Қайратқа мінер шақ – осы(Соңы. Басы өткен санда)
Бұл алғашқыда шартқа отыру арқылы немесе шығарған бұйрық негізінде – жалақысы мол, көлденең табысы жеткілікті лауазымды қызметке орналасатындардың бәріне ортақ тәуелділік сияқты көрінгенімен – тарихқа көз салған кісі қандай заман, қай жүйеде де, оқта-текте болса да, белгілі бір топ– биліктегі өз әріптестерінің қате ұстанған бағытына қарсы шығып, қоғамдық ортаны дүрліктіріп барып басылатынын оп-оңай көре алар еді. Дәл сондай демегенмен, Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген ұран сөзін іс жүзіне асыру жолында барынша ағынан жарылып, адал сөзін айтып жүрген қоғам қайраткерлері бізде де баршылық. Олар: Қ.Саудабаев, С.Үмбетов, И.Тасмағамбетов, М.Алтынбаев, Қ.Тоқаев, М.Құл-Мұхаммед, М.Жолдасбеков, Ә.Кекілбаев, Қ.Саудабаев, Ө.Шөкеев, О.Сәпиев, Қ.Көшербаев, Б.Сапарбаев, Қ.Сұлтанов, Б.Жексенбин, Е.Сағындықов, Б.Қуандықовтар. Бұл ұлтжанды азаматтардың –түптің түбі мемлекеттік тілдің мерейін асыратындарына халқымыз еш шүба келтірмейді.
Бұған қарағанда орташа дәрежедегі қызметті атқаратын зиялылардың біразының ұстанымы ұлт мүддесімен сәйкес келіп жатса, енді бірсыпырасының көзқарасы алақұла, тұрақсыздау, екіұшты сөйлейтін жалтақ, тіпті кейбіреулері бұрыс пікірінің өзін басы жерге жеткенше дұрыс деп дәлелдеуге құмар тыраш та болып келеді.
Ал халықтың биліктегілерге қоятын талабын кез келген ортада жасқанбай айтатын да, сол үшін қандай қиындыққа баруға даяры да, сан жағынан басымы да лауазымсыз зиялылар.
Бұл жерде біз – кейбір елдегі қайраткерлердің мемлекеттік тілді заң күшімен мемлекеттің қатынас құралы етуден күдерін үзген кездерде әдепкі қарқында орташа дәрежелі қызметтегілердің шынайы жанашырларын іріктеп, лауазымсыз зиялылардың бәрін бауырына тартып барып халықтың бетін өзіне бұра алғандарын еске түсіріп қана отырмыз.
Ал енді солай-ақ бола қалсыншы дейікші. Тіпті жоғарыда айтып өткендей жеке ұлы тұлғалар өзінше өмір сүріп жатқан зиялы кісілерді қатарға тартып қара көбейтсін-ақ. Үндеуді де үгітшілер Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратып, қалың бұқара ішіне мемлекеттік тілдің қажеттігін үгіттеп түсіндірсін-ақ. Сосын ше? Сонымен шаруа біте ме?
Әрине жоқ! Бірақ оны білу үшін әуелі халық пен биліктің әрқайсысының атқара алатын құзырындағы міндетке ептеп те болса жеке-жеке тоқталып көрейікші. Өйткені біздің еліміздегі мемлекеттік тіл жайындағы түрлі әңгіме халық пен биліктегілердің арасындадағы нағыз құйтырқы саясаттың қандай болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр емес пе. Тек әзірше қайсысының қай кезде түбегейлі жеңіп шығатыны ғана беймәлім. Солай дегенмен қазіргі шақтағы үстемі билік екені де даусыз, олар негізінен түрлі саяси тәсілмен әлгі зарилеп айтқанын істете алмай жүрген халықтың атын жамылып, елді басқарудың құқын жеңіп алғандар ғой. Сондықтан да олар бұйрық беріп үкім оқып, заң шығарып, түрлі қаулы-қарар қабылдай алады. Егер оған да бой бермейтіндер көбейген жағдайда қызметін төмендетуден, күштік құраммен қыр көрсетіп шара қолданудан, тіпті қажет кезде жазалаудан да тайынбайды. Ал әлгі биліктегілерге өзі құқық берген қалың бұқара мұның бірде бірін істей алмайды. Өйткені заң-зәкүннің бәрі солардың жағында.
