Талмас талант
Суға салса, батпайтын,
Отқа салса, жанбайтын,
Атса оқ өтпейтін… – деген,
жыр жолдарын аңызға айналған батырлар жырларынан оқитын едік қой. Сол сөздерді бүгінгі Сәбитке де арнап айтсақ артық болмас. Және бұл жолдар Сәбит Досанов тағдырына дәл ме дәл, дөп келетіндей. Сәбитті ел он рет ажалдан қалған деп аңыз етеді. Солардың ішінде су да, от да, оқ та бар. Онының тоғызын айтпағанда, Алматы әуежайындағы апатқа ұшыраған алып лайнер самолеттің ішінде сонша адамның арасынан жалғыз аман қалғанының өзі аңыз етіп айтуға тұратын жай. Бұл, біріншіден, бір Алланың құдіретті күшінің айғағы. Бірақ Құдай тағаланың соншама жанның арасынан Сәбитті ғана таңдап алып, ажалдан қаққанының сыры неде? Мүмкін оның маңдайына әуелден қазақтың айтулы жазушысы болатыны жазылып қойылғанынан шығар. Шынында, солай болды да ғой. Бүгінгі күні С.Досанов қазақтың айтулы ғана емес, көрнекті де, атақты жазушысы. Бүгінгі Қазақстан жазушыларының арасынан бірінші болып, бұрынғы Лениндік сыйлықтың – қазіргі аты өзгерген Шолохов атындағы бірегей сыйлықтың иегері. Оған күні кеше ғана «Парасат» ордені қосылды.
Біз күншілдік атты кесапатты кеселден арыла алмай, соның күйігін әлі тартып келе жатқан халықпыз. Сол күншілдіктен қаншама ақындар мен жазушыларымызды өз қолымызбен ұстатып, қара күйе жағып қаралап, атқызып, айдатып жібердік. Аяулы Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды ойлағанда, өкініштен өзегің өртенеді. Бірақ сол сорақылықтарымыздан сабақ алмаймыз. Сол күншілдігімізден Ресей Жазушылар одағы қиып берген Шолохов атындағы сыйлықты Сәбитке қимай жүрдік, көпке дейін оны мойындағымыз келмей жүрді. Көпшілігі Сәбитке бұл атақ кездейсоқ берілгендей көреді. Бірақ Мәскеуліктер, сыйлық комиссия мүшелері бұл атақты Сәбитке басқа беретін адам таппағандықтан берген жоқ қой. Сәбит олардың ешкімі де емес. Оның сыртында Мәскеулік Ресей жазушыларының әділдігі қашаннан белгілі. Кеңес заманы кезінде Одақтық биліктің қазақ халқына көп қиянаты болды. Бірақ қазақ жазушыларын алалаған жоқ. Кезінде белгілі қазақ ақын-жазушыларының орыс тіліне аударылмай қалғаны аз-ақ шығар. Үздіксіз аударылып жататын. Сәбит те сол жуан ортада өз шығармаларын орысша аудартып шығарып жүрді. Таңдау Сәбитке түссе, жеребе тартып, суырып алғандықтан емес, оның шығармаларының көркемдік сапасына, тақырыптарының маңыздылығына, авторының азаматтық позиция ұстанымдарының берік-биіктігіне қарай берілгені даусыз.
Сөз Сәбит туралы болғаннан кейін, айтпай кетуге болмайтын тағы бір жай бар. Ол Сәбитке оқ өтпейтіні жайында. Бұл жерде оқ тура мағынасында емес, «айтылған сөз – атылған оқ» деген балама түрінде түсінсек керек. Сәбит қаншама сыналмады дейсің, оған сүйектен өтетін қаншама ауыр сөздер айтылмады дейсің. Ол сөз-оқтарды бойына дарытпады, жігерін жасытпады; дұрысын қабылдап, бұрысын басынан асыра лақтырып, асқан төзімділікпен көтеріп, қара нардай жазушылық-шығармашылық, азаматтық жүгін ыңырана тартып алға баса берді, қайсарлық көрсетті.
