Ана жүрегі
Бүгінде ардақты ана, асыл әже атанып отырған Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келіні – ел анасы атанған елеулі жандардың бірі, халық қадірлісі. Ол тек отбасы емес, ауыл-аймақ, күллі елінің келешегіне алаң болып, амандық тілейтін ел анасы. Қазақ халқын айрандай ұйытып отырған Елбасынан бастап, билік басында жүрген әрбір азамат, туған халқы мен ағайын-жұртының әр қимылына баға беріп, жүрек сүзгісі, ақыл таразысынан өткізеді. Ол өзі туған еліне сонысымен де қадірлі.
«Тәрбие туралы толғаныс»
Қашан да пенде атаулының бәрі уақыттың құлы. Өйткені құм сағат сырғып өткен сайын адамдардың тынымсыз әрекеті жалғасып, дүниеге күн сайын жаңалық әкеледі. Ал жаңалық дегеніміз қоғамдағы өзгерістер. Өмір сүруші қоғамды түрлендіреді, жаңартады. Сөйтіп қандай ел болса да мәңгілік бір қоғамдық қатынаста тұрып қалмайды. Белгілі бір кезең, уақыттарда өзгерістерге ұшырап, адамдар үшін бұрынғыдан да жаңа және қолайлы жағдай туғызады. Бірақ оларды уақыт үрдісіне сай жаңартатын да сол баяғы адамдар, қоғамның мүшелері. Бұл ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан үрдіс…
Дүниеде ана болу, әже атанып, оның үстіне есімдері елге танымал перзенттердің шешесі атану тіптен қиын екен. Балаларының туған халқы үшін атқарып жатқан әр ісін сырт көз-сыншы халық қалай бағалайды? Міне, мәселе сонда! Қанша рет халық қалт айтпайды дегенмен бірі оңды іс деп оңға сүйресе, екіншісі терлеп жүріп тезге салғаныңды тек өзінің басы үшін деп теріске жориды. Адамдардың бәрі бірдей ана жүрегі сынды ақ емес, кейде барды бар деп екшемейді, басқаша бағамдауға да жол береді. Ал ондайды есту- ана үшін жүрекке салмақ, санаға сын. Сондықтан бұл үшін ат арқасында жүрген әр перзенттің анасы әрдайым өз ұл-қыздарының әділ таразысы осы теледидар, оның күндіз-түні сөнбейтін көгілдір жарығы алдына отыратын сияқты болады да тұрады. Бұл да қолы қалт етсе сол экран алдына жүгіреді, болмаса қол радиосының құлағын бұрап, жаңалығын тыңдайды.
Жұрт мұны зейнетке шықты, пеш түбінде жанын бағып, тып-тыныш отырады деп ойлайды-ау. Жоға… Бір сағат та тыным жоқ. Тыным таптырмайтын өзге емес, өзі. Бұнда да тағы сол, бір күн тысқа шығып, өмірмен араласпаса, айналадағы бар жаңалықтан ада, заман ағысынан құр қалатын сияқты болады да тұрады. Рас, ана бір жылдары өзінің өмір бойы көрген-білгенін ой елегінен өткізіп жастар санасына жетсін деп қағазға түсірді. Олары тағылымдық сипаттағы түзілім болып жарық көрді. Бірі – “Тәрбие туралы толғаныс”, ал екіншісі «Айналайындарым менің» деп аталады. Екі кітапты да оқырмын қауым жылы қабылдады. Тіпті білім беру министрлігінің басшылары араласып, жастар тәрбиесіне әдістемелік құрал ретінде пайдалансақ деген де пікір айтты.