Бұған қарап халық биліктегілердің алдында мүлде дәрменсіз екен деген ұғым тумауы керек. Олай ойлайтындар қатты қателеседі! Биліктегілерге өзі өкілеттік берген халықтың енді кеп соларға ықпал етуі мүмкін емес дегенге кім сенеді. Оған мансапқа қолы жеткендердің билік баспалдағының қай жеріне дейін көтерілмесін, қай кезеңінде қызмет атқармасын егер халық қолдаса ғана қуатты да; қолдамаса түкке аспай қаңғып қалатынының өзі-ақ дәлел емес пе. Олардың қолындағы игілік пен байлықтың бәрі түптеп келгенде халық игілігіне жатады, егер тетігін тапса. Табылмаса биліктегілердікі. Әсіресе сайлау кезіндегі үміттілер – биліктегілердің тізіміне еніп алғаннан кейін өз мойнына алған жауапкершілігін біртіндеп ұмытып дандайси бастаса, халық ол ағаттықтарын сезіндіретіндей тегеурін көрсетіп бақылауға алмаса, онда биліктегілердің кейбірінің ойына келгенін істеулері де бек мүмкін. Тіпті судың да сұрауы болатынын ұмытып, ортақ қазынаны өз мүлікіндей оңды-солды жұмсап, өздерінен ауысқанды көрінгенге үлестірулері де ықтимал. Мұндайда: «Ондайлар құдайдың қаһарына ұшырасын, Жаратқан Алла біздерді ақылсыз биліктегілерден арылта гөр!» – деп тілек тілегеннен басқа не айта аламыз.
Осы жерде ескертетін бір нәрсе бассалып билікті қаралаудың қате болатыны. Бұл билік пен биліктегі мансап иелерін шатастырудан орын алған теріс түсінік. Себебі халықсыз мемлекет болмайтыны сияқты, биліксіз де мемлекет болмайды. Бәлки әу баста билік тізгініне қолы жеткен біреу түрлі тобырды жиыстырып халық атады, немесе халық ұйымдасып бірігіп өмір сүру үшін билікті ойлап тапты, ол жағын ғалымдар анықтай жатар. Қазіргі бізге қажеті қалайда екеуі бірігіп қана бір мемлекеттің негізін құрайтын жеке-жеке базис те; билікті құрайтын мансап иелері мен халықты құрайтын жеке кісілердің – мерзімдік қана қауқары бар қондырғы екені. Бұл жердегі заңдылық алғашқы екеуінің қандай қоғамда да өзгермейтіні болса, соңғы екеуінің үнемі атқан таң, батқан күн тәрізді жылжып ауысып, өзгеріп тұратыны.
Демек, бұл – мәселе билікте емес, мәселенің қалай шешілетіні мансап иелерінде екенін көрсетпей ме. Сондықтан да биліктің ұшар шыңына көтерілген кісінің әр дәуірде ұстанатын саясаты мен экономикалық бағыт-бағдары халықтың бағы мен сорының да көрсеткіші болатыны. Тәңірі жарылқап басшы дана шықса, халық бақуатты. Шықпаса кедей, сорлы. Сондайда өзгелерден бой мен ой оздырған жеке тұлғалар халық арасынан шығып амалын қарастырып, мейманасы тасқан биліктегілерді тәубасына келтірмесе, халықтың ұзақ уақыт бойы жұтаң өмір сүретіні. Өркениетті елде мұндай кезде кәсіподақ пен оппозициядағы партиялар бірігіп шеруге шығып жатады. Әзірше бұл саладағы сабаздардан біздегі кісілердің үміттенбегені абзал.
Рас, халық биліктегілер сияқты бұйрық беріп, қаулы-қарар қабылдатып, үкім шығара алмайды. Есесіне жеке кісілер үндеу сөзіне сүттей ұйып, үгітшілер насихаттаған ұсынысқа пікірі тоқайласқан жағдайда көп жалқы бір жалпы «халық» атанып ғаламат күшке айналса, басқасын айтпаған күннің өзінде биліктегілердің қандайын да ең кемі мәжүбүрлей алады.
