Ә.Кекілбаев - ҚазҰУ-дың құрметті профессоры
21 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және ҚР Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлықтары мен Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбаевтың 70 жылдық мерейтойын атап өтті.
Мерейтойлық шара Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған «Әбіш Кекілбаев және замана шындығы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциямен ашылды. Салтанатты шараны ректор Б.Жұмағұлов ашты. Ректор өз сөзінде «Әбіш Кекілбайұлы ұлт саясатының ұраншысы, Қазақстанның мемлекеттік саясатының, қазақ саяси ойлау жүйесінің шежірешісі болды. Халық мұратын, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойды», - деді. Арнайы сөз алған қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, профессор Серік Қирабаев, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Ғарифолла Есім, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов бар. Сондай-ақ мерейтойға шетелден көптеген қонақтар келді. Олардың қатарында Германия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей, Иран және АҚШ ғалымдары бар. Пленарлық отырыстан соң, сөз өнерінің хас шебері, қайраткер қаламгер шығармашылығы жайлы «Әлемдік әдеби процесс және Ә.Кекілбаев шығармашылығы», «Ә.Кекілбаев прозасының көркемдік-эстетикалық әлемі», «Ә. Кекілбаев шығармаларындағы тарих және тағылым» үш секцияда 60-тан астам баяндама оқылды. Ғалымдар мен қонақтардың баяндамалары жазушы Ә.Кекілбаевтың әлемдік және отандық мәдениетке сіңірген ерен еңбегіне арналды. Ол - ғасыр жазушысы. Оның шығармалары жалпыадамзаттық жетістік деуге болады. Қаламгердің шығармашылығы тәуелсіз Қазақстанның қазіргі әдебиетінің дамуымен тығыз байланысты, ал оның шығармашылық мұрасы ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің «алтын қорына» кіреді. Қаламгер еліміздің Тәуелсіздік тарихын тек көркем шығармалары арқылы жазды деу, аздық етеді. Ол өзінің белсенді де, қуатты қоғамдық және саяси қызметімен тәуелсіз еліміздің тарихын жазуға ат салысты. Қазақ елі Ә.Кекілбаевтың сұңғыла саясаткерлігін бағалайды. Ол кәсіби Парламенттің тұңғыш төрағасы болып, еліміздегі парламентаризмнің қалыптасуына күш жұмсады. Мемлекеттік хатшы қызметіне де тағайындалды. Міне, бүгінде Сенат депутаты қызметінде де өз ісін ар алдындағы адалдықпен халқы үшін еңбек етіп келеді. Салтанатты шерудің шешуші сәтінде Әбіш Кекілбайұлына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми Кеңесінің шешімімен Құрметті профессор дипломы мен мантиясын табыс етілді.