Сап түзеген сарбаздар
Конституция күні биыл бүкіл қазақстандықтар үшін есте қаларлықтай болып өтті. Ата Заңымыздың 14 жылдығы тұсында тұңғыш рет әскери техникалардың қатысуымен Астанада, еліміздің бас алаңы «Қазақ елі» монументінің алдында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған әскери шеру өтті. Оған Мемлекет басшысы, Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Бұл күні таңертеңнен алаңға ағылған халықта есеп жоқ. Бас алаңда құдды Елорданың тең жартысы жиналғандай, қара-құрым халықтан аяқ алып жүргісіз. Әншейінде қабағынан түнеріп тұратын ақшаңқан бұлттар да еліміздің әскери күшінің мықтылығын сезінгендей сейіліп, күн көзі шайдай ашық болды. Мұнда әскери шеруді тамашалауға қала халқымен қатар мемлекет басшылары, депутаттар, соғыс және еңбек ардагерлері, түрлі сала қызметкерлері мен кәсіп иелері, студенттер иық тіресе жиналған.
Сағат тілі 11.00.-ге келгенде алаңға келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отырған кортежді жиналған жұрт үлкен қошеметпен, ду қол шапалақтап қарсы алды. Елбасының келгенін хабарлаған диктордың үні тоқтағасын, Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Нұрлан Жоламанов мінген автокөлік алаңның ортасымен өзіне қарсы беттеген Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің көлігіне қарай жүрді. Ол министрге әскердің шеру жасауға дайын екендігін баяндады. Осыдан кейін Шеруді қабылдаған Қорғаныс министрі қаз-қатар сап түзеген әскер бөлімдерімен жеке-жеке салтанатты түрде амандасып, Конституция күнімен құттықтады. Жауынгерлер жалынды дауыстарымен «Саулығыңды тілейміз, министр мырза!» деп сәлемдесіп, үш қайтара жалынды дауыспен «уралап» отырды. Содан соң министр алаңдағы Бас мінбердің алдына барып, Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевқа әскердің шеру жасауға дайын екендігін баяндады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұнда барша Қазақстан халқын айтулы мерекелерімен құттықтады.
Елбасының жүрекжарды сөздерінен соң әскери шеру басталды. Шеру қолбасшысы, генерал Нұрлан Жоламановтың берген бұйрығымен екі мыңнан астам офицерлер мен сарбаздар қарышты қадамдарымен, жүз жиырмадан артық әскери қарулар мен техникалар, 40-тан астам әскери-әуе күштерінің бірліктері миллиондаған қазақстандықтардың жүрегінде мақтаныш сезімдерін тудырып, өтіп жатты. Шеруді бірінші болып бастап өту құрметі Қазақстан әскерінің кәсіби сержанттар құрамын дайындайтын Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусының тәрбиеленушілеріне бұйырыпты. Оларды полковник Жәнібек Шәріпов бастап өтті. Бұдан кейін Құрлық әскерлерінің Алматыдағы Әскери институтының курсанттары сап түзеді. Институттың 500-ден астам түлегі мемлекеттік марапатқа ие болған. Олардың арасында «Халық қаһарманы», Ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та бар.
Бұлардан кейін жүріп өткен Радиоэлектроника мен байланыстың әскери-инженерлік институтының курсанттары да көз қарықтырады. Институттың әскери туын осы оқу орнын үздік бітірген лейтенант Қайрат Ахмет көтеріп өтті. Әскери-әуе шабуылына қарсы мамандар дайындайтын Орталық Азиядағы жалғыз оқу орнында байланыс пен автоматты басқару жүйесінің инженерлері де дайындалып шығады. Қазақстанның әуе кеңістігін қорғауда ерекше еңбек сіңіретін олардың еңбектерін халқымыз жоғары бағалайды.
Келесі кезекте алаңда генерал-майор Мүсілім Дайыров бастаған Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының офицерлер тобы келеді. Олар ерлікке, батылдыққа, Отанға адал қызмет етуге үндейтін қасиетті «Офицер» атауына лайықты. Барлық ғұмырын ел қорғау ісіне, армияның қорғаныс қабілеті мен шеберлігінің артуына арнаған жандар.