Әр атылған сөз-оқтарға жаңа тартымды шығармалармен жауап беріп, тың әдеби туындыларды бірінен соң бірін жазып, том-том кітап шығарып жатты. Мен мақаламның атын «Талмас талант» деп бекер қойған жоқпын. Шынында жазушы Сәбит Досановтың жазушылық табандылығына, қаламының қанаттылығына, еңбегінің өнімділігіне, шығармалар жазудағы талмас қайратына сүйсінбеске болмайды. Бүгінде ол 18-20 том роман, повестер, әңгімелер авторы.
Сәбиттің сыртынан атылған ең ауыр сөз-оққа келсек, ол «шығармалары – шалағай» деген жала. Бірақ ешкім объективті сын мақала жазып, дәлелдеп бере алмады. Бүгінде сол сөзге нүкте қойсақ керек. Және сол нүктені біз емес, орыс жазушылары қойды; әділ сөз, тура төрелікті солар айтты. Және қатардағы жазушылар емес, классик жазушылары мен сыншылары айтты. Біз дұрыстап оқымаған Сәбит шығармаларын Мәскеуліктер дұрыстап оқып шын бағасын берген. Күншілдердің күңкіліне солардың сөздерімен жауап берелік.
Лениндік сыйлықтың иегері, жазушы Социалистік Еңбек Ері М.Алексеев: «С.Досановтың эпопеясы қазақтар мен орыстардың жарқын образдары және көркем сөз саптауы арқасында әдебиеттегі құбылыс саналады».
Ю.Бондарев, жазушы, Лениндік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері: «С.Досанов – күшті, ізгі және көреген өткірлігі мен көркемдігі жағынан сирек талант иесі…»
Р.Кузнецов, сыншы, академик: «Мен қазақ әдебиеті осы роман арқылы бүкілресейлік, түптеп келгенде, әлемдік деңгейге енетініне сенімдімін».
Ақын Олег Шестинский: «Бұл монументті шығарма» – деп бағаласа, жазушы В.Мирнев: «С.Досанов – көрнекті суреткер. Оның «Жиырмасыншы ғасыр» романы – эпикалық сурет, прозадағы поэма іспеттес…» – деп асқақтатқан.
Ал «Литературная газетаның» бас редакторы Ю.Поляков: «С.Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» романын оқып отырып, қазақ халқының әлемі мен философиясына қанығасың…, қазақ даласының ұлылығын сезінесің…» - деген.
Бұл сөздәйектер үзіп-үзіп алған үзінділер ғана. Әйтпесе солардың әрқайсысы көлемді де толымды мақалалар.
Және сол мүйізі қарағайдай, атақтары аспанмен астасқан орыстың бүгінгі классик жазушылары С.Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» ғана емес, басқа да романдары мен повестерін, әңгімелерін мұқият, сын көзбен қарай отырып оқып, пікір айтқан. Демек Сәбитке айтылып жүрген жоғарыдағыдай жала, жалған сөздер көре алмаушылықтан екені айқын.
Орыс жазушылары мен сыншылары С.Досанов шығармаларының көркемдігіне, тіл байлығына үнемі назар аударып, суреткерлігіне сүйсініп отырады. Шынында, Сәбит – сөзбен сурет салудың майталман шебері. Бұл оның басты ерекшеліктерінің бірі десек болады. Тіпті, әр сөйлемі, әр абзацы суретке тұнып тұрады деп әсерлесек артық емес. Өйткені Сәбит – алдымен ақын. Оның сол ақындық табиғаты суретпен сөйлеуге еліктіріп отырады. Ақын жаны қашанда табиғатпен егіз. Сәбит сол табиғатты ақындық жүрекпен сүйеді. Қай шығармасында да табиғаттың мың сан құбылыстарын, қазақтың ұлы даласының, өзен-көлдерінің, сай-салаларының, қырат-қыр, асқар тауларының сұлулығын, көрікті келбеттерін асқан сүйіспеншілікпен суреттеп, қара сөзбен-ақ поэзияға бергісіз етіп жырлап отырудан әсте жалықпайды. Мен кейде соның бәріне сөзді қайдан таба береді екен деп таңырқайтынмын. Әрине, бұл қазақ тілінің, ана тіліміздің асқан байлығының, оралымдылығының арқасы. Сол байлықты Сәбит мейлінше игере білген, ана сүтімен қоса бойына сіңіре білген.
