Дін арқылы рухани құндылықтарға бет бұру…
Мәдени ынтымақтастықты, этносаралық төзімділікті дамыту және өзара түсіністікке тәрбиелеу рухани құндылықтардың маңызды құрамдас бөлігі болмақ. Өйткені біз – әлемдегі басқа мемлекеттерден көп диаспоралы және ұлтты, көп конфессиялы қоғамымызбен ерекшеленетін елміз.
Парламент Мәжілісінің депутатының бірі айтқандай-ақ, тәуелсіздік алған жылдары Батыстың белді сарапшылары біздің елдігімізге күмәнмен қарағаны жасырын емес. Бірақ көріпкелдердің күпілдек болжамдары көпіршіп барып жоғалды. Әрине, кейінгі кезде қоғамдағы діни ахуал өзгеріп барады. Бұл уақыт өте келе ұлтымызға, тұтас еліміздің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Өзге секта өкілдерінің арандатушы жұмыстарын айтпағанда, дәстүрлі діндердің өзінде бөлінушілік орын алып жатыр. Бірақ бұл ұзақ мерзімді мүдде тұрғысынан алғанда әлі де пісуі жетпеген мәселе.
Рас, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада Бүкіләлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайының жабылуында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев діннің атын жамылған жалған бірлестіктердің дүниежүзіндегі саны мен ықпалының артуына ерекше назар аударды. Және де құр ғана бақылап қоймай, сынға алып «Мұндай бірлестіктер әлемнің барлық елдерінде дерлік кездесумен бірге, негізінен қазіргі заманғы қиындықтардың арқасында паразиттік күн кешуде ,- деді. Және де ол «Олардың басым көпшілігі сәнді бет-пердені жамылып, қитұрқы әрекеттерге барып, уытты идеяларды таратуда. Мұндай нұқсанды әрекеттердің салдарынан тек сенім-нанымның ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам мен мемлекеттің де өз тұғырынан таю ықтималдығы зор»,- деп атап көрсетті. Осыған байланысты Н.Назарбаевтың діннің атын жамылған осындай жалған бірлестіктердің әрбір қадамына тосқауыл қою арқылы азаматтарға кері әсеріне қарсы тұруға шақырғаны және есімізде. Бір анығы, әйтеуір, дінаралық диалогтың қазақстандық тәжірибесін әлемдік діндер көшбасшылары да мойындады және қолдау көрсетті. Мысалы, Астанада 2003 және 2009 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының қаншама съезі өтті.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев 2008 жылғы 24 маусымда өткен ішкі саясат және идеологиялық жұмыстар мәселелері жөніндегі кеңесте қазіргі кезеңдегі ішкі саясаттың басты басымдықтарын, ұлттың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ету, оның бірлігін нығайту керек екенін атап, Ұлтаралық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімнің құндылықтары «халық бірлігі» деген ұғымға шоғырлану керек» деген-ді. Яғни, қол жеткізген жетістіктерімізге тоқмейілсімей, дін арқылы қоғамның рухани құндылықтарын одан әрі дамытуға күш салу қажет» деген ой айтқан болатын.
Осы ретте бір айта кетерлігі, күні кешегі «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының ұсынған Тұжырымдамасының жобасында республика аумағындағы ұлтаралық қатынастарға, халықтық әдет-ғұрыптарына нұқсан келтіретін діни ағымдардың қызметтеріне заңмен қатаң тыйым салу көзделіпті. Алайды, мұндай тыйым салулар әлдеқашан Конституциямен, қолданыстағы заңнамалармен қарастырылып қойғанын батыра айту керек. Конституцияның 5 - бабына сәйкес, діни алауыздықты қоздыратын, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін бірлестіктердің қызметтеріне тыйым салынады. Яғни, бұл жаңалық емес, себебі мемлекеттік саясаттың тәжірибесінде бұрынан қолданылып келе жатқан шаруа. Жобада қазақстанның конфессиялық саясатының озық үлгілері ашып көрсетілмеген. Оның орнына діни экстремизмге, теріс пиғылды діндерге қарсы күрес сияқты дабыл қақтыратын миссияларды кезек күттірмейтін мәселелердің бірі ретінде қарастырып отыр. Біздің елімізде шегіне жетіп отырған мұндай проблемалар жоқ деп айтуға толық негіз бар.
Дау жоқ, демократия өзгенің пікіріне төзімділіктен басталады. Бір жағынан, осы негізден күш алатын сыртқы саясат білігі де елдің ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру құралы болып табылады. Екінші жағынан, пәрменді сыртқы саясат жүргізу үшін, әсіресе, төңіректегі ахуал шиеленіскен кезде ел ішінде өзінің байыпты да салмақты, ұлттық мүддеге негізделген қадамдарын қолдаушы да, талап етуші де саяси күштердің болуы – мемлекеттік қажеттілік. Бірақ саяси өмірдегі пікір алуандылығын баррикада құру, тосқауыл жасау, екі жаққа бөліну деп сипаттауға болмайды. Өйткені, пікір алуандылығы - кез-келген қоғамның даму шарты. Ал идеологиялық саяси әр алуандылық Конституциямызда көрініс тапқан. Сондықтан да бұл көзқарасты біз қазіргі қалыптасқан саяси коммуникацияның бір көрінісі деп білеміз.
Жалпы, саяси кемеңгерлігі мен рухани байлығы жағынан Қазақстанға әлемнің кез-келген елі қызғана әрі қызыға қарай алады деп батыл айта аламыз. Осы тұрғыда, Елбасының жүргізген сарабдал саясатының аясында дін арқылы рухани құндылыққа қарай бет бұру үрдісі кеңінен етек ала бастағанын есте ұстаған жөн. Санаулы жылдар ішінде Қазақстанда бірегей дінаралық келісімді қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің өзіндік үлгісі құралды. Дін саласындағы басты мемлекеттік саясат – конфессияның рухани рөліне құрмет көрсету болып табылады.
Е. Масанов
ҚазҰУ оқытушысы