30 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ…

28-Қаңтар. 2010

30 ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ...Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргендер былтыр 30 жылдан соң кездестік. Сол екі арада салмақтандық. Ұл, қыз, немере өсірдік. Шыққан биіктер де қызметтің дәмін татып, «Көке-жөкелерді» естіп, «Сіз кереметсіз» дегенге үйреніңкіреп қалғандар да жоқ емес.Ерте көктемде басталған ақылдасулардың аяғы кездесуді қоңыр күзге дейін ысырды. Кім білсін, 1974 жылдың қыркүйегінде, Алматының қайыңдары алғашқы жапырақтарынан айырыла бастаған шақта танысқанымызды шын мәнінде алтын күз арқылы еске алғанды жөн көрген шығармыз. Алып-ұшып алғаш боп Сағымкүл жетті Жезқазғаннан. Қасында Икрамы бар. Икрам да курстас.
Іле-шала Қарағандының ыстық сәлемін арқалап Дания төбе көрсетті. Педагог. Ғылым жолындағы әрекетте. 30 жылдан кейін көріп тұрғанымыз осы. Баяғы қалпы. Көп оқитын мінезінен өзгермеген. Астанадан алып-ұшып Дина қосылды олардың қатарына.
24 қазанда сағат 12.00-де Қазақ ұлттық университетінің алдында әл-Фараби ескерткішінің түбінде шұрқыраса көрістік. Ыстық құшақтасу, ықыласпен сүйісу, зілсіз қалжыңдасу, қағыта сөйлеу секілді дағдыларымыз әлі қалмапты. Бәрі баяғыша.
Кәсіподақтың жұмысын жандандырып жүрген сырбаз Тажис те келіпті. Сәкен Сейфуллинше ұқыпты қиылған сұлу мұрты, қыздар сүйсіне қарайтын қыр мұрыны студенттік шақтардағы жігіттік күндерді еске салады. Сырбаз.
Шырайлы жүзінен шұрайлы күлкісі үзілмейтін Асханын жетектеп «Қазақ солдаты» атанған жазушы Шойбек Орынбаев келді. Оның бір есімі «Гаубица». Олай дейтініміз әскерден келе оқуға түскен Шойбек солдат өмірінен әңгіме айтудан жалықпайтын. Чехословакияда екі жыл болған. Қит етсе «біз әскерде жүргенде» деп басталатын естелігі өзінің Төле би туралы романы секілді өте қалың, жуық арада аяқталмайтын. Асханмен оңаша кездескенде де махаббаттан гөрі әскер өмірі, өзінің «гаубицасы» туралы шежіре сыр айта жөнелетін Шойбек қой бұл. Содан оны Оңтүстік Қазақстан облыстық газетінің жауапты хатшысы Асхан осылай атайды.
Шымкенттік ерлі-зайыптылар Ертай мен Алма бар қастарында. Ертай облыстық газеттің бас редакторының орынбасары. Алма әкімшілікте. Бұлармен Қызылорда облыстық газетінің бас редакторы Серік Пірназаров та келуі тиіс-тін. Соңғы сәтте Серіктің бұл курсқа сырттай оқудан ауысқаны есіне түсті ме, кездесуге де сырт қарапты. Келмеді. Ол жақтан келеді деген Ізмұрат та, Бейбіт те хабарсыз. Керісінше Шәкизада ақын жетті алып-ұшып. Ол Германиядан төтелей ұшып келді. Өзі неміс жерінен, келіншегі Тұрсынкүл Қызылорда топырағынан бір-біріне қарама-қарсы ұшып, Алматы аспанында тоқайласып, университет қалашығында жолығысты.
Сайын Бекбаев әдеттегідей сабаққа кешіккендей кездесуге де кешігіңкіреп келді. 100 кг. штанганы жерден жұлып алғанда былқ етпейтін ұстамды мінезінен айнымапты. Ә дегеннен староста боп, биліктің тізгінін алып үйренген Орынбасар Дөңқабақов тұр шіреніп. «Кімнен сұхбат алсам екен? Маған сұхбат беретіндей деңгейде кім бар екен мыналардың ішінде?» деген маңғаз кейпінен астарлы күлкі аңғарылады.
Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, біреуді түрткілемесе ішкен асы бойына дарымайтын Балтабай Бөтенбаев қосылды сапқа. Шашты шалқасынан тарап, кербездене керіліп жүретін Балтабай құрдастың қою, қайратты қара шашын кеше жауған әппақ қардай тұтас ақ қырау шалыпты. Ақ қырауды мойындайын деп тұрған Балташты көрмедік. Жан-жағын баяғыдай көз сүзе арбап, тексере, тіміскілене қарайтын дағдысынан жаңылмапты. Әзілін тастамай, айналасын қағытып жүретін бизнесмен Әнипа жазушы күйеуі Сәбит Дүйсенбиевті ертіп, елден бұрын келген сыңайлы. Жеңіл әзілмен тиіскені сүйіскені секілді Әнипаның ол қалжыңына бүкіл курс үйренген.
Мектепті жаңа бітіріп келгендер біздің курста көп еді. Әскерден келгендер олжалы болды. Жас қыздарға қырыңдауды солар бастаған. Оқуға түсе салысымен Еңбекшіқазақ ауданына жүзім теруге апарды. Жүзімнің әр жүйегіне екі адамнан түседі. Бірі – ұл, бірі – қыз. Одыраңдап жүрген староста Орынбасардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс». Соғыс жылдарындағы ауылды бір шыбықпен үйіріп, билік жасаған «селсебеттер» секілді. Кімді кіммен түсірем десе де Орекеңнің еркінде. Жігіттер Орекеңді жағалап, «ағалап», қармақ салатын қыздарына ен тағып, бір жүйекті таңдап жатыр. Бірақ сол жүйек жүйелі роль атқарды. Талай махаббаттың тағдырын шешті. Көрші жүйектегі мектепті жаңа бітірген Ділдар әскерден келген Ертайға төтеден сұрақ қойды.
– Жүретін қызыңыз бар ма?
Қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған өлке – Қызылорданың қазағы Ертай салған жерден дүңк етсін:
– Бесіктен белің шықпай жатып осындай сұрақ қойғаның ұят емес пе?
Ызаға булыққан Ділдар ыңғайсызданып жылап қалған. Сол «бесіктен белі шықпаған» қыз бүгінде үш баланың анасы. Оның мазасыз күйеуі Қыдырәлі Қойтай – әйгілі «Басқатырғыштың» қожайыны. Ол Сырыммен оқшау шетте адам түгендеп әуре. Өйткені кездесудің «исі» шыққалы ұйымдастырушы да, шақырушы да, курстастарды іздеуші де осы екеуі.
Қыдырәлінің еңбегі зор. «Хабардың» «Бармысың, бауырымы» оның қасында арқан есе алмай қалды. Қазақстанның түкпір-түкпіріне телефон шалды. Бәрін тапты. Тіпті сонау қиырда, Шығыс Қазақстанның бір қуыс қолтығында орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ беріп жүрген Хабиба Ахметовамен де сөйлескен.
Эра Орманова. Ақын. Аңқылдаған мінезі, саңқылдаған сөзі баяғыша, тұрған жерде киіп кетіп, би болса биін, сөз болса сөзін, өлең болса өлеңін өре жөнелетін қалпынан айнымаған. Онысы өзіне жарасады. Жоқ жерде бұртия қалып, біраздан соң бәрін ұмытып, қайта кірісіп кететін жарқын көңілі кездесуді «тірілтті», бойына қан жүгіртті. Жымиып қойып сөз саптайтын Жанымгүл де сол кездегідей. Күйеуі көлеңкеде ұстай ма, өңін бермеген.
Гүлнар Рысбекова да қызу әңгімеге араласыпты. Қыдырәліге ылғи өкпесін көлденең тартады. Өйткені Гүлнардың бірінші курста-ақ комсоргтық қызметі ұзаққа созылмаған. Даярлық тобынан Қыдырәлі, Ғалымбек сынды қартамыс «қырсықтар» бастаған «бүлікшілдер» мектепті жаңа тәмамдап келген Тәшкеннің қызын қызметінің қызығын көрмей жатып, мәнсабын ерте тұншықтырып, орнынан түсуге мәжбүрлеген.