Тәрбие ісі, соның ішінде жастар тәрбиесі қай уақытта да қиын және күрделі. Қиындығы сол, әр қоғам, кезеңнің өз тәрбиесі, тәрбиелеу әдісі бар. Мүмкін біреулер тәрбие ісі кезеңге бөлінбейді, соған сай ол өңін өзгертпейді деуі де ықтимал. Сайып келгенде олай емес. ХХІ ғасырда отырып, ХІХ ғасырдағы майшам, малдың қиымен тұрмыс кешкен жалғыз терезелі жатаған үйдің болмысында ақыл айтып, қыз өсіремін, ұл жетілдіремін деу бекершілік. Ол заманғы қора тазалап, күл алған келін қазір жоқ. Тай үйретіп, тазы қосқан бозбаланы да кездестірмейсің. Бүгінгі баланы бөлмеге қамап, ертелі-кеш ақыл айтқаннан ештеңе өнбейді. Оны тәрбиелейтін көше, яғни ол өскен, ойнайтын орта. Сондықтан ұрпақ тәрбиелеймін десең, алдымен оның ортасын тап, ойнайтын құрбы-құрдасы, дос болатын серіктерін таңда.
Ерте кетіп, кеш келе ме? Кеш келсе, неге кеш келеді? Кіммен жүрді, не істеп, не қойды? Іс нәтижесі қандай, ол бүгін несімен қуантты? Әлде бұрынғыға ұқсамайтын сәл де болса оқыс қылықтар танытты ма? Оның әсері қандай?
Міне, бұл бала тәрбиесіндегі ең қажетті және талмай,шаршамай жүргізетін жұмыс.
Көп ата-ана тек тамақтың қамы деп күн ұзағына жұмыс басты болады да, бала тәрбиесіне мән бермейді. Ал бақылаудан кеткен баланың он ісінің кемінде екі-үшеуі шалыс болады. Оған дер кезінде баға беріп, ескерту жасалмаса, әлгі кемшілік одан әрі жалғасып, ұлғая беруі мүмкін. Сайып келгенде үлкендердің бала тәрбиесіндегі олқылығы осы жерден басталады. Бір қарағанда біз, ту сонау кеңес дәуірінен бастап бала тәрбиесінде үлкен олқылықтарға жол беріп келеміз. Қалай? Оған жауап беру үшін әңгімені әріден бастайық. Еркек-бас, әйел-мойын дегендей, әуелгі кемшілік бір үйдегі бір әйелді қатарға қосамыз, ат арқасына отырғызып, қоғамдық, мемлекеттік қызметтерге тартамыз, ерлермен тең қыламыз деген әсіре қызыл советтік қағидадан басталады.
Қазақ әйелдері күні кешеге дейін қоғамдық қызметтерге көп араласқан жоқ, үй шаруасымен айналысты. Соған сай шаңырақтың берекеті, үй жасауы,тұрмысы,қонақ қабылдау, бала тәрбиесі түгелдей әйел мойнында болды. Уақыт өте олар әже атанды, мұнан әрі ол немере тәрбиеледі. Бүгінгі 30-40-тағы іс басында, ат арқасында жүрген азаматтардың қай-қайсысы да солардың құшағынан шықты. Сондықтан қай уақытта да ұрпақты тәрбиелейтін – әйел. Сондықтан бұл ұлт болашағын көздеген өзекті мәселе болса керек.
…Ол осы күні осылай толғанады.
«Дін қуып жүріп, дінсіз болып барамыз ба?»
Бір қарағанда Ділдә Матайқызын аландатпайтын мәселе жоқ. Әкесі - Матай марқұм әуелден имандылықты шет көрмеді. Келген жеріндегі батагөй қария- атасы Тасмағамбет те бұл тақырыптан кет әрі болмады. Солардан үлге алған Ділдә апамыз да қайта қолы босап кетсе, имандылық турасындағы кітаптарды оқып, күніне бір-екі рет Құран Кәрімді аударып қойғанды да шет көрмейді. Мезгіл-мезгіл мешітке барып, пітір-садақасын тастайды, намазға қатысады, кездесіп қалған жастарға үлкендігін білдіріп , ақыл айтады.