Сәбиттің «Жиырмасыншы ғасыр» роман эпопеясына енген «Қылбырау» (2003), «Ұйық» (2005) және «Тұйық» (2007) романдарында оның өзі жанындай сүйетін Ұлы дала табиғатын жүрек тебірентерлік сүйіспеншілікпен бейнелеп, суреттеп отырады. Соларды оқып отырып, сенің де ұлы далаға, туған жеріңе, оның ғажайып табиғатына деген сүйіспеншілігің ұлғая түседі. Мысалы, мына жолдарды оқып отырып, өз туған жеріңді қалай еске алмайсың.
«…Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған Жалдамада қалқи жүзген сұр үйректер мен қараша қаздардан көз сүрінеді. Ұзын, әдемі мойындарын әсем иіп, жүрек қылын шерткен сыбызғы үнмен сыңси жүзген аққулар сыры терең, сымбаты бөлек сұлулықпен көзді арбап, көңіл толқытады…
Ауылдың сол жағында Аман тоғайы тұр сыңсып. Сол тоғайдағы табиғаттың өзі өсірген алуан түрлі жеміс-жидектің жұпар исі желді күндері ауылға жетіп, жан сарайыңды шайдай ашады. Бір шеті қарағайлы қалың орманмен жалғасып жатқан тоғайдың тағы бір көркі – қысы, жазы бір үзілмейтін әнші құстар. Олар таңмен таласа сайрай жөнелгенде жүректің нәзік пернелерін дәл басып, қиялыңды қиялдарға самғатады.
Оң жақта сауырын күнге сүйгізіп керіліп жатқан кең дала. Жібектей жасыл шөп пен ақ селеу, боз көде мен боз жусан бетін жапқан сол ұлан-ғайыр ұлы даланың қыры мен қырқасына қаулай өскен қызғалдақ пен сарғалдақ көздің жауын алады.» («Қылбырау» романынан)
Міне, Сәбит ұлы даланың бір пұшпағының табиғатын, көркем көрінісін осылай сүйсіне және сені де сүйсіндіре суреттейді. «Сауырын күнге сүйгізіп, керіліп жатқан кең дала», – деген жалғыз жолдың өзінде сол далаға деген қаншама сүйіспеншілік әрі мақтаныш сезімі тұр десеңізші! Көркем өлең жолдарындай.
Сәбит ұлы даланың көркем бейнесін суреттегенде, шығарманың көркемдігін арттырып қоюды ғана мақсат етпейді. Оқырманның сұлулыққа сүйсіну, түйсіну сезімін күшейте түсуді, туған жер табиғатына деген сүйіспеншілігіңді арттыруды, патриоттық сезімді тәрбиелеуді де мақсат етеді. Өзі де сол мол махаббатын сізбен де, бізбен де бөліседі; өзгелер де қазаққа Құдай сыйлаған осынау ұлы даланы менше сүйсе екен дейді; ғажайып даламыздың қадір-қасиетін біле түссе екен дейді. Сәбит шығармаларында табиғат көріністерінің молынан суреттеліп отыратын себебі сол игі мақсаттан туындап жатады. Оны жай шешендік,сөз ойнату деуге болмайды.
С.Досановтың оның «Ұйық» романын оқып, мақала жазған халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов та оның табиғатты суреттеудегі шеберлігін байқап аса жоғары бағалаған: «Ұйық» романының беттерінде табиғаттың тамаша-тамаша суреттерін салып, жаныңды кенелтеді. Ұлы даланың өн бойының табиғатын кино лентасындағыдай етіп, көз алдыңнан өткізеді. Осының бәрі жазушының табиғатпен терең табыса білген үздік шеберлігін көрсетеді», – деп түйіндейді.
