Аталар аманатына адалдық. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған істер
Сәрсенбінің сәтінде Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысының күн тәртібінде, «Мәдени мұра» бағдарламасы іс-шаралар жоспарының 2009 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары, ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттау барысы туралы екі мәселе қаралды. Президент Әкімшілігі Төрағасының орынбасары жұмысты бастамас бұрын марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз жайлы сөз қозғады.
– Біздің соңғы отырысымыздан кейінгі екі аралықта, ұлтымыздың айтулы тұлғасы, мәдениеттанушы ғалым Ақселеу Сейдімбек ағамыз өмірден озды. Ақселеу ағамыз алғашқы жылдан бастап осы қоғамдық кеңестің мүшесі болды. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға біраз еңбек сіңірді. Ағамыздың соңында көптеген еңбестері мұрасы қалды. Енді оның осы мұралары халқымыздың игілігіне аса берсін деп тілейміз, – деді.
Мәулен Сағатбекұлы одан әрі сөзінде «Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттің мәдениетке деген көзқарасын айқындайтын маңызды жоба екендігін атады.
– Жақында Елбасы белгілі өнер және әдебиет қайраткерлерімен кездескен кезде, осы бағдарламаға тағы да жақсы бағасын берді. «Биік мәдениет ұлттың көрсеткіші. Бұл бағдарлама, мәдени өміріміздегі тарихи оқиға болды» деп нақты айтып кетті. Былтырғы жылдың басында Елбасының тапсырмасымен «Мәдени мұраның 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілді. Жоспар аясында Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым, Туризм және спорт министрліктеріне соларға қарасты мекемелерге көптеген міндеттер жүктелді. Осы жоспарды орындау үшін бірталай жұмыстар атқарылды. Жаңа ғана көрмеде бәріміз көрдік, – деген Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары әлі де болса проблемалардың бар екендігінде тілге тиек етті. Олар, «Мәдени мұра» Бағдарламасы аясында басталып, кейін белгілі себептерге байланысты тоқтап қалған қорық жайындағы жұмыстар туралы, еліміздегі туризмді дамыту мәселесін қайта қарау туралы және ұлттық және әлемдік ой-сана, әдебиет және мәдениет сериялары бойынша шықпай жатқан кітаптар жайындағы мәселелер.
– Жалпы тәуелсіздік жылдарынан бері қарайғы кезеңде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2003 жылдан бастап біраз шаралар атқарылды, шетелдегі архивтерден материалдар алып келінді. Реставрациялық, археологиялық жұмыстар жасалынды. Кітаптар шығарылып жатыр. Осының бәрі тәуелсіздігімізді нығайтуға, ұлттық санамызды қалыптастыруға ықпалын тигізетін үлкен шаралар екені сөзсіз, – дейді.
«Мәдени мұра» стратегиялық жобасының 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу жайлы баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мәлімдеуінше, өткен жылы 26 тарихи-мәдени нысандарға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті.
– Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген тарихи-мәдени нысандардың ішінде Қапшағайдың түбіндегі Тамғалытас петроглифтерінде, Ақтөбе облысындағы Қарағұл, Қызылорда облысындағы Ақанас, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарашаш Ана кесенелерінде қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Бұл нысандардың барлығы дерлік Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Келешекте осы көлік дәлізінің Қазақстан аумағындағы учаскесінің бойларында көптеген мейрамханалар мен автобекеттер салынатын болады. Келген адам сол өңірдің тарихымен танысқан кезде жоғарыдағы кесенелерді көру мүмкіндігіне ие болады, – деді министр.
Бағдарлама жоспарының аясында 2009 жылы 49 қорғанды, мазараттар мен қалашықтарға археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Солардың ішінде алдыңғы жылдары басталған археологиялық қазбалар Ақмола облысындағы Бозоқ, Алматы облысындағы Есік, Қойлық, Талғар, Атырау облысындағы Сарайшық, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жуантөбе, Отырар, Шығыс Қазақстан облысындағы Берел, Шілікті, Жамбыл облысындағы Ақыртас, Батыс Қазақстан обылысындағы Қырық оба, Қарағанды облысындағы Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай және тағы да басқа қоныстар мен қалашықтарда жалғасын тапқан. «Мұндай археологиялық зерттеулер бір жылдың ішінде бітетін шаруа емес. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Археологиялық қазба жұмыстары адамнан төзімділікті қажет етеді. Кейбір археологтар бүкіл ғұмырын бір қаланы қазып, зерттеуге арнайды. Оның өзін бітіре алмай, шәкірттеріне табыстап кетіп жатады. Сондықтан бұл мәселеге келгенде, нәтиже неге жоқ деп айтуға болмайды. Бұл уақытымен жүзеге асырылатын дүние» деді Мұхтар Абрарұлы.
Ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында Сирия және Египет елдерінде, дәлірек айтасақ, Дамаск қаласында Сұлтан Бейбарыстың кесенесі қайта жаңғыртылып, Каир қаласында Сұлтан Бейбарыстың мешітіне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Елбасы тоқсаныншы жылдардың басында Каирге барған кезде Бейбарыс салдырған мешітке бірінші болып зиярат еткен қазақ. Содан бері қарай көп жұмыстар атқарылды. Ол өте үлкен мешіт. Оның толық жөнделуіне жүздеген миллион доллар қаражат кетуі мүмкін. Оған ЮНЕСКО-ның да қаражаты тартылады. Дегенмен, Қазақстан тарапы 4,5 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп отыр. Мешіттің мемориалдық тақта орналыстырылған тұсындағы жөндеу жұмыстары аяқталып келеді», – деп тоқталған министр Дамаск қаласында Әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығы салынып жатқандығынан да құлағдар етті.
– Елбасының тапсырмасы бойынша Дамаск қаласындағы Әл-Фарабидің кесенесін қайта жаңғыртып қана қоймай, Фарабитанудың дүниежүзілік тарихи-мәдени орталығын салуға конкурс жарияланған болатын. Ол конкурс бойынша жұмыстар басталып кетті. Сол жерде орналасқан 48 үй сүріліп тасталып, орны тегістеліп, құрылыс жұмыстары жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Құдай қаласа, бір-екі жылда бұл орталықтың құрылысы аяқталып қалады, – дейді министр. Сонымен қатар, өткен жылы Моңғолия аумағынан табылған көне түркі руникалық жазбалары бар Тай-ұқық және Теркін тастарының көшірмелері қалпына келтіріліп, елге жеткізіліпті. «Ведомстволық бөлінушілікті қояйық деп, Күлтегін ескерткішінің көшірмесі орнатылған Еуразия университетінің архивіне қою жөнінде шешім қабылдадық».
Бағдарлама аясындағы және бір бағыт халқымыздың мәдени мұрасы жөнінде атқарылған шаралар. Өткен жылы бұл бағытта 12 тақырыпта ұлтымыздың тарихымен, материалдық және рухани мәдениетімен байланысты қолданбалы ғылыми зерттеулері іске асырылыпты. Тарихи-мәдени кешенді зерделеу, жаңа ғылыми жобаларды әзірлеу бойынша облыстардағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинақтарының жұмысы жалғасып келеді. 2004 жылдан бүгінгі күнге дейін, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының және Алматы қаласының тарихи және мәдениет ескерткіштерінің жинақтары жарық көріпті. Ендігі кезекте, Павлодар және Ақтөбе облыстарының жинақтары дайындалып жатыр.
Кітап шығару мәселесі бағдарламаның маңызды бөлігі. 2009 жылы бағдарлама аясында 56 аталым бойынша 168 мың таралыммен жалпы көлемі 1605 баспа табақ басылыпты. Ал, 9 аталым бойынша 450 баспа табақ өңделіп аударылыпты. Осы жерде Мұхтар Абрарұлы Мәдениет және ақпарат министрлігі авторлық құқықты қорғау үшін биылдан бастап аударылатын кітаптарға қадағалауды күшейтетінін нақтылады. Министрдің сөзіне қарағанда, кітап шығару ісінде проблемалар жетерлік. Министрліктің тапсырысы бойынша баспалар конкурстарға қатысып, жеңіп алғаннан кейін шетелдегі көзі тірі авторлардың орыс тілінде шыққан туындыларының нұсқасын қазақшаға аударып, басып шығарып жатыр. Дегенмен, шетелдік авторлардан министрлікке түсіп жатқан шағым көп. Олардың дені авторлық құқықтарының сақталмағандығына, қаламақының төленбегендігіне наразылықтарын білдіреді.
– Шетелдік авторлар мұндайға селқос қарай алмайды. Баспагерлер қаламақы төлеуді, автормен байланыс дегенді ұмытқан. Біз Берн конвенциясына мүшеміз. Сондықтан халықаралық авторлық құқықты сақтауымыз керек. Егер автордың көзі тірі болса, одан рұқсат алу керек. Ал, егер автор дүниеден озған болса, 50 жылға дейін оның авторлық құқығы ұрпақтарының біріне беріледі. Сондықтан биылдан бастап аударылатын кітаптарды қатты қадағалау қажет. Бұл жұмысты мәдениет, ақпарат комитеттерінің басшыларына тапсырамын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Министр мұндай дүниелер қазақстандық авторларға да қатысты қолданылып жатқанын да атады. Осыдан 10-20 жыл бұрын дүниеден өткен, тіпті көзі тірі ғалым-ағаларымыздың авторлығымен шыққан дүниелерді баспалар басып жатқан көрінеді. «Басып шығарғаны жақсы-ау, бірақ ол кісілердің авторлық құқығын құрметтеу керек емес пе? Біз мұндайды доғаруымыз керек», деді ол.