Ақыл айту-парыз, ол үлкендігіңнің, көргендігіңнің үлгісі. Ойлап отырса, қазақ үшін дін біреу, ол ислам діні. Ислам діні- адамды Алланың ақ жолына үйрететін, айналадағылардың бәріне жақсылық ойлау, қолынан келсе міскіндерге көмек беру, кем-кетікке жәрдемдесу керек деп ұғындырады. Бұл бала кезден қандастарымыздың тал бойына дарыған ұлы қасиет. Оны бұл кейінгі жас, ұрпақтарына да солай деп ұғындырып келеді. Ал қазірде бәріміздің бір-ақ түсініктегі дінімізді сан саққа жүгіртіп, қыздар жағы жерге сүйретілген көйлек киіп, бет-жүзін тұмшалап, ұлдары сақал өсіріп, сәлде байлағанды әдетке айналдырды. Мүмкін бұл нағыз құдай жолына түскендердің болмыс-бітімі шығар. Бірақ «Дін», «Алла жолы» дегендерді естігеніне 70-80 жыл болған бұл жастағылардың ондай оқыс мінездерді қабылдай қоюы қиын-ақ.
Қабылдау өз алдына, айналадағыларды алатайдай шулатып, өмірде естімеген әдет-салтқа итермелеуін қайтерсіз. Үй ішінен үй тігіп, бір шаңырақтың астындағы әкелі-балалы жандардың бір дастарқан басында ортақ қазанға қол соза алмауын қалай түсінер едіңіз? Баяғыдан бері бірге ішіп келе жатқан отбасылық дәміңіз бір күнде харам болып шыға келеді. Немесе ажалы жетіп, жаны шыққан әке-шешесін ең болмаса бірер күн оң жақта ұстап, қонақ қылмай, еш адамға көрсетпестен қара жер қойнына бере салса не дер едіңіз?
Ділдә апай осылардан қорқады, дін қуып жүріп, «Дінсіз» болып барамыз деген осы емес пе?
Ақ халатты абзал жан
Тегінде ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарауға болмайды. Ділдә апайдың негізгі мамандығы дәрігер, оның ішінде акушер. Яғни ұрпақ жалғастығын жүрегімен қалайтын дәнекерші. Сол салада қырық жылдай еңбек етті. Одан арғысы өмір көшінде жалғасып келеді. Осы жылдарда ол адамдар тағдырында әр қалай сәттерді басынан кешірді десеңші. Өз артынан ерген төрт баланы тәрбиеледі. Соғыстың салқыны, жазмыштың ызғарына ұшыраған ағайындарынның үш ұлын қанатының астына алып, адам қылды. Қазір солардың бәрі де өмір көшіне ілесіп, өз отауларының түтіндерін тік өрлеткен ортаның азаматтары.
Бұлардан басқа жаңа көтерген отауларының түндігі ашылмай, ашылса да шаңырағы шайқалып, енді ғана ортасына түсейін деп тұрған жас отаулардың ошағындағы отты қайтадан маздатып, күлдіреуішіне қарлығаш ұялатқан сәттері қанша ма? Оның біразын өзінің «Айналайындарым менің» кітабында жазған да болатын. Дәл қазір соның бірі ойға оралып отырғаны.
Онда Махамбет аудандық ауруханасында істеп жүрген. Ұжымда оқуды енді ғана бітіріп, солқылдап тұрған қыздар мен жігіттер көп-ақ. Адам болғасын өмірдің түрлі-түрлі жайлары болады. Бірақ солардың бірінің бетінен бөтен қылық байқалып қалғаны. Бұл бір-екі күн бақылап көріп еді, салқындық табы кетер емес. Жоқ, бүйтіп ұзаққа созуға болмайды. Ол асханадағы қыздарға айтып, шәй қойғызды. Содан соң әлгі жігітті жанына шақырып, шәй құйды. Бірер кесені сімірген соң:
– Әкел бері, тағы да құяйын. Айтпақшы, сенен сұрайын дегенім, бір-екі күннен бері көңіл-күйің бұзылып, жағдайың болмай жүр ғой, жасырмай айтшы, не болды? – деп жас маманды сұрақтың астына алды. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» дегендей шәйін құйып, маңдайын жіпсітіп отырса жігіт несін жасырсын, суыртпақтап сөз бастады.
– Апа, «Атың жаман болса, сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтып құтыларсың?» демекші мен дәл қазір әйеліммен ажырасқалы жүрмін, – дегені.
– Ой, қарғам, не айтып отырсың? Жаман қатын болмайды, жаман еркек болады. «Жібекті түте алмаған жүн етеді, әйелді күте алмаған күң етеді». Кінәнің бәрі өзіңде. Азамат емессің бе?! – деп әлгіні біраз тықсырып алып, үйінен әйелін шақырады.