Биліктегілерді мәжбүрлеу біз ойлап тапқан жаңалық емес. Дүние жүзінде бар тәжірибе. Оған М. Ганди мен Н. Мандейлдің әрқайсысының өз елін ұлттық тәуелсіздікке жеткізулері, Балтық жағалауы елінің орыстардың қасарысқан қарсылығына қарамастан халықтың талап етуімен мемлекеттік тілді батыл енгізуі мен мына тұрған өзбек ағайындардың өз тілін ұлт болып қадірлеуін айтсақ та жеткілікті. Сонау жылдары Кеңестер одағы кезінде орыс шовинистерінің өздерінен басқа ұлттың тілін қалайда біртіндеп түрлі амал-айламен жоюға кіріскенін, орысша оқып, орысша жазғандар ғана қызметтен өсіп, ұлттық мектептерде білім алғандардың солардың қара жұмысын істейтін тобырына айналып жатқанын көре-біле тұрса да, болашақтан үмітті өзбек бауырларымыз өзбекше гәпіргендерді бауырына тартып, орысша шүлдірлегендерді қандай ұлт өкілі екеніне қарамай сыртқа тепті емес пе. Ө¬збектердің бұл әрекетін Мәскеудегілерден бастап, биліктегілердің бәрі қырына алғанына қарамастан ұлттық мүддені қорғаған азаматтың қай-қайсысын да өзбектер ел болып дәріптеп, бүкіл халық болып қолдап кетті. Бұл үйренем деген адамға таптырмайтын үлгі, биліктегілер іштей бүліне бастаған жағдайда мәселені халықтың қолдауымен шешудің қажеттігін көрсететін бірден-бір төте жол емес пе. (Сол кездегі орыс ұлтшылдары ұстанған саясаттың ығына жығылған қазақ оқығандары баласын орыс мектебіне қарай сүйреген. Басқа тілде тілі шығып, білім алған баланың санасы бөлек ұлттың дәстүрі бойынша қалыптасып, ақыр түбі азғындап тұқымының құрып кететіні де ешкімді ойландырып жарытпаған. Олардың жалғыз арманы: «Қалайда балам тоқ жүрсін», – болған. Қазіргі кезде солардың азғындаған ұрпағының қасіретін бүкіл қазақ халқы тартып отыр).
Бұлайша өзгелерге тамсануымыздың сыры әзірше өзімізге қатысты істің үдесіне шығудың мүмкін болмай тұруына байланысты. Әйтседе көрші отырған біраз ұлт бұл мәселені түбегейлі шешіп жатқанда қазақ қол қусырып қарап отырды десек күнәкар болар ек. Елді етектен тартар мін, ерге сын деп басын бәйгеге тіккен азаматтар қай кезде де болды, құдайға шүкір, қазір де баршылық. Қара сөздің хас шебері Шерхан Мұртазаның кезінде Парламент депутаттарының алдында сөйлеген сөзі соның бір дәлелі. Мұндай сөзден кейін биліктегілер мемлекеттік тіл туралы жаңа заңды қабылдатуды күн тәртібіне қоюлары керек-ақ болатын. Бірақ сабаздардың беттері бүлк еткен жоқ. Бұл іске бірыңғай бел шешіп кірісіп жүрген талантты ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қаделі сөздері де қор болуда. Философ-ғалым Амангелді Айталының ұлттық қоғамның сырына үңіліп жасаған пайымдары да ескерусіз қалуда. Тарихи сананы көркем бейнелеудің зергері Смағұл Елубайдың тіл туралы жазған мақалалары мен айтқан сөздері де ескерілмеуде. Орыс, қазақ, немісті бірдей тамсантқан дара пікірлі, дарынды жазушы Герольд Бельгердің салмақты ойы халықтың қанын қыздырғанмен биліктегілерге шаншу болып қадалған сияқты. Ұлты әзірбайжан, жаны қазақ Асылы Османның: «Мемлекет өзінің мемлекеттігін сақтау үшін мемлекеттік тілі болуы керек» – деген жанайқайы да биліктегілердің құлағына жетер емес. Жоғарыда аты аталған бір кездегі азғантай топтың қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны соншалық қазіргі кезде бірнеше мыңдап саналады десе де болады. Олар да қарап жүрген жоқ, биліктегілердің жағасына жармаспадың демесек, басқа айласы таусылған.
