Өркениеттер үйлесімінің көрінісі
Тәуелсіздік алған тұста Қазақстан көп ұлтты һәм көп конфессиялы мемлекет болған себепті, бірден-бір әлеуетті ұлтаралық қақтығыстың ошағы болады деп саналды. Оған Хантингтон, Бзежинский секілді мүйізі қарағайдай сарапшылар үн қосып, өз болжамдарының орындалуын күтіп отырды. Алайда, соңғы онжылдықтардағы ел ішілік саясат мұндай болжамдарды түбегейлі теріске шығарып берді.КСРО тұсында еліміздегі дәстүрлі діндер басқа діндер секілді тыйым салынғандардың қатарында болып, бірқатар қиындықтарды бастан кешірген болатын. Бірақ еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Мемлекет басшысының жүргізген салиқалы саясатының арқасында дәстүрлі діндеріміз қайта жаңғыра түсті, ол баршаға аян. Бұған қоса, жалпыөркениеттік негіздегі рухани астары бар геосаяси ірі қадамдар да жасалды.
Мәселен, Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндерінің үш бірдей Съезінде өркениеттер қақтығысына ұшырап отырған діндер көшбасшыларының бас қосып, бүкіл әлемге арналған қарар қабылдауы Қазақстан беделін жаңа бір белеске көтеріп тастады деуге болады.
Рас, бұған қоса, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елімізге аса жауапты миссияны жүктеп отыр. Енді Қазақстан халықаралық деңгейде де ұлтаралық, конфессияаралық келісімді, төзімділікті орнатуға ықпал етуге атсалысады. Сондай-ақ, алдағы жылы Қазақстан Исламдық конференция ұйымына басшылық жасамақ.
Осы орайда айта кететін бір жайт, «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының да өзге көпшілікпен Ұлттық саясат тұжырымдамасына өз жобасын ұсынғандығы турасында болып тұр. Обалы не керек, азаматтардың көп ізденгендігі көрініп-ақ тұр. Әйтсе де біраз сауалдың басын да қайыруға тура келді. Айталық, жобада әлемдік діндерге кірмейтін діни бірлестіктердің Қазақстанда тіркелуіне заң арқылы жол берілмеуі жөнінде ұсыныс айтылыпты.
Жалпы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет - деп белгіленген. Яғни біздің еліміз зайырлы, дін мемлекеттен бөлінген, мемлекет діннің, дін мемлекеттің ісіне араласпайды, діни бірлестіктердің барлығы заң алдында тең, олар ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды. Сондықтан, ұсынылып отырған бұл ұстын Конституцияға қайшы келеді» деген ойдамыз.
Тұтас алғанда, жобаның діни саладағы ұсынып отырған басымдықтары бірінші кезекте экстремизммен күрес, заңсыздық мәселелерін жою жолдарын алға тартып, дабыл қағып отыр. Әрине, бірінші кезекте мұндай іс-шаралар елімізді діни шиеленіскен аймақ ретінде танытып, қоғамда бірден үрей туғызуы ықтимал. Бұдан басқа, ұсынылып отырған миссиялардың Қазақстанның тәжірибесінде қолданылып отырған шаралар екенін де ескеру қажет.
Қазақстанның конфессияаралық үлгісін оң қырынан көрсетіп, оны дамытатын факторларды да жеткілікті түрде, нақтылап ашып көрсетсе нұр үстіне нұр болар еді. Есесіне, олар ұсынған жобада еліміздің діни саладағы озық үлгілерін дамыта түсу, дәстүрлі діндердің рөлін арттыру тетіктерін анықтау сияқты игі бастамалар жоқ. Біздіңше, ұсынылып отырған тұжырымдаманың өнебойында осы жетістіктерімізді ілгері дамытуға серпін беретін тетіктерді қарастырған абзал.
Айбек Сейдахмет