Ұлттық тарихи-мәдениетін жаңғырту барысы туралы баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша министрлікте жан-жақты жұмыстар жүргізілген. 2008 жылдың 13 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Министрлікке бағдарламаның екінші кезеңінде бағдарлама аясында жүйеленіп, кешенді түрде сарапталған деректер мен мәліметтерді орта және жоғары мектептің оқулықтары мен оқу бағдарламасына енгізу. Тарихи мұралар мен ұлттық фольклорды басқа тілдерге сапалы аудара алатын маманданған аудармашыларды, кәсіби реставраторларды, тарихшылар мен этнографтарды даярлауды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру тапсырылған болатын.
Осы тапсырмаларға сәйкес Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2008-2009 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жаңадан ғылыми айналымға енген тарихи-мәдени деректерді орта мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізудің ғылыми-әдістемелік жолдарын жүйелеуге арналған Алматы, Атырау, Қостанай қалаларында әр деңгейдегі халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізіліпті. Аталған конференциялар шеңберінде «Тілтану, әдебиеттану, өнертану», «Философия және саясаттану, заң ғылымы, экономика», «Тарих ғылымы және этнография», «Археология және антропология», «Педагогика және психология» секциялары бойынша жұмыстар жүргізілген. Және бағдарлама нәтижелері бойынша қолданыстағы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын толықтыру, табылған тың тарихи-мәдени деректерді, мұғалімдерді қайта даярлау курстарының оқу жоспарын «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес толықтыру мәселелері қарастырылған.
Сондай-ақ, білім және ғылым министрінің мәліметінше, ұйғыр мектептеріндегі «Әдеби оқу» пәніне халқымыздың дүниетанымы, философиялық ойы, салт-дәстүрі көрініс тапқан, тіліміздің асыл қазынасы сақталған халық ауыз әдебиетімен бірге, Жүсіп Хас Һажип, Махмұт Қашқари, Біләл Назым секілді ғұлама ғалымдар және олардың шығармалары туралы жалпы мағлұмат беріліпті..
– «Әлемдік педагогикалық ой-сана» антологиясы әлемдік ағартушы ойшылдардың озық ойлары мен тұжырымдарын Қазақстанның білім беру жүйесі мен педагогика ғылымында пайдалануға, мәдени-тәлімдік құндылықтарды кең оқырманға жеткізіп, жастардың ана тілінде ұлы ойшылдардың идеяларын оқып-үйренуіне, болашақ жастардың жалпы мәдени-интелектуалдық деңгейінің өсуіне үлкен оңды әсерін тигізері сөзсіз, деген Жансейіт Қансейітұлы министрліктің ұйымдастыруымен 2009-2010 оқу жылынан бастап ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен «Менің елімнің тарихы» тақырыбында республикамыздағы он-лайн режимінде интерактивті сабақтар жүйелі түрде өткізіліп жатқандығын тілге тиек етті.
Аталған сабақтардың мақсаты – «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша табылған жаңа, құнды деректерді еліміздегі білім беру ұйымдарының оқушыларына кеңінен насихаттау, тарату. Бұл бағытта интерактивті сабақтарды ежелгі Қазақстан туралы жаңа археологиялық ашылымдардан бастап, еліміздің 875-тан астам орта білім беру ұйымдарының оқушылары оқытушылармен тікелей байланыс арқылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті К.Н. Ақышев атындағы Археология ғылыми зерттеу институты, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институттары ғалымдарымен әңгіме жүргізген. Қазіргі уақытта министрлік Бағдарлама шеңберінде алынған нәтижелерді білім мазмұнына енгізу жөнінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясымен бірлестікте Бағдарлама шеңберінде алынған нәтижелерді білім мазмұнына енгізудің тиімді жолдарының бірі - пән оқулықтарына қосымша хрестоматиялар мен оқу құралдарын әзірлеу; қосымша хрестоматиялар мен оқу құралдарының электронды нұсқаларын арнайы сайт ашып орналастыру; жалпы орта білім беру ұйымдарына арналған оқу жоспарының инвариантты бөлігіне факультативті сабақтардың, арнайы курстардың бағдарламасы мен тақырыптық жоспарларын дайындау. ежелгі түрік тілдері бойынша бакалавриат және магистратура білім беру шеңберінде арнайы мамандар даярлау ісін жалғастыру жұмыстарын атқару қолға алыпты.