Бұл нені білдіреді? Бұл мемлекеттік тіл мәселесін шешуге келгенде осы мәселеге жауапты кейбір іс басындағы азаматтардың көзі соқыр, құлағы керең екенін білдіреді. Олай болса, өзбек бауырларымыз сияқты қазаққа халықтың өзіне сүйенгеннен басқа не амал қалды, айтыңдаршы!
Халықтың ықыласына бөлену үшін алдымен қазақ тіліне қатысты барлық бірлестіктің, қоғамның, қордың басшысы мен мүшесі тегіс бұл істі бірінші болып қолға алғаны дұрыс. Өйткені олардың әрқайсысы ұлтық тілдің жанашыры болумен қатар, жеке тұлғасы да. Нағыз мемлекеттік тілдің жанашырлары ендігі жерде ішкі қыжылдарын басу үшін теледидарға шығып пікір айтып, газет-журналға сұхбат берумен шектелмей, елмен жүздесіп, әйтпесе хат арқылы хабарласып қазақ деген ұлы халықтың болашағы біреудің емес, өз қолында екенін түсіндіргендері жөн. Ішін бермей сыртын берген биліктегілерге заңды өзгертейік деп өтініш жасауды да азайтқан абзал. Оның есесіне қатарын зиялы кісімен, ынталы топпен, үгіт-насихатшымен молайтып Ата заңда жазылған мемлекеттік тілдің үстемдігін орнатудың уақыты жеткенін, енді кешіктіру қатерлі екенін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгілердің санасына сіңіре білу шарт. Ұлы Дала перзенттерінің рухын аспандататын осы бір ақыл-ойдың үдерісі арқылы тілмен айналысатын түрлі ұйым бірігіп әрбір облыс орталығы мен ірі қаладағы мемлекеттік тілді насихаттайтын үгітші санын ең кемі мыңға, аудан орталығында жүзге, ауылдық жердегіні онға жеткізіп, оларды тізімдеп, бақылап отыруға тиіс. Осындай аз уақыт ішінде жүзеге асатын іс-шара арқылы алдымен ұлттық сананы кемелдендіріп алып барып, кез келген қазақ бір-біріне кездескен кезде былай деп айта алатын дәрежеге көтерілулері керек:
– Елбасы айтқан: «Қазақ, қазақпен қазақша сөйлес»! Мұны ғасырлар бойы отарлаушы елдің тепкісі мен теперішін көріп, санасы әжептәуір өзгерген, намысы әбден тапталған ұлттың енді қайтадан ес жиа бастаған шақтағы сонау бағзы замандардағы өзінің ұлық мәртебесін қалпына келтіру мақсатында айтылған ұран сөз деп қабылда. Кез келген зиялы қазақ осы мақсатта жалтақтамай, үгіт- насихат жүргізуге уақытыңды аяма, түптің-түбі Жаратқан Иенің мейіріне бөленсін.
– Қазақ, қазақпен отбасында ғана емес, Қазақстанның Батысы мен Шығысында, Оңтүстігі мен Солтүстігінде, яғни барлық аймағында, тек мемлекеттік тілде ғана сөйлес, аттаған сайын ұшырасқан әрбір жеке кісінің санасына қазақша сөйлудің маңызын сіңіріп отыр.
– Қазақ, жоғарғы оқу орындарында, техникумда, коледжде, мектепте, балабақшада орысша араластырмай таза өз тіліңде сөйле және оны мақтаныш ет. Өзіңнің қазақ халықының ұлы мен қызы екеніңді басқаларға мойындат!
– Аллаға мінажат ету үшін мешітке жиналатын қазақ ұлтының жамағаттары, қасиетті Құран Кәрімнің сөзін халқыңның жүрегіне түсінікті етіп терең жеткізе алатын ана тіліңді уағызда. Алланың жердегі елшісі Елбасының: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,– деген сөзн насихаттауды әрбір муминнің парызы деп біл.
