Ел бірлігін бүтіндейтін құжат

4-Ақпан. 2010

Ел бірлігін бүтіндейтін құжатКез-келген елде ұлттық бірлікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді әрі табанды түрде жүргізетін стратегиялық басымдықтары болып табылады.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұстанымы бойынша құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай бұлтармас қағидадан барып өмірге келген. Яғни, этностық-мәдени орталығының қызметі мен ұлысаралық және конфессиялық келісімді қамтамасыз етуге бағытталған мәселелерге мемлекет саясаты араласпай қалмайды.

Әрине, бұл әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар жағдай. Бірақ Қазақстан ахуалы айтарлықтай өзгешелігімен, бірегейлігімен дүниежүзі жұртшылығын өзіне қаратып отыр. Өйткені республикамызда жүзден астам этностар мен 40-тан астам дінаралық бірлестіктер ешқандай қақтығыстар мен тартыстарға ұшырамай, татулық пен шынайылықта өмір сүреді. Қырық темірдің қылауындай тілі де, діні де, ұғымы да басқа азаматтардың басы бір қазанға сиып кеткен десек артық айтқандық емес. Сондықтан, төзімділіктің Қазақстандағы ұлысаралық үлгісінің соны құбылысы жалпақ жаһанға әйгілі болуы тегін емес.
Мұндай тұста елдегі жүргізіліп отырған саясаттың дұрыстығына көзің жетеді. Ол – қоғамдық ой-сананың ширап, жетілуіне ыңғайлы да қолайлы жағдай тудырған үдерістер. Соның арқасында елдегі азаматтық қоғамның ақыл-парасаты басқа жұрт межелеген, белгілі деңгейден де биігірек болып өсе түсті.
Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында: «Біздің ең үлкен байлығымыз – тәуелсіздігімізді сақтай отырып, мемлекетімізді нығайту. Оған ең алдымен бірлік керек. Ал мұны халықтар бірлігінде ғана іске асыруға болады. Бірлік бұл біздің болашақ республикамыздың негізі» деген еді.
Ғасырлар бойы ұлтымыз айрықша қайырымдылығымен, қонақжайлылығымен, жаңашылдығымен әр уақытта ерекшеленіп отырғаны мәлім. Қанша жанына бататын әрекет жасалса да, әуелі ақылына жүгінеді. Нешеме жерден өзгенікі қате болса да, оны достық ниетпен мәмілеге шақырды және төңірегіндегі ағайынды «таспен атқанды аспен ат» деген ұлағатты сөзімен басып отырды. Терминология тіліндегі «толеранттылық», қазақша «төзімділік» деген – осы. Біз бұл сөз терминге айналмай тұрып-ақ, оның мазмұнын ежелден қағидамыздың бірі етіп жадымызға түйіп алғанбыз. Қазақы қоғамдық сана – адамзаттық өлшемнің алды және қате де болып табылмайды.
Мысалы, тоталитарлық жылдарда жазмыштың айдауымен келген түрі мен тілі басқа бауырларды өз жерінде бар ықыласымен қабылдап, ашаршылық өзегін суырса да, олармен бір үзім нанды бөлісіп жеді. Қазір де бұрынғы кеңес өкіметі кеңістігіндегі мемлекеттердің ішінен Қазақстан көші-қондық қозғалыстардан бас тартпаған. Қайта көптеген этностардың белсенді бірлестігі мен татулығын уыздай ұйытып отыр. Осыдан кейін барып басқа этностың өкілдері өздерін Қазақстанда туғандай және бұл қоғамға әрқашанда керек екендігін сезінеді.
Енді олар Қазақстан халқы бірлігінің маңызды факторына айналған мемлекеттік тілді меңгеруі қажет екендігін әбден түйсінді. Бұған ешкім оларды мәжбүрлеген жоқ. Отанынан алуындай алды, соның қарымына мемлекеттік тілді үйрену арқылы бұдан әрі қарай жамиғатқа тың серпіліс әкелмек.
Бұл жерде жоғары саналы, табанды төзімділік танытқан қазақ халқының үлкен үлесі барын айта кеткен жөн. Бұдан былай да білім жүйесі мен тәрбие арқылы Қазақстан қоғамында азаматтық сәйкестікті қамтамасыз ететін серпіндерді дамыту қажет. Қазіргі уақытта мелекетіміздің болашағы оның азаматтарының жоғары танымдық деңгейіне, қоғам алдындағы жауапкершілігіне байланысты екендігін жас та, кәрі де әбден ұғынды.
Осының нәтижесінде біздің қоғамның ой-санасы кезекті белеске, сапалы жаңа деңгейге шығып отыр. Соның айқын дәлелі –талқылауға ұсынылып, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Ел бірлігі» доктринасының жобасы. Қашан да қалың бұқараға қажет идея – татулық пен достық екені белгілі. Жаңа жоба – салт-дәстүрді ұмытпайды, достықты ұлықтайды. Осы доктрина қоғамдық ой-санаға тың серпін беріп, ұлттық мүддені көңіліміздің көкжиегіне көтеретіні кәміл. Және, бұқараны бүтін күйінде жарқын болашаққа апаратын дұрыс сана-сезімді қалыптастыратынына сенім зор.

Саят Баймұратұлы
«Ынсап» қоғамдық қорының төрағасы

Ақпарат, Білім, дін