Салтанатты қадаммен адымдаған Жаяу әскерлер офицерлерінің тобы – Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі түрі. Бұлар бүгінгі күні ең заманауи озық қару-жарақпен және техникалармен қамтамасыз етілген. Шеру қатарын осы әскердің бас қолбасшысы, Ауған соғысының ардагері, төрт бірдей әскери орденнің иегері, генерал-лейтенант Сәкен Жанұзақов алып өтті.
Алаңға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері қадам басты. Сондай-ақ шеруге «Сарыөзек» горнизонына қарасты механикаландырылған бригаданың жауынгерлері қатысуда. Топты әскери бөлім қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал-майор Мұқан Дүйсекеев бастап келді.
Келесі болып алаңда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлерінің қатары сап түзеді. Жұрт алдында жігерлі, нық қадаммен қарыштаған бұл қолбасшылық 1992 жылдың қараша айында ең бірінші болып құрылған әскери корпустың негізінде қалыптасқан. Сапты «Даңқ» орденінің иегері, генерал-лейтенант Николай Поспелов бастап өтті.
Алаңда тізбектелген келесі әскерлері сапы «Астана» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері. Оларды алаңға қолбасшының орынбасары, полковник Белмұрат Жаруллаев бастап шықты. Бұл сарбаздардың қатарында 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан ҰОС ардагерлерінің немерелері Бақытжан Бахриден, Асхат Айдарханов және Руслан Жакетовтер бар.
«Қанатты жауынгерлер» деген атақ алған еліміздің аэро-ұтқыр әскерінің тобын генерал-майор Әділбек Алдабергенов бастап өтті. Еліміз қорғанысының мызғымас тіректерінің бірі гвардиялық-десантшылар Ирактағы бітімгершіл операцияларына да қатысып, абыроймен оралды. «Қазбатшылардың» кәсіби дайындығы мен шеберлігі ең жоғары баға алған.
Алаң ортасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрмет қарауылы да бой көрсетті. Оларды Әуе-десантшылар бригадасының командирі, 2 дәрежелі «Айбын» орденінің кавалері, полковник Дулат Адырбеков бастады. Осы Құрмет қарауылының саптық жаттығуларды шебер орындауына қарап, еліміздің Қарулы Күштерінің қуатын байқауға болады.
Салтанатты маршпен Әскери-әуе күштері офицерлерінің легі көрінді. Олар өздеріне жарасқан сәнді формасымен, керемет әсер беріп келеді. Қатарында еліміздің ең үздік ұшқыштары мен штурмандары, инженерлері мен техниктері, зенитті-зымыран мамандары бар сапты «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Оқас Сапаров алып шықты.
Одан әрі шеру екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері институтының курсанттарының жіптей тізілген қатары жалғастырды. Аталмыш оқу орнынан бүгінгі таңға дейін бес мыңнан астам маман қанаттанған. Солардың арасында «Халық қаһарманы», ұшқыш-ғарышкер, генерал-майор Талғат Мұсабаев та бар.
«Қара беретшілер» атанған «Батыс» өңірлік командашысы әскерлерінің өкілдерін генерал Әмір Қалықов бастап шықты. Олар халыққа өздерінің ерлік істерімен танылған. «Қара беретшілердің» арғы негізі болып табылатын Ақтау теңіз-жаяу әскерлері бригадасы кезінде Сталинград шайқасына, Австрия мен Венгрияны жаудан азат етуге қатысқан.
Енді бір кезекте Елбасының жеке бастамасымен құрылған Әскери-теңіз флотының офицерлер қатары адымдады. Бірінші рангілі капитан, Әскери-теңіз күштері қолбасшысының орынбасары Серіққали Бимұрзаев бастап шыққан олар Отанымыздың теңіз шекарасын сенімді күзетіп тұр. Бұл офицерлер құрамы 2006 жылы Оңтүстік Корея портынан Қазақстанға күзет кемелерін жеткізу сияқты аса маңызды тапсырманы абыроймен жүзеге асырды.
Генерал-майор Марат Мәжитов бастап шыққан Шекара қызметі әскерінің сапы да бой көрсетті. Елдің шетін жаудан күзетіп тұратын бұл әскерлер қатарынан күні бүгінге дейін жүзден артық қызметкер Отан наградаларын алыпты. Бүгінгі күннің талабына сәйкес өздеріне жүктелген жаңа міндеттерді шекарашылар үлкен абыроймен атқарады. Шеру сапында ҰҚК әскери институтының курсанттары да болды. Ал Шекара қызметі Бас штабы бастығының орынбасары, контр-адмирал Кенжеберген Әбікеев бастаған Шекара қызметі теңіз дивизиясының шекарашылар сапы алаңда тіпті ерекше адымдап, қарыштап қадам басты.
