Тәтті құбылыс теоретигі

14-Қаңтар. 2010

Тәтті құбылыс теоретигіЖурналистикаға қарай қадам басқан кез-келген талапкердің өмірдегі ұстаздары үш топқа бөлінеді. Біріншісі – университет қабырғасында білім берген барлық ұстаздарыңның арасынан алабөтен суырылып шығып, сені машақаты көп мамандықтың ұңғыл-шұңғылына асқан шыдамдылықпен жеке баулитын адам. Екіншілердің қатарына жазу өндірісіне барғаныңда өзіне етене жақын тартып, көрген-білгенін айтып, сөз өнерінің қыр-сырына тәрбиелеген тәжірибе иесін жатқызасың. Ал, үшінші топқа өзіндік өрнекті жазу стилі мен тілі арқылы сені сырттай-ақ шеберлікке шыңдайтын, табындырушылық қасиеті күшті дамыған корифейлер кіреді.

Бүгінгі сөз бірінші топқа жататын ұстаз туралы. Еліміздегі жүздеген журналист әріптесім филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашұлын «менің ұстазым» деп мақтанатынына шүбә келтірмеймін. Дей тұра, солардың бәрінен да менің бір артықшылығым бар. Бұл – өз еңбегіммен келген басымдық емес, тағдырдың маңдайыма жазған сыйы дер едім. 1977 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқытушылыққа келген ол екінші курста оқып жүрген маған радиорепортаж жанрының тарихы, тәжірибесі және теориясы жөнінде реферат жазуды тапсырып, ғылыми жетекші болды. Сол кезде жалқаулардың жалқауы болып жүретін маған төрт жыл бойы аталмыш жанрдың түгін қалдырмай, зорлықпен емес, зердеме зейін қойғыза зерттете білген оның түйткілсіз төзімділігіне әлі күнге дейін таң қаламын. Осылайша оның диплом жұмысын қорғатқан алғашқы студенті атандым. Индукциялық тұрғыдан тәрбиелеп жүріп-ақ дедукциялық тәлім бере білген ұстазым маған өмірімді дұрыс арнаға бұрғаны үшін де аса қымбатты. Сондықтан да бірінші шәкірті ретінде ерекше мақтанатыным рас. Дау жоқ, жақсы ұстазды басқалардан бұрын өзің иемденгің келіп тұратыны да оның тартымды тұлға екенін айғақтаса керек.
Әлі есімде, алғашқы лекциясын оқып болған ол бізге тапсырма берді. Белгілі бір автордың белгілі бір кітабынан конспекті жасау – барлық оқытушының беретін тапсырмасы. Жалмажан жазуға дайындалдық. Жоқ, Намазалының тапсырмасы ондай тапсырма болмай шықты: «Сендер келесі сабаққа бар-жоғы отыз жол хабар жазып алып келесіңдер». «Сол да тапсырма болып па?!» дегендей, мұғалімімізге менсінбей қарап отырмыз. Мұрын шүйіріп отырған бәріміз әп сәтте далада қалдық: «Хабар болғанда былай, бүгін таңғы сағат сегізден 23 минут 35 секунд кеткенде Байқоңырдан ғарыш кемесі ұшырылды. Бұл хабардан оқырманның білгісі келетін ең басты сұрақ – кеме неге түстен кейін ұшпады, неге түнде ұшпады, неге дәл осы уақытта ұшып тұр? Сендер өздерің жазатын хабарда бәрінен бұрын осы сұраққа жауап беруге тиістісіңдер». Ал, керек болса?!