Жалпы, бір-біріне үйленуден рекордтық көрсеткіш жасаған біздің курстастар жайлы баспасөзде біраз жазылды. «Курстың тәуір жігіттеріне уақтысында күйеуге тиіп алған біз басқалардан бақыттырақпыз» дейді Асхан көңілі түсіп, Шойбектің қылықтары ұнап тұрғанда. Біздің де аракідік «Бесінші жатақханадан шықпаған біз байғұс бес жыл бойы ЖенПИ-дің қайда екенін білмей кеттік қой. Оның қайда екенін енді-енді біліп жүрміз» деп қоятынымыз сондықтан.
Елдің құлағын көтеріп, мазасын алған павлодарлық Ғалымбек пен Ақмаралдан хабар жоқ. Үйлеріне қонақ кеп қалыпты-мыс. Атыраудағы Әбілхан, Тараздағы Сапарғали «құдалыққа бардық» дей ме-ау, әйтеуір тым-тырыс. Құдалықтың бір киітін қимаған ғой. «Қойшының қызы қой келгенде шашын тарайды» дегеннің осы тұста орайы дөп боп тұрған сияқты. Тілеген келе алмайтынын білдірген. Аяш-Арысбай да. Қамысбай шулатып кеп, шулатып кетуші еді. Бұл жолы жым-жылас, үн-түнсіз. Алматыдағы Света әбден дайындалып жүріп, кездесу өтетін күні курортқа аттанып кетіпті. Кездесу қайта-қайта шегеріле берген соң балалары мен күйеуі оның енді болмайтынына әбден сендірсе керек.
Улап-шулап өзіміз бітірген журфакқа бардық. Олар бізді күтіп отыр. Алдында ғана университеттің 75 жылдығы тойланған. Соған қарамастан деканат біздің кездесуге ерекше мән беріпті. Факультет деканы Ғалия Ибраева құрақ ұшып күтіп ап, бірінші курстың студенттерімен жүздесу ұйымдастырды. Болашақ журналистермен болған кішігірім әңгіме отыз жыл бұрынғы біздің ең алғашқы кездесуімізді еске түсірді.
Аты дүрілдеп тұрған Оралхан Бөкеевпен болған ұшырасу ұмытыла ма?! Екпіндеп сөйлеп, «Шұғаның белгісін» айтып шыққанда аузымызды ашып, көзімізді жұмғанбыз. «Маған сөйлемдерің ұзақ деп сын айтады. Мен оны ешқашанда қысқартпаймын. Сол ұзақтық – менің артықшылығым болар, сол ұзақтық шығар мені Оралхан Бөкеев етіп тұрған. Егер оны қысқартсам, мен де көптің бірі болып қала берер едім. Сондықтан да мен ел шығып жатқан есіктен емес, терезеден түскім келеді» дегенде дүркірете қол соққанбыз. Сол күні бәріміздің есіктен емес терезеден шыққымыз келгені рас. Оралханның сөзінен кейін мектепте оқып жүргенде бірнеше рет терезеден секіріп кетіп, сабақтан қашқанымды іштей ерлікке балағанмын.
«Бүгінгі жүздесуде болашақ журналистерге осындай әсер қалдыра алдық па?» Осы ойдың бәрімізді толғандырғаны ақиқат. Эра әдеттегідей жұлқынып шығып, өлең оқыды. Сол кездегі ұстаздарымыз Рахым Сатаев пен Қоянбек Ахметов естеліктер айтты. Деканның елгезектігіне, барын көрсетуге деген құштарлығына, ыстық ілтипатына ризашылығымызды білдірдік.