Бұдан кейінгі де шеруге іркес-тіркес шыққан әскери топтардың қай қайсысы да егеменді елдің ерен ұландары екенін танытып өтумен болды.
Ақыры, көптің асыға күткен әскери-әуе күштерінің шеруіне де кезек келді-ау! Алғашқы болып аспанда Мемлекеттік ту мен Әуе-қорғаныс күштерінің жауынгерлік туларын желбіреткен Астана қалалық «Арабас» авияциялық эскадрилясының екі Ми-17 тікұшақтары қалықтап ұшып өтті. Кейіннен құрлық әскерлерінің ұтқырлығын арттыратын көп мақсатты жаңағыдай төрт Ми-17 тікұшақтары ұшты. Бұл әуе машиналарының штурвалында майор Еркін Мақышев пен капитан Мақсат Алтынбаев отыр. Тікұшақтардың және бір звеносы әуеде қалықтағаннан кейін ауыр әскери техникаларды таситын Ми-26 тікұшағы да көрінді. Әлемдегі ең алып және қуатты бұл тікұшақ. 20 тоннаға дейін жүк көтере алады және десантшыларды әскери техникасымен бірге көздеген жерге жеткізе алады.
Л-39 оқу-жаттығу ұшақтарының бастауымен әскери-көліктік Ан-26 ұшағы әуеде көрінді. Әскер мен әскери техникаларды жедел түрде алысқа тасымалдауға арналған бұл техниканың штурвалында бірінші сыныпты ұшқыш, полковник Марат Оразбеков отырды. Аспанда от шашу шашып өте шыққан мұндай әуе көліктерін төмендегі жұртшылық қызыға тамашалады. Тура осындай Л-39 ұшақтарының келесі легі аспанда ұшып өткесін, кезекте Су-25 штурмовиктерінің 4 данадан тұратын звеносы көрінді. Бұл ұшақтар жауды күндіз ғана емес, түнде де, ауа райының қандай да бір қолайсыздығына қарамай жойып жібере алады. Және бұл әуе машиналары жас ұшқыштарды соғыс ұшақтарына дайындау үшін пайдалынылады.
Алғы шепте әскери бомбалаушы Миг-27 истребительдерінің 8 данасы бірдей әуеге көтерілгенде Елорда көгінде күшті де қуатты гүріл орын алды. Бұл ұшақтар әуеде қалықтағанда төменде тұрған халықтың бойын үрей билеген тәрізді. Бұндай әеу көліктері қарсыластың жасырынған жер үсті нысандарын жойып жіберуге арналған. Истребительдердің бірінші звеносын подполковник Сергей Мязин, екіншісін Александр Самохин бастап келді. Осыдан кейін көк жүзінде командир Нұрлан Қабенов бастаған Миг-31 ұстап алушы истребительдерінің звеносы қалықтады. Алыс-жақын қашықтықтардағы әуе шабуылына арналған жоғары жылдамдықтағы Су-27 ұшағының төртеуі де аспанға көтерілді. Олар қатар ұшып келді де кенет жоғарғы пилотаждың үлгісін көрсетіп, «Бәйшешектің ашылуы» атты көрініс жасап, төрт тарапқа бөлініп кетті. Бұлардың ізін ала МИГ-31 мен Су-27 истребительдері аспан көгіне ұшып шықты.
Бүкіл Елорда халқын көптен бері қызықтырған әскери шеруді біріктірілген әскери үрмелі оркестрі аяқтады. Нық сеніммен алаңда қарыштай адымдап жүріп өткен оркестр тіпті тамаша көрініс берді.
Міне, осылайша, Елбасымыз, Жоғарғы бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен жабдықталып әрі дамып келе жатқан әскеріміздің Конституция күні құрметіне шеруі де мәресіне жетті. Ел тыныштығын қорғап тұрған мынадай айбынды Қарулы Күштеріміздің қуатты бейнесін көргенде жастарымыздың намыс оты, қарттарымыздың жандары жасарып қалды.
Бейбітгүл ИСАЕВА
Астана