Әлгінде ғана хабарды он минутта жазып тастайтындай болып отырған бәріміз абдырадық та қалдық. Ол да ештеңе емес екен. Қуырдақтың көкесі кейін болды! Қарамаған кітап қалмады. Газет біткеннің бәрін ақтарып шықтық. Бірақ, мына сұрақтың жауабын осы уақытқа дейін бір журналист жазбаған. Космонавтика тарихын бір адамдай шимайлаған Ярослав Голованов деген дөкейіңіз де бұл туралы «бірдеңе» демепті! Қойшы, не керек, осы сұрақтың жауабын таба алмай, бір ай жүрдік. Сөйтсек, алдын ала есептеулер бойынша Байқоңырдан космос кемесі дәл сол уақытта ұшырылғанда ғана салмақсыздық кеңістікке тез жетеді екен. Ал, бұл отынды үнемдеу үшін қолданылатын шара болып шықты. Осы шындыққа жету үшін біз бір ай іздендік. Осы шындыққа жету үшін қаншама кітап оқыдық, қаншама ақпаратты ақтардық. Пайда ма? Пайда. Кітаптағыны көшіргеннен көңілге қонатын не бар? Ештеңе. Ал, мына тапсырма біздің кез келген тақырыпты түбіне дейін зерттеуге құштарлығымызды оятты. Талас тудырмайды, біздің мамандық үшін ең басты қасиет – зерттей білу. Осылайша Намазалы ағай бәрімізді бірінші күннен өзіне үйіріп әкетті.
Айтары жоқ, телевизия және радио кафедрасына оқытушы болып келген беттен ол «оқыңдар» деп құрғақ ақыл айтқан жоқ. Оқуға үйрете білді. Жас та болса, өзін салиқалы ұстайтындығы, сөзді сом саптайтындығы, нені түсіндірсе де тігісін жатқызып, жетеңе жеткізе білетіндігі, студенттердің бойында жүйесіз «соқыр» оқуға әуестіктен гөрі, керісінше олардың кез келген тақырыпты зерттеуге ынтықтығын оятуға деген құлшынысы, бәрі-бәрі оның бойындағы тектілік пен парасаттылықтан хабар беретін. Аузын ашса, жүрегі көрінетін жайсаң жігіт оқытушы жауапкершілігін жете түсініп, кейде өзін қаталдау көрсетуге тырысқанымен жібек мінезін бәрібір жасыра алмайтын.
Бұл журфакта Темірбек Қожакеевтің жұлдызы жанып тұрған жетпісінші жылдардың аяғы болатын. Жұмыс әдісі темірдей тәртіпке құрылған Темірбек ағайымыз атына заты сай адам еді, жарықтық! Үзіліс кезінде сондайдан Темкеңді көре қалсақ, сымға қонған торғайлардай дәліздің екі жағына қақ жарылып, тікемізден тік тұрып, ол өтіп кеткенше ішімізден демалатынымыз қазір, әрине, күлкілі көрінеді. (Ал, ол кезде қайдағы жыртың?!) Темкең өтеді, сарбаздарын аралап жүрген сардар сияқты алшаң-алшаң басып. Бәріміз оның әйтеуір ешқайсымызға ескерту жасамай, үндемей өткеніне мәзбіз. Сабағында атымызды атап қалмаса екен деп, көміле үркіп, күй кешетініміз күні кеше сияқты. Тауман Амандосов ағайымыз да – Темкеңмен тең түспесе, кем түскісі келмейтін, түсі жылы болғанымен, сұстана қалса, ең салқынқанды, ең сабырлы деген студентіңді де састыруға қауқары жететін қарымды тұлға. Халижан Бекхожин, Зейнулла Тұрарбеков сияқты көненің көздері де тұғырдан тая қоймаған шақ. Әбілфайыз Ыдырысов пен Абдул-Хамит Мархабаевтар да – кемел кезіне келген кісілер. Несін айтасыз, кіл «сен тұр, мен атайын», өңкей керемет ұстаздар жиналған уақытта оқыған бізде де арман жоқ.