– Қазақ, көшеде, дүкенде, аялдамада, түрлі көлік ішінде тек ғана мемлекеттік тілде сөйле. Қазақты орысша сөйлету оны ұлт есебінде жер бетінен мүлде жойып жіберу үшін отарлаушы ел бірнеше ғасыр бойы жүргізген саясаттың нәтижесі екенін есіңнен шығарма.
– Қазақ, іс қағазын тек ғана мемлекеттік тілде жүргіз, толтыр, жаз. Кезкелген банкпен, зауытпен, фабрикамен, кәсіпорнымен, шет ел инвесторымен, тіпті жеке жұмыс берушімен де шартты мемлекеттік тілде жаса. Есеп беруді (отчет), арыз-шағымды мемлекеттік тілде жаз. Мемлекеттік тілде құжат толтыр. Орыс тілділерден қарсылыққа ұшырай қалған жағыдайда заңмен қорғалатыныңды ұмытпа. Мемлекеттік тілде сөйлеп, іс қағазын мемлекеттік тілде жүргізу ұлттыңның рухын көтеріп қана қоймай, ел экономикасында болып жатқан есепсіз ұрлықтың жолын кесетін бірден-бір амал екенін ескер.
– Қазақ, тағдырдың тәлкегіне ұшырап мемлекеттік тілді меңгере алмай қиналып жүрген қандас бауырларыңды «мәңгүрт», «көзқаман», «қара орыс» деп арына тимей сөйле. Олар империялық саясаттың құрбандары. Оларға жығылған үстіне жұдырық болмай, қайта қолұшын созып, мемлекеттік тілді тезірек меңгеріп кетулеріне атсалыс.
– Қазақ, мемлекеттік тілді толық меңгеріп үлгермегеніне қарамастан мемлекеттік тілде сөйлеуге құлшынған басқа ұлт өкілдерін мейлінше құрметте. Ол қазақ атаулының мәртебесін көтеретін, мәдениетілігін көрсететін есті әрекетке жататынын ескере жүр.
– Қазақ, қай жерде жүрсең де өз ұлтыңның әні мен күйін тыңда. Ұрпағыңның санасын сонымен қалыптастыр.
– Қазақ, орысша жөн сұрағандарға, әңгімеге тартқысы келетіндерге жауап бермей үнсіз теріс айналып кет. Оларға тұра қалып: «Неге мемлекеттік тілде сөйлемейсің» – деп реніш білдіру әлсіздік. Ал үндемей сыртыңды беріп жүріп кету үлкен ескерту деп біл.
– Ақпарат құралында қызмет істейтін қазақ қаламгері, мемлекеттік тілге көшкен ұжымды, жеке кісіні, оқушыны, тіпті кішкентай бүлдіршіннің өзін мақтаныш ету, теледидардан көрсетіп, радиодан сөйлету, газет-журналға жазып насихаттау сендердің азаматтық борыштарың.
Бұл шындап қолға алып, ел ішінде үгіт жұмысы жүріп кеткен жағдайда бірер жыл ішінде-ақ өз нәтижесін беретін қайырлы іс болатынына күмән жоқ. Оның дәлелі егер мемлекет тұрғынының 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілді құптаған жағдайда биліктегілер қанша тырысқанмен халықтың қалауымен санаспасқа шарасы қалмайды. Яғни лажсыздықтан мәжбүр болады. Ол ол ма, қазақтың нанын жеп, суын ішіп отырған басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренбей жүргендеріне ұялғандарын да сол кезде көреміз. Тек, ынталы дара тұлғалар батасын беріп, зиялы кісілер оған имандай ұйып, тіл жанашырын тегіс дүр көтеріп жолға салып жіберсе бітті. Ал Ұлы Даладағы қалың ел – өзгенің емес, тек қазақ деген халықтың бойындағы ұлы күшке ғана сеніп– ауызбірлік пен мардымды әрекетке бастайтын дара бітімді, дана ойлы ұл-қызын – сонау ұлттық үдерістен айрылған жылдардан бері қарай, бірнеше ғасыр бойы сарғая күтіп дайын отыр десе де болады.
Адам Мекебайұлы,
жазушы