Біздің курс ҚазМУ қалашығындағы жатақхананың алғашқы тұрғындары. №5 жатақханаға ең алғаш біз қоныс тептік. Жаңа оқу корпустарында білім алмағанымызбен жатақханасына тұңғыш жайғасқанымызға, сол кездегі мөлшермен есептегенде «рахаттанғанымызға», бек ризамыз. Жатақханаға бардық, бөлмелерімізді көрдік. Студенттердің жұпыны болса да ықыласты шәйінен дәм таттық. Ол жерде отырып, өткенді еске түсірдік. Назар курстасымыздың Оралхан Бөкеевтің «терезеден түсу керек» дегені «өтіп» кетті ме, балконнан балконға секіріп, бесінші қабатқа емін-еркін өрмелеп шығып жүре беретінін ойға алдық.
Телевизор тұратын фойеге кіргенімізде мына бір қызықты жәйт санада қылаң берді. Студенттер кешкісін сол фойеде телевизор көріп отырғанбыз. Кенет Алматының көріністерін беріп жатқан көгілдір экран Достық даңғылының бойындағы «Үш баһадүр» деп аталатын алып үш үйді көрсетіп тұрып қалды. Ол үйде деканымыз Темірбек Қожекеевтің тұратынын бәріміз білеміз. Бізден бір курс төмен оқитын Мәди Қайыңбаев болуы керек:
– Е, мынау Қожекеевтің үйі ғой, қараңдаршы, өзі балконнан қарап тұр, – деп жанұшыра айқайласын.
Осы кезде:
– Ей, Қайыңбаев, Қожекеев балконнан емес, сенің көк желкеңнен қарап тұр, – деген ұйықтап жатып ажырататын деканның даусы шын мәнінде көк желке жақтан шықты.
Жалт қарасақ, Қожекеев тұр. Сасқанымыздан рахаттанып күле де алмағанбыз. Сол күлкі сол фойеде отыз жылдан соң қайта оянды. Жатақхана алдында бір сенбілікте отырғызған ағаштарымызды түгендедік. Отыздан асқан ағаштар да кексе тартыпты.
Арамыздан шыққан бизнесмен Сырым Құлажанов отыз жылдық кездесудің шығынын өзі көтерді. Дағдарыстың уақтысында ол да бір меценаттық демушіліктің үлгісі еді. Көктөбенің баурайындағы мейрамханадағы мерекеге кураторымыз 80-дегі Әбілпайыз Ыдырысов ағамыз қосылды. Кешігулермен абырой-атақтарын аспандатып жүретін шенеуніктеріміз де жетті-ау. Олар үкіметте істейтін Жолтай, әкімнің кеңесшісі Кеңесбек, аудандық әкімшіліктің жауапты қызметкері Иемберді болатын. Сондай-ақ Бішкектен жатақхананың бесінші қабатына арқансыз өрмелеп шығатын Назар да келді өмірлік серігін қолтықтап.
Қынабай марқұмның жұбайы Клара, Мәншүк марқұмның екі қызын бағып-қағып отырған сіңлісі Майра да бар. Тұрсынның жұбайы Айман да келген. Отырыстың басында дүниеден ерте қайтқан курстастарымыз: Ерғалидың, Қынабайдың, Мұраттың, Тұрсынның, Кеңестің, Мәншүктің, Едігенің, Серіктің, Беріктің, Гүлзәкираның, Диханның әруағына бағыштап, құран оқыттық.
Кеш өте әсерлі болды. Ең алғаш үйленгендердің қатарындағы Шойбек пен Асханның тойында тұңғыш рет Әбілпайыз ағамыз Заря жеңгемізбен Бекежан мен Жібектің ариясын айтқан еді. Есіктен шығып кетіп, сырттан қолын соза шырқай кіретін Бекежанның роліндегі Әбілпайыз ағамыз бүгінде сексеннің сеңгірінде. Сырттан жүгіріп кіріп, шырқай жөнелуге жағдай көтермейді. Сексен дегенін істеп отыр. Бұл жолы орындарында тұрып шырқады екеуі. Сол әуен, сол дауыс. Па, шіркін! Қандай керемет! Айтпақшы, Шойбек пен Асханның тойынан соң ұмытылмайтын оқиғаны бастан кешіріп, «Тойдан кейінгі бой» деп мынадай әзіл жазғанбыз кезінде.
1976 жыл. 8 май. «Стрела» мейрамханасы.
ШОЙБЕК пен АСХАННЫҢ
ТОЙЫНАН КЕЙІНГІ «БОЙ»
Бәрі жақсы.
Үйленді екі ғашық!
Бойдақ жүрген курстың жолын ашып.
Ішті-жеді аш құрсақ студенттер
Қызды бәрі шетінен дарылдасып.