Журналист ретінде әбден қалыптасып, қарымды қаламгер дейтіндей дәрежеге жеткенде барып, осы ортаға қаймықпай келіп қосылған Намазалы Омашұлы бар-жоғы жиырма жетідегі жігіт болатын. Бірақ, шын шеберлер шоғырының ішінде жас оқытушы жұтылып кеткен жоқ. Өзін жоғалтып алған жоқ. Оны байырғы оқытушылар пәлендей елемегенсігенмен де, студенттер арасында оқу үдерісіне соны леп ала келген аға оқытушы атанды. Оның алғашқы лекцияларынан-ақ жаңаша баяндау тәсілі бірден байқала бастады. Қамшымен иіріп әкелгендей студенттерді аудиторияда ауыздықтап, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнатып барып, лекция оқитын қарт профессорларға қарағанда жас оқытушы дәрісін сұхбатқа құра білетіндігімен, сол арқылы студенттерді тыңдаушыдан гөрі, әңгімеге қатысушыға айналдырып жіберететіндігімен ерекшеленді. Амандосов пен Қожакеевтер журфак тарихындағы үлкен бір дәуір десек, қазір байқап отырмыз, Намазалы Омашұлының дәуірі сол кезден бастау алған екен.
Өзі кезінде оқып кеткен осы факультеттің осал тұстарын Намазалы о бастан білгендей ме дейсің. Бірақ, білмейтін несі бар? Баспасөз және баспа ісі жағы бір ізге түсіп қалғаныменен, телерадио жағы сын көтермейді. Кафедра деген аты ғана. Ешқандай ғылыми-әдістемелік жүйе жоқ. Тәжірибелік сабақ жүргізетін техникалық құрал-жабдықтарды күндіз майшам алып жүріп, іздесең де таппайсың. Әйтеуір, жоспардағы пән болғаннан кейін әркім бір келіп лекция оқыған болады. Радионың тарихы, теориясы мен тәжірибесі туралы қазақ тілінде бір оқулық болмаған соң, басқасын айтып не керек? Қысқасы, түрен түспеген тың даланың төсіне келгендей күй кешкен жас оқытушы кафедрадағы өз миссиясын бірте-бірте бажайлай бастады.
Оның үстіне, студент кезінде-ақ Намазалы саналы өмірін күйі күйттеуді керек ететін кафедраның көсегесін көгертуге арнауды бір адамдай-ақ ойлап жүретін. Бірінші курста жүргенде-ақ сайда саны, құмда ізі жоқтай көрінетін радиожурналистика теориясына бүйрегі бұрыла берген Намазалы түптің түбінде ғылыммен айналысқанды тәуір көрді. Алайда, албырттыққа салынып, аптықпады. Асықпады. Оқуын бітіре сала факультетте қалуға жанталаспады. Өмір көрмей жатып, өзгелерге ақыл айтуды ар санады. Болашаққа белгілеген ойының байыппен жүзеге асуына апаратын жол – “Қазақ радиосы” екендігіне көз жеткізіп, сонда жұмысқа орналасты. Ондағы ойы – шығармашылық шаһарында шабытын сынау, ең алдымен қайнаған өмірдің ортасына барып, өзін-өзі баптау, болашағы зор бұқаралық ақпарат құралының кухнясын ішінде жүріп зерттеу. Жас журналист тырнақалды туындыларымен тыңдаушы қауымға өзін таныта білумен қатар, Қазақ радиосының тарихы мен тәжірибесіне де терең үңіліп, ғылыми тұрғыдан талдау жасау жұмыстарымен де көбірек айналысты.
Қазақ радиосында жетпісінші жылдары «Толқындағы тотыяйын» деп аталатын тамаша хабар болды. Сын мен өзара сын әбден өшкен сол бір социализмнің тоқырау жылдарында сатира жанрында радио хабарын шығару кез келгеннің жүрегі дауалай қоятын іс емес еді. Осы хабарда сын садағына іліккендердің мәселесі республикалық халықтық бақылау комитетінде қаралған кездері де аз болған емес. Небір жебірлер мен сапасыз өнім өндіруге жол берген басшылар өз қызметтерінен осы хабарда сыналғаны үшін қоштасып жататын. Намазалы аталмыш хабардың редакторы ретінде талай тамаша сатиралық дүниелерді эфирден бергенін ұмыта қойған жоқпыз. Дәл осы тұста оның журналистік қыры жан-жақты ашылып, әріптестері арасында беделге ие болды. Сөз арасында айта кетер бір жайт, оның кейіннен радиофельетон жанрын теориялық тұрғыдан терең талдап, ғылыми айналымға алғаш рет қосқанына да осы іс-тәжірибесі түрткі болғаны шындық.