Үш романның басын құраған «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясының бір кейіпкері – ұлы даламыздың, оның көк зеңгір, заңғар аспанының еркін де асқақ қыран құсы Ақбас бүркіт. Ол адамша ойлайды, адамша толғанады; ұлы даламызда болып жатқан оқиғаларға қыран көзбен қарап, назарынан тыс қалдырмайды. Бұл қазақ әдебиеті ғана емес, дүние жүзі әдебиеті шығармаларында да кездеспеген, бұрын-соңды болмаған тың символикалық бейне. Ол туралы осы эпопеяны орыс тіліне аударған жазушы Владимир Мирнев былай деп жазады: «Образ хранителя души народа орла Акбаса в романе «Двадцатый век» как символ жизни и бессмертия идущих из далеких эпосов народных идеалов, проходящий через весь роман, невероятно интересен, значим, и до глубины души трогает читателя. Пожалуй, в литературе до сих пор не было подобного образа, когда душу народа символизирует и оберегает в веках великолепный Белоголовый орел, сопережающий лучшим своим сыном».
Ия, дұрыс айтады. Сонымен бірге Ақбас бүркіт ұлы даламыздың ұлылығының жанды бейнесі әрі киесіндей көрінеді. Сондай әсер аласың. Роман-эпопеядағы Ақбас бүркіт – күрделі кейіпкер, періште бейне. Мен айтар едім, Ақбас бүркіт – бұл автордың өзі, өз рухы. Автор да Ақбас бүркіт сияқты қазақтың ұлы даласында бүкіл жиырмасыншы ғасырдың ұзына бойында болып өткен оқиғаларға қыран көзбен шола қарап, соларды көркем сөзбен кестелеп көз алдымыздан өткізеді емес пе. Қысқасы, романда Ақбас бүркіт пен автор бейнесін бір-бірінен бөле қарап, ажыратуға болмайды.
Қазақ халқының жүз жылда басынан өткен ұлылы-кішілі оқиғаларды, ұлы даланың ұлы қайғысын үш романға сыйғызу оңай шаруа емес. Соған қарамастан С.Досанов солардың бәрін тізбелеп хроникаға айналдырмайды. С.Қирабаев сөзімен айтсақ: «Заман шындығын нақты эпизодтар мен адамдар тағдырын ашу жолымен бейнелейді. Жеке-жеке оқиғаларды біріктіріп, тұтастырып тұратын характерлерді ұстайды да, солардың тағдыры арқылы бүкіл ғасырға, белгілі бір дәуірге тән шындықты суреттеуге ұмтылады. Қалған кейіпкерлер мен оқиғалар негізгі желіге қосымша қызмет атқарады». Сыншы роман-эпопеяның композициялық құрлысының ерекшелігін, автордың тапқан тиімді тәсілін тап басып тауып айтқан.
Егер жүз жылдық оқиғаларды суреттеуде жазушы хроникаға ұрынса, баяндау басым болса, онда оны оқу қызықты болмас еді. Ә.Нұршайықов жоғарыдағы «Шындықпен шырайлаған шығарма» атты мақаласында «Ұйық» романы туралы тағы мынадай сөз қосады: «Бұл кітапты бастасаң болды, бас көтере алмайсың. Алып өзеннің ағыны айдап бара жатқандай күйге түсіп, бас көтермей оқи бересің. Оқи бересің. Анау оқиға не болар екен, мына мәселе қалай тынар екен деп қадаласың да отырасың. Кітаптың әр беті сайын көркем сөздің шырының жұтып марқаясың». Ал енді Әз ағаның бұл баға-сөзіне кім шәк келтіре алады.