Айра-жайра барлығы шешілді бір,
Шешілді бір самалдай есілді бір.
Атқамінер Орекең староста
Тамада боп бұл тойда көсілді бір.

Араласып үйренген ерте бізбен,
Әбілпайыз ағамыз жеңгемізбен
Бекежан мен Қыз Жібек жырын айтты,
Аққудай боп жарасып көлде жүзген.

Гу-гу думан, орнады демде пейіш,
Білдірмедік әзілге, әнге кейіс.
Қызыл күрең коньякты сыздықтатып,
Жұтып отыр Қабижан Пәңгереич.

«Ішімдіктің алмаңдар аяғын – ақ»,
деп Қоянбек ағамыз таянып ап
сыбырлайды.
Ол ақыл крандарын
Жауып қойған жігіттер баяғыда-ақ.

Армансыз-ақ сабаздар гуілдеді,
Сөздерінен ақ боран уілдеді.
Шешіп тастап көйлегін Аяш отыр
«Шойбек құсап үйленем бүгін» деді.

Үш отырып орнынан үш тұрады,
Ондай кезде сөзді кім қыстырады,
Үйлендірмей жүргендей кесір қылып,
Күл-парша ғып сындырды люстраны.

Жатыр жерде сынығы жалт-жұлт етіп,
Айыппұлын төледік қалт-құлт етіп.
Төбелестің иісі бұрқырап тұр,
Тек басталса жеткені сарт-сұрт етіп.

Қосылмайтын абырға, дабырға да,
Жолдасы боп жүретін сабыр ғана.
Сөз тимеген Тілеген атып тұрып,
Тілек айтты үндемес қабырғаға!

Той да бітті. Қайтатын кез де келді,
Ап кетерсің сүйретіп өз денеңді.
Былқ-сылқ еткен шаламас, шалажансар
Қалай ғана тастайсың өзгелерді.

Қарамастан көйлекке, нәскиге де,
Аяш отыр мінбейді таксиге де.
Баратын жер тек біреу – жатақхана,
Мыналар да жүрмейді –
тас: мый, дене!

Кілең бұзық, кілең пәс, орта бойлы,
Орта бойлы болса да шортан ойлы.
Тоқтамайды ештеңе,
әй, әйтеуір
бір мәшинені ұстадық бортовойлы.

Тұрған жері төбелес, жолы –майдан,
Шекелері торсықтай шодырайған.
Қамысбай мен Кеңесбек, Мұрат, Аяш…
Орта бойлы осылар одырайған.

Өңкей әтеш қайтпайтын қайсар қандай,
Бортовойға тиедік қой салғандай.
Жатар емес тыншып бір мәшинеде
Атып-атып тұрады сайтандардай.

Бірін-бірі соғады, тістелейді,
Ажырата алмаймыз – күш кемейді.
Ортасына кузовтың жатып алып
Май піскендей бір-бірін піспелейді.

Оқыс-оқыс бортовой бұрылады,
Бұрылғанда құлайды, «қырылады».
Аумасын деп сырт жаққа күзетіп тұр
Едіге мен Толымбек, Қыдырәлі.

Бортовойда төбелес «қайнап» жатыр,
Қамысбайды Ғалымбек шайнап жатыр.
Арысбайды тістелеп құлағынан
Жездесіндей біреуі «ойнап» жатыр.

Кететіндей мынадан тау дірілдеп,
Отыр әне Тұрсындай дәу гүрілдеп.
Шатаққа да үйреніп өн бойымыз,
Жатаққа да жеттік-ау әупірімдеп.