Тоқсаныншы жылдардың басына дейін бас-аяғы құралмай келген қазақ радиожурналистикасының теориясы мен тарихын асқан ізденімпаздықпен бір ізге түсірген Намазалы осы саланың негізін қалаған тұңғыш қазақ ғалымы десек, әсте қателеспейміз. Журналистер мен студенттерге арналған жиырмадан астам оқулықтың авторы, филология ғылымының докторы, профессор Намазалы Омашұлының әсіресе “Қазақ радиожурналистикасы” атты монографиясы – зерделі зерттеуге құрылған қомақты дүние. Бұл іргелі еңбегінде ол еліміздегі радиохабар тарату ісінің қалыптасуы мен дамуын тарихи деректер негізінде жүйелеп, кезеңдерін айқындап, жанрлар мен пішіндер эволюциясын көрсетіп берді. Сонымен бірге мұнда радиожурналистика негіздері теориялық тұжырымдалып, бүгінгі хабар таратудағы тәжірибе жинақталды. Терең талдау арқылы ол радиожурналистика жанрларының толық квалификациясын жасады. Бұқаралық ақпарат құралы ретінде радионың әлеуметтану, психология және эстетика секілді ғылымдармен тығыз байланыста жан-жақты таразыланғаны да – ғалымның көп қырлы ізденісінің жемісі.
1992 жылы жарыққа шыққан бұл теориялық туынды кезінде радиожурналистика ғылымындағы концептуальды дүние ретінде жоғары бағасын алды. Соңғы кезде Намазалы Омашұлы жаңа деректер негізінде Қазақ радиохабары бұрын айтылып келгендей, 1931 жылдан емес, 1921 жылы хабар тарата бастаған Орынбордағы радиостанциядан бастау алатындығын анықтады. Сөйтіп, Қазақ радиосының тарихын дәйекті дәлелдермен нақты тұжырымдай отырып он жылға ұзартты.
Намазалы Омашұлы – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде журналистика мамандығын оқыту ісін түбірімен өзгерткен реформатор дәрежесіне дейін көтерілген білікті басшы, ұтымды ұйымдастырушы да. Оның бұл қыры әсіресе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры және журналистика факультетінің деканы болған жылдары жарқырай көрінді. Дарынды адам барлық істе де дарынды деген дүдамалдау қағиданы Намазалы декан болғанда да дәлелдеп шықты. Шынында да талантты журналист, зерделі ғалым болу бір басқа да, ұтымды ұйымдастыра алатын басшы болу – бір басқа. Журналистиканың жоғын жоқтап ғана қоймай, сол жоқтың орнын толтырған Накеңнің қазақ альмаматеріндегі орны бөлек. Жаңалыққа жаны құмар ол жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп осы аз уақыттың ішінде талай шаруаның басын қайырды. Журналист мамандығына дайындаудың да барлық қыр-сырын жыға зерттеген Намазалы декандық қызметін байсалды бағдарлама жасаудан бастады. Көп ретте жастарға арқа сүйей отырып, жақсы команда жасақтап алды. Оның Бауыржан Жақып, Қайрат Сақ, Айтмұхамет Есдәулетов, Мәншүк Мұқашева сынды шәкірттері – қазір республикаға белгілі ғалымдар. Қазақстанның тарихында бірінші рет оның төрағалығымен журналистика мамандығы бойынша Диссертациялық кеңес ашылды. Оның жұмыс істеуі де ізденуші жастарға тың серпін берді. Осыған дейін көрінгеннің есігінен сығалап жүріп кандидаттық қорғаған журналист-ғалым әріптестеріміз мұндай басыбайлы кеңестің маңызын жақсы білсе керек.
