ЕҚЫҰ және Қазақстан

29-Қыркүйек. 2009

anatili.kz23 қыркүйекте Алматыда Қазақстан саясаткерлерінің 2-форумы ашылды. Жиында елмізде және шетелде болып жатқан саяси оқиғалар мен процестердің ғана емес, сонымен қатар саясаттану ғылымының толғақты мәселелері талқыланды. 2001 жылы өткен алғашқы конгрестен бері елімізде талай өзгерістер орын алғаны белгілі. Десе де ашық қоғам құру, саясаттану ғылымын қазақыландыру, маман даярлау сынды бағыттарда әлі күнге дейін шешімін таппаған тұстар көп. Осы орайда тәуелсіз елдің жаңа мыңжылдықта алға қойған мақсат-талаптары да аз емес. Солардың бірі де бірегейі еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Осыған орай білікті мамандар жиналған басқосуда аталған тақырыптың жібін тарқатып көрген едік.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары:

– Біріншіден, ЕҚЫҰ – сан түрлі мүдделер тоғысқан, ауқымды істер атқарылып отырған  ірі саяси алаң. Сондықтан мұндай салмақты ұйымға төрағалық ету – еліміз үшін үлкен тәжірибе. Екіншіден, біз Қазақстандағы  ұлтаралық татулықтың өзіндік моделін,  «Мәдени мұра» сынды маңызды жобаларды насихаттап, Еуропаға көрсету мүмкіндігіне ие боламыз. Үшіншіден, Еуропадағы соңғы жылдары қылаң берген кейбір келеңсіз жайттардың оң шешімін табуына игі әсер ету арқылы егемен еліміз әлемдік қауымдастықтағы беделін арттырары анық.

Осы орайда, халықаралық саясаттың геосаяси, ұлттық мүдделер, табиғи байлықтар үшін күрес, өзгелерге бақылау орнатуға деген ұмтылыстардан тұратыны белгілі Сондықтан бүгінгі саясаткерлердің негізгі міндеті ұлттық мүдделерді әлемдік аренада қорғау мәселелеріне негізделуі керек. Бұл жерде мамандар көмегіне мұқтаж басты бағыттың бірі – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Бұл шешім ТМД елдері үшін тың серпін бергені анық. Дегенмен ЕҚЫҰ тізгінін ұстау елімізге, Астанаға халықаралық, стратегиялық міндеттерді жүктейді. Себебі аталған мақсат жолында Қазақстан әлемдік саясат пен стратегиялық қауіпсіздіктегі көптеген мәселелермен бетпе бет келетіні сөзсіз. Ал ЕҚЫҰ-ның геосаяси кеңістігі көпшілік жағдайда ортақ мүддеге қабыса бермейтін түрлі саяси және әскери стратегиялық блоктарға, ұйымдарға мүше мемлекеттерден құралатынын ескерсек, ЕҚЫҰ кеңістігінде қақтығысты жағдайлардың ықтималдылығын теріске шығаруға болмайды, әрі осы жайттарға дайын болуымыз қажет. Қазақстан ЕҚЫҰ тізгінін аймақта жаңа қауіп-қатерлер қылаң берген бетбұрысты кезеңде қолға алып отыр. Сондықтан еліміздің алдында төрағалық міндетін тиімді ұйымдастыра отырып, Орта Азияның аймақтағы орнын айқындауда, Еуро атлантикалық және еуро азиялық кеңістік арасында алтын көпір орнатуда еңбек етуі қажет.

Ерлан Қарин, «Нұр Отан» партиясының Жауапты хатшысы

– ЕҚЫҰ елдегі демократия дамуын бақылайтын орган емес, ол ең бірінші кезекте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен құрылғанын ұмытпайық. Сондықтан менің ойымша аталған шешім Қазақстанның аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне қосқан үлесіне орай қабылданды.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

– Көпшілікті ЕҚЫҰ Қазақстанға не береді деген сауалдың мазалайтыны орынды. Біріншіден, еліміз халықаралық легитемденуден өтеді. Қазақстан төраға-мемлекет ретінде Еуропаға жаңа қырынан танылады. Екіншіден, қауіпсіздік бағытында карт-бланж аламыз. Өзгелерге үлгі мемлекет ретінде мойындаламыз. Үшіншіден, экономикалық-экологиялық жобаларымыздың қаржыландыруын шешеміз.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – біз үшін үлкен мүмкіндік. Мәселен 1994 жылы Қазақстан өзінің ядролық әлеуетінен бас тартты. Сол кезде Қытай, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания және Франция бес мемлекет тәуелсіздігімізге, шекаралық тұтастығымызға кепілдік берген болатын. Құжаттың қабылданғаныа да 20 жылдай уақыт өтті. Енді осы сәтті пайдаланып, жоғарыда аталған мемлекеттермен жеке-жеке аталған құжатты толықтыратын шарттар жасауымыз керек.

Құралай Байзақова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, Еуропалық ақпарат орталығының директоры

– Біздің орталықта ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге байланысты көптеген шаралар қабылданып жатыр, соның ішінде 3 жылдық ерекше ғылыми жоспар бекітілген. Студенттерге ЕҚЫҰ жайында арнайы дәрістер оқылып, болашақ маман даярлауға да көңіл бөліп келеміз.

Әзірлеген Жанар Елдосқызы

Ақпарат