Сәбит Досановтың «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясына енген романдарына дейінгі шығармаларының ішіндегі ең шоқтығы биігі – «Аруана» повесі. Бұл көлемі жағынан повесть болғанымен, көтеріп тұрған, арқалап артқан жүгінің салмағы жағынан роман. Сәбиттің бұл шығармасы оны тез танымал етті. Классик жазушы Сәбит Мұқанов оны тебірене, көзіне жас ала отырып оқығаны туралы жазды: «Досановтың «Аруана» хикаясында аналық түйе мен оның ботасын сипаттауы адамнан бетер. Тілсіз түйенің туған мекенін, балажандығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезімін толғандырып, кейде көзіне жас алғандай халге келтіреді. Кейбір сипатында жақсы ақындар дәрежесіне көтерілген автор қазақ тілінің қайдағы бір тәтті балын тамызады».
«Аруана» туралы өзге де қазақ жазушылары жақсы-жақсы пікірлер айтып жоғары бағалаған. Сәбит оны жазғанда бар болғаны 27 жаста ғана екен. (бұл 1967 жыл). «Аруана» повесі жоғарыда аталған орыс жазушыларының жүректерін жаулап алып, ықыласына бөленді, олар таңдана оқып, бірінен бірі сөз асырып, тамсана тамаша пікірлер жазды. Сөйтіп «Аруана» Сәбитке орыс оқырмандарына жол салып берді. «Аруана» жазушы С.Досановтың Ресей мен Еуропада визиттік кәртішкесіне айналды. Оған үлкен құрметпен қарап, кейінгі шығармаларын да ынта-ықыласпен оқып, бағалайтын болды. «Аруанаға» берілген баға, айтылған пікірлер бірінен бірі өтеді.
Мурман Джгубурия: «Аруананы» қазақ мектептерінде оқытатын шығар. Бірақ бұл поэманы барлық мектептерде де оқыту керек, өйткені бұл аса маңызды, өте мәнді. Рахим Мукимов жанарына жас алып отырып оқығанын жазыпты. Айта берсең, тамаша пікірлер таусылмайды.
Ал өзіміздің Ғафаң, Ғафу Қайырбеков:
Күншілдер күңкіліне құлақ аспай,
Талант пен еңбегіңнен таптың бақыт, – деп күншілдердің көмейіне құм құйыпты. Тобық Жармағанбетовтың мына бір сөзін келтірмей кетуге көзің қимайды: «Сәбиттің тілі бай, сөйлемдері сәулетті сөздер мен тіркестерден құралып төгіліп кетеді». Сонда сөйлемдері сәулетті сөздерден құралатын жазушыны кемсітіп, неше түрлі жалалар жауып жүрген күншілдер кімдер болды екен дейсің.
Міне, сол күншілдіктің тақсыретін көп тартқан жазушы осы Сәбит бауырымыз. Сол өршіген өрт-жала, атылған өсек-оқтардың астында жүріп, Сәбең бүгінгі биігіне жетіп отыр. Бәріміз білетін атақтарын тізбей-ақ қоялық. Енді Сәбиттің орыс жазушылары мен француз жазушыларын тамсантып, аузына қаратқан «Аруана» повесіне қайтып оралсақ, мен ол шығарманы Э.Хэменгуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясынан артық санаймын. Ол шығармаға әлем тамсанған. Оқып отырсаңыз, балықшы шалдың теңіздің дүлей дауылы астында қалып, өзінің өмірі үшін ажалмен арпалысқаны, тірлік үшін алапат дауылмен күрескені суреттеледі.
Л.Н. Толстой атақты «Джоконда» немесе «Мона Лиза» туралы «Осыған жұрттың несіне таңдай қаға беретініне түсінбеймін. Мен бұдан соншама тамсанатындай сұлулық көріп тұрған жоқпын», – деп турасын айтқан. «Шал мен теңіз» туралы да соны айтуға болады. Ал «Аруананың» айтары одан он есе салмақты, он есе маңызды. Егер сол он есе маңыздылығын жүйелеп жазып шығар болсақ, оның көлемі осы повестің көлеміне жетіп жығылар еді.