Тәуелсіздік жылдары радиожурналистиканы зерттеу ісі жаңаша сипатқа ие болды. Радиожурналистика проблемалары, теориясы мен тәжірибесі тиянақты зерттеле бастады. Намазалы Омашұлының жетекшілігімен А. Бейсенқұлов радиохабар таратудағы технологияның ықпалын, Р. Нуриден қазақ тілінде хабар тарататын шетелдік радиостанцияларды, К. Қабылғазина қазақ радиосының бір кезеңін, С. Велитченко форматтық принциптерді, Т. Көпбаев қазақ радио драматургиясы табиғаты мен ұлттық сипатын, Ж. Әбдіжәділқызы тікелей эфир табиғаты мен кәсіби шеберлік мәселелерін, О. Ошанова әдеби драмалық хабарлар дамуын зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Сөйтіп, радиожурналистика ғылымы сала-сала бойынша дами түсті. Болашақ зерттеулер үшін жаңа тақырыптар айқындалды. Журналистика факультетінің оқу-әдістемелік базасы барынша күшейтілді. Сол кезде құрылған “Сана” телерадио студиясының да болашақ журналистердің университет қабырғасынан шықпай-ақ кәсіби шеберлігін шыңдауына мол мүмкіндік тудырғаны сөзсіз.
Факультеттің жеке кітапханасы да – сол жылдардың жетістігі. Бір қарағанда, бұл соншалықты мән беріп айтатын дүниедей көрінбеуі бек мүмкін. Әрине, қазір әдеби кітаптардан кітапхана жасау – кез келгеннің қолынан келетін шаруа. Бірақ, журналистика теориясы туралы кітаптарды жинау оңай іс емес екенін көзіміз көрді. Айтары жоқ, өзіміз оқып жүргенде 1966 жылы шыққан Юрий Летуновтың «О развитии документальной радиожурналистики» атты кітабын бүкіл Алматыны кезіп жүріп, тек «Пушкиннен» табатынбыз! Оның өзі жалғыз дана. Кітапханашыдан күнұзаққа таусылып жүріп тапқан кітабыңның басқа біреудің қолында екенін естігеніңде күйіп кететініңді қайда қоярсың! Намазалы осыдан он бес жыл бұрын журфактың бүкіл студентін біз кезінде көрген азаптан құтқарғаны да – азаматтық. Студент қауымның алтын уақытын бағалай білетін ол өзінің тірнектеп жинаған, журналистика теориясына арналған бес жүзге жуық кітабын да осы кітапханаға сыйлады. Нағыз альтурист ұстаз осындай-ақ болар!
Намазалы Омашұлы – өз қазанымызда ғана қайнап жетілген білгір маман емес, ол дүниежүзілік журналистика теоритиктерімен де тығыз байланыс орната білген ғалым. Оның еңбектері журналистиканың тарихы мен теориясына арналған әлемдік рейтингте жоғары бағаланып, 2002 жылы ол осы саладағы «Жыл адамы» атанғаны да бекер емес. Декан болған жылдары өзі басқарып отырған факультеттің шетелдік оқу орындарымен байланысын күшейтуге ерекше күш жұмсады. Осыдан он үш жыл бұрын азуы алты қарыс АҚШ-тың Оклахома университетімен келісім-шартқа қол қойылып, күні бүгінге дейін екі оқу орнының ұстаздары тәжірибе алмасып келеді. Сондықтан болса керек, факультеттің оқу процесі жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Парижде орналасқан ЮНЕСКО ұйымымен байланыстың нәтижесінде ұйым аттас кафедра дүниеге келді. Оны да күні кешеге дейін Қазақстан мен Кіндік Азияда ЮНЕСКО-ның профессоры деген атақты жалғыз өзі иеленген Намазалы Омашұлы басқарып келгенін білеміз.