Ауласына келдік-ау біз градтың,
Қайран уақыт тым ұзақ сырғып ақтың.
Азырқанып үш сомды тұрған шопыр
Тұра қашты көрді де Ізмұратты.

Қуып берген шопырды – қызталақты,
Үндемейтін мінезге ұста қатты
Тілі де жоқ, Ізмұрат түрі де жоқ
Монтировка қолына ұстап апты.

Ол бір кезде құмар-тын сый-атаққа,
Көзін салған биікке – қия, таққа.
Ештеңені көрмеген Шәки шайыр
Атой салды кіріп ап биофакқа!

Тұрып қалдық бәріміз ошарылып,
Бойымыздан қуат, күш, от арылып.
Томардай боп бір кезде кетті дейсің,
Сап-сау тұрған Тұрсын да қопарылып.

Ұмытылып теп-тегіс тақтай-қылық,
Салды дейсің асау бір аттай бүлік.
Сайын, Тұқаң, Қамысбай, Ғалымбекті
Лақтырады шиырып доптай қылып.

Сөйлейтұғын кідірмей көсіліп ап,
Пікірі де ақ Мұраттың, шешімі де ақ.
Бой тасалап есігін құлыптап алған
Кеңесбекті іздеп жүр шешініп ап.

Айқайлайды, керіліп өңеш кетті,
Тер басыпты ашулы дөңес бетті.
Қал-қалш етіп қолдары дірілдейді,
Сабамақшы ұстап ап Кеңесбекті.

Ол да бастап өзгеше бір бүлікті,
Света да қыздарды күлдіріпті.
Отырып ап үстіне былш еткізіп,
Ғашықтардың тортын да бүлдіріпті.

Осылай жүректерді өртеп едік,
Осылай КазГУ-де еркеледік.
Светаның, әттең-ай, арқасында
Арман болған тәп-тәтті торт жемедік.

Өмір деген өткінші, бір күн елес,
Курстастар, баяғы күлкіңе көш.
Ең алғаш боп шаңырақ біріктірген
Мына тойды ұмыту мүмкін емес!

Қаяу салып көңілді ұлытпаңдар,
Енді қанша атады ұлық-таңдар!
Тарих болған, болашақ жарық болған
Осы тойды мәңгілік ұмытпаңдар!
Рахым Сатаев та құралақан емес екен. Жетпістен асқан ағайымыз да ән салсын аспандатып. Эра билесін кеп шыр айналып. Шәкизада төгілтіп жыр оқысын. Света болғанда «Әдемі-ауды» орындайтын-ақ еді. Әттең…Ақмарал мен Ғалымбек болғанда күлкіге қарық болып, жырға сусындайтын едік. Әттең…Мезгілінен бұрын бұл жалғаннан ерте өткен он курстасымыздың төрт көзі түгел болғанда…Әттең…
Қуаныштары мен өкініштері қатар өрбіген екі күн отыз жыл жинаған сағынышымызды баса алмады. Жылы-жылы құшақтасып тарастық. Тағы да бір-екі күн болса деп едік.
Әттең…
Енді қашан көрісіп, шүйіркелесерімізді бір Алла білер.
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

Білім, дін, Дидар-ғайып


  1. Жанна
    23rd Сәуір., 2010 at 10:14 | #1

    Студенттік кезең ең қызықты да умытылмас уақыт қой. Мақаланы басынан аяғына дейін орнымнан қозғалмай оқып шықтым. Өте қызық. Өзімнің де студенттік кездегі, әсіресе КазГУград-тағы кездерім есіме түсті… Шіркін! Сол уакыттыр кайтып келсе ғой… =)

  2. Жанна
    23rd Сәуір., 2010 at 10:15 | #2

    Студенттік кезең ең қызықты да умытылмас уақыт қой. Мақаланы басынан аяғына дейін орнымнан қозғалмай оқып шықтым. Өте қызық. Өзімнің де студенттік кездегі, әсіресе КазГУград-тағы кездерім есіме түсті… Шіркін! Сол уакыттар кайтып келсе ғой… =)