Оны баяғыда, бұдан 40 жыл бұрын мектептің әдебиет оқулығына енгізу керек еді. Бірақ біздегілер С. Досановтың сондай шығармасы барын білмейді, оқымайды. «Аруанада» шешендік қанатты сөздер, сәулетті сөздер, көркем кестелер, табиғаттың суреттелген тамаша көріністері қаншама. Оқушылар одан ана тіліміздің керемет байлығын оқып көріп сүйсінер еді.
Туған жерге, өскен елге деген биік махаббат, сағыныш, аңсау, «ер туған жеріне» деген азаматтық, патриоттық сезім, тіпті ұлттық рух… бәрі-бәрі бар мұнда. Шет ел азаматы бұл хикаяның мектеп оқушылары үшін тәрбиелік маңызы зор екенін атап көрсеткен.
Иә, біз күйініші де, өкініші де көп халықпыз. Бәрінен де күншілдіктен шеккен шеріміз телегей теңіз. Тәуелсіз, егемен ел болып жатқанда сол кеселден құтылуға қам жасайық, топтың мүддесін жалаулатпай, ұлттың мүддесін жалаулатайық демекпін. Қазақ әдебиеті әлем әдебиетінен көш төмен деп өзімізді өзіміз төмендете бермейік. Ағылшын, швед, неміс, француз шет тілдеріне аударып, ұялмай насихаттайтын таңдаулы туындыларымыз аз емес. Әттең, өзімізді өзіміз етектен тартамыз.
Дәл қазіргі кезде орыстың ең атақты жазушылары мен француз жазушылары С. Досановтың «Аруанасы» мен «Жиырмасыншы ғасыр» роман эпопеясына аса жоғары баға беріп, қол соғып отыр. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей осы тиімді сәтті неге пайдаланып қалмасқа. «Нобель» сыйлығына ұсынып неге көрмеске деген батыл ой айтқым келеді. Ол үшін оны өзге де шет тілдеріне аудартайық. Оның бәріне автордың қаржылай мүмкіндігі жете қоймас. Миллиардерімізден меценаттық жасауды бірлесіп сұрайық. Басқа да демеушілер табылар. Ол сыйлық жалғыз С. Досановқа керек емес, ұлтымызға, қазақ халқына керек. Қазақ әдебиетінің әлем әдебиеті қатарынан көрініп орын алуы үшін керек.
Енді Нобель сыйлығы комиссиясының «Аруана» мен «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясына аталмыш сыйлықты беріп қалуының басты себептерін айтайық.
Біріншіден, бір халықтың бір ғасырлық өмірін, жүз жыл ішіндегі басынан өткізген алапат оқиғаларын тұтастырып бір роман-эпопеяға сыйғызған басқа шығарма жоқ шығар.
Екіншіден, жүз жылдық сонша оқиғалар хроникаға айналмай, С. Қирабаев пен Ә. Нұршайықов аса әділ бағалағанындай, көркем тілмен оқырманды қызықтырып, бас алмай оқитындай шеберлікпен жазылған.
Үшіншіден, әлемде Ұлы дала деп тарихқа енген даланың заманалар, ғасырлар бойы иесі болып келген қазақ деген халықты орыс отаршылдарының, кейін оның мұрагері болған коммунистік, шовинистік биліктің қалай қор етіп, жойып жібере жаздағаны, аштыққа, геноцидке, құғын-сүргінге, репрессияға ұшыратып, қынадай қырғаны, адамзатқа жат жауыздықтары эпопеяда жақсы ашылып әшкереленген.
Сөз соңында айтарым, ұшақ апатында соншама ондаған жолаушылар арасынан Алла жалғыз Сәбитті аман алып қалғанда оның халқымызға әлем алдында зор абырой алып беретінін аңғартқан болар.
Сәбит туралы сөзім де, ортаға салар ойым да осындай. Оны кім қалай түсінеді, әркім өзі білсін.
Жұма-Назар Сомжүрек,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сыншы
Астана қаласы