Атақ демекші, Намазалының атағы бір басына жетеді. ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі… ордендер… медальдар… осылай кете береді. Дегенмен, жан дүниесі пайым мен парасатқа толы профессордың айналасындағыларды өзіне еріксіз тартып тұратыны ең алдымен, оның адами қасиеттерінде жатқандығы сөзсіз. Адам баласы өмір бойы жоғарыға қарай созылған бір сызықтың бойымен дамымайтыны белгілі. Оның шыңға шыққанында бақыттан басы айналмады, төменде жүргенде ызадан ұнжырғасы түскен жоқ. Бұл да – Намазалының мықшегелігі. Жеңіс пен жеңілу, өрлеу мен құлдырау, қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Өмірдің қатал заңы осындай. Жаратқанның сыйы мен сынына бірдей байыппен қарайтын адам ғана түпкі нәтижеде заңғар биікке көтеріледі. Өмірлік кредосына адалдығынан бір жаңылмайтын жан ғана бойына рух ұлылығын орната алады. Өзін өзі күнделікті тәрбиелеудің нәтижесінде келетін осы үлкен қасиет оны қашанда жасампаздыққа бастайды. Сондықтан да Намазалы Омашұлының өмірлік нанымы оның келбетін қашан да көркейте бермек.
Ол сенен алыста жүрсе де қуанышыңа ортақтаса біледі, қателіктеріңе сенен арман күйіне біледі. Осы жерде бір әңгімені айтпай кетуге болмас. Оқу бітірген соң Намазалы аға менің кафедрада қалғанымды қалайтынын айтты. «Үйім жоқта, күйім жоқта дәріс оқып, кімді ұшпаққа шығаратындаймын?!». Осы ойымды айтып, ұстазымнан алшақ кетуге тура келді. Сананы тұрмыс билеген заманды сылтауратып, оның ұсынысын аяқасты еткен кезіме кейде қысылатыным бар. Бірақ, ол – қашанда шәкірттерінің жан дүниесіне үңіліп, оларды түсіне білетін ұстаз. Ол кез-келген адамды қолдай да, қорғай да білетін қайырымды жан. Оның қасында қалмасам да, бірінші топқа жататын ұстазыммен әлі күнге дейін адами қатынасымды жоғалтпай келе жатқаныма қуанамын. Онымен әңгіме-дүкен құрып, пікір таластырғанның өзі бір ғанибет. Қысылғанда ақыл сұрайтын ағаң барына да тәубе етесің!
Былтыр ол тағы да өзінің өмірлік мақсаттарының біріне жетті. Астанаға келіп, Журналистика мәселелерін зерттеу жөніндегі ғылыми институттың ашылуына мұрындық болды және оның директоры болып тағайындалды. Намазалының бұл істі де бір жағына, әрине, жақсы жағына шығармай тыным таппайтыны белгілі. Алматыдағы әріптестеріміз оның Астанаға ауысқанын соншалықты құптай қоймағанын білеміз. Оның есесіне елордадағы біз мәре-сәре болып жатырмыз. Дау жоқ, жақсы ұстазды басқа қалалардан бұрын бас қаламыз Астанада көргің келіп тұратыны да оның тартымды тұлға екенін айғақтаса керек.
Журналистика – жұмбақ құбылыс. Басқалар үшін. Жанымен түсінгісі келмейтіндер үшін. Ал, журналистикамен «ауырғандар» үшін – таптырмайтын тәтті құбылыс. Қай дәуірде болсын, өнерге де қосылмай келген, ғылымға да жатқызылмаған, билікке де кірмеген, тек қана тылсымдығымен тәтті құбылыстай көрініп тұратын қазақ журналистикасының осы заманғы теоретигі Намазалы Омашұлының ұлттық публицистикамыздың әлі де ашылмаған аралдарына талай қонақтайтыны хақ. Жай қонақтамайды, өз өмірінің арқауына айналған ісін құнттап қонақтайды. Бұған күмән жоқ.
Бір тілек: қазір адам баласының өмір сүру ресурсы ғалымдардың зерттеуінше орташа есеппен 120 жылды құрап отыр. Әр сөзі алтынға тең Шер-ағаң да «Алпыс – тал түс» деп ерігіп отырып емес, атпал ақылмандығымен айтса керек. Ендеше, қазақ журналистикасы теориясын бүге-шігесіне дейін зерттеу ісіне бір адамдай үлес қосып, ғылыми ресурсын толық игеріп келе жатқан парасатты педогог пешенесіне ғұмырлық ресурсын да барынша пайдалануды жазғай!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Білім, дін