Тыңдарманы көп тәлімгер

4-Ақпан. 2010

Жұмаш Арғымбайұлы журналистика саласында 45 жылдан астам еңбек етіп, соңғы 6-7 жылда бұқаралық ақпарат құралдары мамандарын даярлап, шәкірт тәрбиелеп отыр. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Халықаралық журналистика бөлімінің аға оқытушысы.Ол мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ мақала, аракідік өлең жазып жүреді. Тырнақалды туындылары аудандық, облыстық газетке басылып тұрады. 1957 жылы Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебін бітіріп, 1963 жылға дейін туған жері Жамбыл ауданына қарасты Қастек ауылында жұмысшы, механизатор, кеңшар комсомол ұйымының хатшысы қызметтерін атқарады. 1963 жылы аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен» ) газетіне жұмысқа орналасады. Онда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып еңбек етеді.
1968 жылы Алматы Жоғарғы партия мектебіне арнайы жолдамамен оқуға түсіп, 1972 жылы бітіріп шығады. Өзі жолдама берген облыстық партия комитеті Жұмаш Арғымбайұлын облыстық «Жетісу» газетіне жібереді. 1984-1989 жылдары аталған газетте бөлім меңгерушілігінен бастап жауапты хатшы, редактор орынбасары лауазымдарына дейін жоғарылап, зейнеткерлікке шыққанша осы ұжымда 32 жыл үздіксіз әрі жемісті қызмет атқарады. Бүгінде мол кәсіби тәжірибесін кейінгі толқынға үйретіп келеді. Сонымен қатар соңғы жылдары «Терең тамырлар», «Сағыныш жылдарға саяхат» атты қос кітабы оқырманға жол тартты.
Бүгінде қарымды қаламгердің тәлімін көрген Уәлихан Қалижанов, Жұмагүл Солтиева, Күмісжан Байжан, Жұмабай Шаштайұлы сынды танымал журналистер ұстаз еңбегін паш етіп келеді: Қызметтестері, шәкірттері мен құрдастары жетпістің желкенін көтерген абзал азамат жайында зор ілтипатпен ой қозғайды.
Қазақстанның құрметті журналисі Орысбай Әбділдаұлы айтқандай «Бұрын оқырманы көп болса, енді тыңдарманы көп» журналистика жампозының жетпіске толған мерейлі тойы тойға ұлассын.

Білім, дін