– Үйленерде берген уәдесін орындамады. «Шатырлап үй саламын, аяғыңмен жер бастырмаймын, машина аламын, үлде мен бүлдеге ораймын» деген. Солардың бірін де орындаған жоқ, – деп әлгі дәрігер жігіттің әйелі сайрап бір кеткені.
– Бетің айдай болсын, – дегені апайдың. – Сен күйеуге шығарда кімге тиіп жатқаныңды көріп-білдің бе, өзі? Бұл кеңшар директоры емес, бар болғаны ақ халатты дәрігер ғой. Тыққан қазынасы болмаса, бұған ондай байлық қайдан келсін. Бастарың жас, бөпелерің бар, еңбек ақыларыңның ауысқанын құраңдар. Сонда ғана қолдарың жетеді, әрі дүниенің қадірін білесіңдер.
– Үйленер кезде төбеңнен құс ұшырмаймын деп мені алдады, – дейді әлгі жас келін тағы да алабұртып.
– Қарағым, алатын адам не айтпайды? Махаббаттың шоғына пісіп жүргенде айтса айтқан шығар. Соның бәріне сене берген өзіңнен көр. Сонау Термезден Новобогатқа алып келерде ана жүрген ағаң да маған талай нәрсеге уәде берген. Келсем, он екі де бір нұсқасы жоқ. Сонда торсаң қағып, кері кетіп қалсам, не болғаным? Қазірде көріп отырсыңдар, Құдайға шүкір, біреуден алда, біреуден кейін дегендей, аман-есен жүріп жатырмыз. Ол нені көрсетеді? Өмір дегенің кедір-бұдыр. Соның бәріне шыдау керек.
Ділдә апай осыны айтып, келіннің бетіне қарап еді, сөйтсе ол екі көзі мөлтілдеп жылап отыр екен…
Арада аз уақыт өткенде екі жас асханадан қол ұстасып шығып бара жатты.
Сайып келгенде Ділдә апай өмірінде осындай мысалдар қаншама?! Мұның жүрегін күллі ұрпақ басындағы аумалы-төкпелі тағдыр алаңдатады. Олардың жақсысы да бар, жаманы да кездеседі. Жақсысы қуантады. Ал жаманы ше? Әрине, ол сылып тастайтын артық ет, теріс біткен бұтақ емес, адам өмірі. Оны бір мезетте жоқ қылу мүмкін болмайды. Ол үшін үзілмейтін тәрбие, алаңсыз орта керек. Сонда ғана біз келешегі келісті, басқан ізі жемісті Қазақстан азаматын тәрбиелей аламыз. Тәрбие-алтын бесік, құндағында қыруар жас өсіп, жетіледі.
Бесік демекші, қазақта «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген бір ауыз жақсы сөз бар. Қандай тамаша сөз?! Ал Ділдә апай үшін туған елі, республикасындағы әр іс оның сүзгі жүрегінен өтіп, айналасына алтын шуағын шашып тұрғандай болып көрінеді.
Ол әр күн сайын әр қаладағы балаларына телефон шалып, амандықтарын біліп тұрады. Бұл тәртіпке көнбейтін жалғыз – Иманғали. Өйткені ол ылғи да жұмысбасты. Оның елі, халқы үшін істеп жатқан игі істері болса, теледидарлар мен радио, сан саққа жүгіртіп, жазып жататын газет-журнал беттерінен оқып, көріп, тыңдап жатады. Жақсысына сүйсінеді, жаманына күйінеді. Өйтпесе ана бола ма? Бір кезде бес баланың бесігін тербеткен оның оң қолы қазірде күллі ел тербетіп тұрғандай болады да тұрады. Ел анасы атану – мүмкін осы шығар. Ол осынау кіп-кішкентай жүрегімен туған еліне шуақ шашқысы келеді. Соның тек жақсы істерін ғана көргенді ұнатады. Шіркін-ай, ала-құла деп таңдамай, айналасының бәріне жылу төгетін ана жүрегіне не жетсін.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Атырау