Құсмұрын тастың үстінде

4-Ақпан. 2010

Сүйінбай Аронұлы
Құсмұрын тастың үстінде
Ақсұңқар құс шаңқылдар.
Оны есітіп, астында
Қарға, құзғын барқылдар.
Саудагер болған ер жігіт
Шаһар мен шаһар қатынар.«Әтшу» десе, қара нар
Жүк астында тартынар.
Ақымақ жігіт белгісі –
Аз күнгі баққа алқынар.
Анық туған нәсілдің
Үлгілік жұртқа салты бар.
Жақсы менен жаманның
Шекарасын байқасаң,
Аспан мен жердей парқы бар.
Жақсылар, құлақ салсаңыз,
Әңгімеміз айтылар.
Дүние – ескі сарай-ды,
Жолаушы жүрген азамат
Көркіне оның қарайды.
Сондадағы тауарих
Көшіп өткен керуендей
Аттандырған талайды.
Өміріңнің орағы –
Қуанба көріп жаңа айды.
Жаман жігіт белгісі –
Алғаны мен бергенін
Сырттан жүріп санайды.
Жақсы болса жолдасың,
Қабағыңа қарайды.
Дүниені сарп етсең де,
Жаман сөзі болмайды.
Жаман жолдас белгісі –
Көкқұтандай көкиіп,
Шекесінен қарайды.
Жаман шіркін сөз ұқпас,
Жөн білетін азамат
Өнімді іске жарайды.
Білімділер үйретсе,
Нашардың көңілі семірген.
Шабан ат аяқ баспаса,
Шаршамай ма тебінген.
Бабындағы жүйріктің
Аузынан көбік төгілген.
Ар болады, білгенге,
Қатарынан кеміген.

Даналық мәйегі