойын ортаға салды. «Бүгінгі әңгіменің ғаламдық дағдарысқа қатысты өрбитіні анық. Қазақстан да жаһандық дағдарыстан тыс қала алмайды. Бірақ біздің елдің бір ерекшелігі – көшбасшымыз Н.Ә.Назарбаев дағдарыс тұсында басқарудың тамаша тәжірибесіне ие. Қазіргі кезеңнің бұрынғы кезеңнен өзгешелегі – Қазақстан бүгінде дағдарысты қазығы берік, әлемдегі мәртебесі мерейлі мемлекет ретінде қарсы алып отыр», – деген мелекеттік хатшы Елбасының нұсқауымен Ұлттық қордан 10 млрд. доллар дағдарысқа қарсы бағдарламаны қаржыландыруға бағытталып отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, еліміздің дағдарысқа қарсы бағдарламасы макроэкономиканы және қаржылай тәуелсіздікті қамтамасыз ету, жылжымайтын мүлік нарығындағы түйіндерді шешу, шағын және орта кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік кепілдікті қолдайтынын жеткізді. Оған қоса Елбасының «Дағдарыстың кілті» атты мақаласын талдай келіп, ондағы әлемдік экономикалық тәртіптің соны үлгісін көруге болатынын, әлемнің бір қатар басшылары мен танымал экономистері тарапынан Президентіміздің әлемдік біртұтас валюта енгізу туралы идеясының қолдау тапқанын атап көрсетті. «Бұл форум адамзат дамуының күрделі кезеңінде өткелі тұр. Қазақстан әрдайым қазіргі заманның қадау-қадау түйінді мәселелері талқыға түсетін мәслихат мүйісі болып келеді. Мұнда әлем жұртшылығы үшін көкейтесті түйткілдерді талқылау, оларды шешудің тың амалдарын іздестіру дәстүрге айналған. Сіздерге пайымды пікірталас, күрделі кезеңде келешекке деген сенім тілеймін», – деп қорытындылады сөзін.
Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз алған Еуразия медиа форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева өткен жылы әлемде орын алған оқиғаларды шола келіп: «Күн сайын жаңалықтар тағы бір қақтығыстың жаңа мүйісін табады. Өлім мен зорлық-зомбылық, тіпті, мектеп пен бала-бақшаны да талғамай барады» деп өткен жылғы Оңтүстік Осетия, Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар зардабына тоқталып өтті. «Дағдарыс тұсында ең жаманы байбалам мен теріс көңіл-күйдің жетегінде кету», – дегенді айтып қалды.
Форумның алғашқы мәжілісі – «Жаһандық экономикалық дағдарыс: аңыз бен ақиқат» атты тақырыпта өтті. Тартысты өткен бұл мәжілісте қаржы дағдарысының сипаты, қауіп-қатері жайында қызу пікірталас туды. Ал форумдағы күн тәртібіне қойылған екінші тақырып – «Жаңа капитализмді» іздеу жолында: капитализм тоқырауға ұшырап, реформа кезеңі келді» деген болатын. Алайда сарапшылар қайта-қайта қаржылық дағдарыс тақырыбына қарай ауытқып кетіп отырды.
Форумда көтерілген үшінші тақырып – «Қазіргі заман журналистикадағы шынайылық мәселесі». Мұнда қарулы қақтығыстарды халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының беру тәсілі, деректің шынайылық мәселелері, РR компаниялардың қызметі, журналистердің дерек көздері талқыланды. Осы жерде Оңтүстік Осетияда болған қайғылы оқиға жайында қарама-қайшы ақпараттардың тарағаны сарапшылар тарапынан өткір сынға ілікті. Мәжілістегі көтерілген тағы бір тақырып – «Газа аумағындағы текетіресті көрсету ерекшелігі». Екі сағатқа созылған бұл пікірсайыста Израиль жағына шыққандар да, оған қарсылық танытқандар болды.
Форумның екніші күнінде «АҚШ-тағы жаңа билік», «Медиа кеңістікті виртуалдандыру – «дәстүрлі» БАҚ-тағы дағдарыс», «Блог өндірісінің дамуы» тақырыптары сарапқа салынды. Қалай десек те төрткүл дүниенің төр бұрышынан меймандар жиналған форумда тағы да қазақ тілі қағажу көрді. Тіпті кей лауазымды тұлғаларымыздың орысшаны былай қойып, ағылшынша баяндама жасауға көшкенін де осы жиыннан көрдік.

Динара ІЗТІЛЕУ

Ақпарат