ШӘКӘРІМ ЖҮРГЕН ІЗБЕНЕН…

28-Қаңтар. 2010

ШӘКӘРІМ ЖҮРГЕН ІЗБЕНЕН...Адамдықтың ақ жолын, арлылықты өмірінің соңына дейін жырлап өткен қазақтың ғұлама ұлы Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасын насихаттау ақынның 150 жылдық мерейтойымен еш шектелмек емес. Оның айқын дәлелі – қазіргі таңда Е.Бәтташұлының басшылығымен қадағаланып істеліп жатқан шаралар, Шәкәрімтану орталығының жұмыстары.
Шәкәрім Құдайбердіұлы жалпы түркі әлеміндегі бірегей ақындардың, ойшылдардың, тарихшылардың бірі. Ақынның артына қалған мол әдеби мұра: даналық пен даралыққа, ақыл мен насихатқа толы өлеңдері, тарихи және ғашықтық эпикалық шығармалары, тәрбиелік маңызы аса жоғары қара сөздері тек бір ғана ұлттың, не ұлыстың жетістігі емес, әлемдік әдебиет пен мәдениеттің орасан зор жемісі.
«Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйіттерін жатқа төгілдіретін болған. Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек» сияқты қиссаларын оқып, жаттап алған. Ескі жыраулардан – Бұхар, Асан, Марабайлардың мәнді-нақыл сөздерін оқыған. Осы аталған жыраулардың жыр-өлеңдерін бертінге дейін жатқа айтқанын естігем», – дейді баласы Ахат естелігінде. Міне, Шәкәрім жастайынан қазақтың ескі шығармаларына, бай ауыз әдебиетіне қаныға өседі. Оларды тұшына оқып, санасына құйып, рухани нәр алып тәрбиеленеді. Сонымен қатар:
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
Тегін білсең – аласың бос береді,
Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан,-
деп ақынның өзі айтқанындай, «өшпес өмір, таусылмас мал берелік, білімді данышпан» Абайдың алдын көріп, ағалық, ақындық тағылымын алады. Ұлы ақынның төңірегіне өсиетін, ағалық, әкелік, ұстаздық ақыл-кеңестерін барынша ұғынғысы келіп топтаса бастаған шәкірттердің ішінде Шәкәрімнің алар орны ерекше екендігі анық. «…Абайдың өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен ақын – төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағынадағы шәкірттері»,- деген Мұхтар Әуезов сөзінің мәнісі де осында. Абайдың ақындық мектебінің ең үздік шәкірті, әрі артына мол әдеби мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы болғандығына қазіргі таңда ешкімнің айтар дауы бола қоймас.
Ал оның жасынан араб, түрік тілдерін меңгеруіне шешесі Төлебикенің зор тәрбиесі мен ықпалы болады. «Шәкәрімнің шешесі арабша, түрікше көп оқыған. Қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын адам болған. Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт болған әжеміздің «Ғибадат исламиясын», «Мұхтасарын», тағы басқа көп кітаптарын мен көрдім. Шешесінің араб тілін жақсы білетінін әкейдің өзі де айтып отыратын. Және: «Араб тілін меңгеруіме шешемнің көп пайдасы тиді»-дейтін еді»,- дейді Ахат Шәкәрім баласы естелігінде. Шәкәрімнің жастайынан қаншама өнер түрлерін меңгеруі ана ықпалы мен тәлімінің арқасы.
Шәкәрімді бес жасқа келгенде ата-анасы сабаққа берсе, жеті жастан жетім қалғандықтан ағайын-жұртының әлпештеуінде болады. Он жасқа келгенге домбыра, гармон үйреніп, жас болса да «телеграмды» бір үйден бір үйге тартып, шеберлікке бет бұрып, сурет салып, түр ояды. Он бесінде мылтық атып, аңшы болып, жиырма жасқа қарай ғылымға көңіл бөледі. Шет елден де кітап алғызып, ғылымға қадам басып, білек сыбанып кірісе бастаған кезде, болыстық ісі араласып, «азат басы құл болып», ұлықтықтың тоқымының жабуымен кетеді.
Жиырма мен қырық арасы –
Жас өмірдің сарасы
Бос өткенін қарашы
Жүрекке төгіп қанды ірің,-
деп ақын өткен өміріне өкінішпен қарайды. Шәкәрімнің өмір жолын бағамдап қарағанда даналық жолына да, білім қуу мен ғылым табу мақсатында да қырық деген жастың ерекше орын алғанын байқаймыз. Ақын осы жастан бастап таза ғылымның жолына түседі. Ұстазы Абайдың «қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегеніндей, қырық жасқа келгенде ақын өмірге өзге бір таныммен қарап, терең ойдың иіріміне сүңгіп, алдына тың мақсаттар қояды.
Шәкәрімнің көзқарасының осы кездері түрленуі мен даналыққа құштарлығының оянып, талғамының өреленуіне Абай ағасының ықпалының болғандығы анық.
Абай Мағауия қазасы кезінде: «Екі туысқанның қазасы қабат келіп, менің Шәкәрімге білім қуғызам деген мақсатым орындалмай қалды», – деп қапаланғанында, «Ол тілегіңізді орындаймын, айқан жерлеріңізге барамын», – деп серт берген Шәкәрім ел-жұртының ризашылығын сұрап, үш жыл қаза артын тоспай, 1905 жылдың күзінде үлкен сапарға аттанады. Ақынның мол білім жинап қайтқаны да осы бір сапар. Шәкәрімнің парасаттың биік жолына түсіп, даналыққа жетуіне үлкен қалалардағы бай кітапханаларда отырып, ғалым-білгірлермен сөйлесіп, аса қажетті кітаптарды оқуы зор әсерін тигізді. Жастайынан қазақ шежіресін жазбақ үшін ол «Тибри», «Тарих ғұсмими», «Тарих ғұсмани», «Тарих Интишар слам», «Түрік тарихы», «Құдадғу білік», Абылғазы баһадүр жазған «Шежіре Түрік» сынды ескі кітаптарды, ежелгі Қытай, Рим, Еуропа жазушыларының еңбектерін оқып, мол рухани байлыққа кенеледі. «Стамболда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып, ары бара жатқанда 13 күн тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының шығармаларын түгелдей алдым. Гомерден бастап Грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс фиолософтарының шығармаларын, ертедегі Түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған ақыл-кеңесінің жемісі», – дейді ақын. Ақыры мол білімнің арқасында өзінің өмір бойы сарыла іздеген үш анығына жетеді.
Еңбекпен, өрнекпенен,
Өнер ойға тоқылса.
Жайнар көңіл, қайнар өмір
Ар білімі оқылса, –
деп негізі тұжырымдалған ой қорытындысын береді.
Шәкәрімнің «аңсаған араманына қол жеткізген» Стамбұл сапарының маңыздылығын сезініп, ақын жүрген жерлерді көзімізбен көру мақсатында және осы бір ізденіс сапарынан із таба аламыз ба деген асқақ арманмен осы жолдардың авторы бай тарихы бар бауырлас Түркия еліне, Стамбұл қаласына арнайы барып келген еді.
Біздің басты мақсатымыз – Шәкәрімнің өзі атап көрсеткендей «тарих қорларын сақтайтын орындардың» мұрағат қорларын қарау еді. Осы ретте көне кітапханаларға кіруге рұқсат беру жағын өз мойындарына алып, көмектерін тигізген Түрксой халықаралық ұйымына және оның басшылары Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновке, Асқар Абдуалиұлы Тұрғанбаевқа ыстық ілтипатымызды білдіріп, зор алғысымызды айтамыз. Зерттеуші-ғалым Абдуахап Қараның туған елінен келген азаматқа қолынан келген көмегін еш аянбауы – шетте жүрген ағайынның халқына деген таза ықыласының куәсі екендігі шүбәсіз.
Стамбұлда болған оншақты күнде Шәкәрім ақын болды-ау деген Сулеймание, Баязит, Фатиха мешіті кітапханаларында, Стамбұл университеті кітапханасының қорларында, Түркият иститутының «Катанов кітапханасында» жұмыстар жасадық.
Мол кітап қорынан тұратын бай кітапханалардағы неше ғасырдан бері сыны бұзылмай бізге жеткен тарихи мұраны қарап шығуға уақыт тығыздық етті. Қолымыз жеткен дүниелерге разы болып: «Қош, Стамбұл, көне кітапханалар кездескенше», – деп елімізге қайттық.

Жандос Әубәкір,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Семей-Стамбұл-Семей

Білім, дін, Елтану