Алқалы жиын барысында Спорт және туризм министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев мәдени туризмді дамыту бағытында жасалған шаралар жайлы баяндама жасады. Бұл мақсатта Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көліктік дәлізі бойынша туристік инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында министрлік бірқатар іс-шаралар кешенін көздеп отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің тарихи және мәдени-рухани орталығы болып табылатындықтан бірінші кезекте ол осы өңірдегі Түркістан қаласы және Отырар ауданында туристік индустриялық кешенді обьектілерді салу. Бұл жоспарды әзірлеу барысында еліміздің аумағын Ұлы Жібек жолының негізгі тармағы ретінде көрсету үшін нақты бағдарлар жүйесі құрылып, ескерткіштерді қорғау және конвенциялау жүйесі жетілдірілмек.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев осы бағытта Спорт және туризм министрлігіне Түркістан және Отырар ауданы жобаларын мерзімінен қалдырмай аяқтауды тапсырды. Мұнан соң мінберге шыққан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Карл Байпақов кеңес мүшелеріне тарихи орындарда жүргізілген археологиялық қазбалар жұмысымен таныстырды. Институт қызметкерлерінің Қырық оба, Берел, Қойлық қорғандарында, Тараз, Ақтөбе ескі өркениет жұрнақтарында басталған жұмыстары жайлы, Ақыртас, Меркі, Жайсаң, Жуан төбе, Отырар, Сауран, Түркістан, Қаратөбе қалаларының орнынан табылған тарихи ескерткіштерді жаңғырту жұмыстары жайлы толық мағлұмат жасады.
Жиын барысында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәдени мұра» жобасы аясында жұмыс істеп жүрген жас мамандарды тұрақтандыру үшін олардың жалақысын көтеру қажет деген ұсыныс тастады. Аталмыш бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы жобаның төңірегіне көптеген жас мамандар топтастырылды. Сондықтан оларды жоғалтып алмай, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға ынталандыру қажет.
– Ол үшін еңбекақы мәселесін шешкен жөн. Бұл өз кезегінде жоба аясында жұмыс істегісі келетін жастардың қарасын көбейтуге септігін тигізеді. Бағдарлама шеңберінде қазақтың тарихында жасалмаған жұмыстар атқарылды. Бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде мәдениетімізді, тарихымызды көрсететін талай-талай дүниелер жарық көрді. Бұл жұмысты жалғастыруымыз керек, – дейді сенатор. Сонымен қатар Қуаныш Сұлтанов елімізде ашылуы жоспарланып отырған тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын үш телеарнаның біреуін ұлтымыздың мәдени мұрасын насихаттайтын арна етіп құру қажеттігін атады. Көрші Ресей елінің мәдени жаңалықтар туралы хабар тарататын «Культура» телеарнасы секілді, еліміздің мәдени мұрасын насихаттайтын, мәдениет жаңалықтарын халыққа жеткізетін арна ашқан жөн», деп санайды сенатор.
Көпшіліктің есінде болар, өткен жылғы желтоқсан айында Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры қамқоршылық кеңесінің отырысында кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев келешекте елімізде тәулік бойы мемлекеттік тілде хабар тарататын үш бірдей телеарна ашу жоспарланып отырғанын айтқан болатын. Олардың бірі ақпараттық-танымдық, оқу-ағартушылық бағыттағы «Зерде», екіншісі әлеуметтік-мәдени бағыттағы «Мәдениет», ал бірі тарихи-патриоттық бағыттағы бүлдіршіндерге арналған «Балауса» деп атау көзделіп отырғандығын нақтылаған еді. Ал, сол жылдың 21-желтоқсанында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Үкімет сағатында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақ тілінде тәулік бойы хабар тарататын телеарналар Қазақстанда сандық жүйе енгізілгенде барып жүзеге асуы мүмкін екенін айтқан еді. Себебі сандық телеарнаға көшу 4-5 жылдың ішінде жүзеге асырылатын дүние.
Алқалы жиында мұнан бөлек, «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің директоры Қ.Тұяқбаев, Орталық мемлекеттік музейдің директоры Н.Әлімбай, академик Әбдімәлік Нысанбаев «Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысын қорытындылаған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев бағдарлама аясында шыққан кітаптардың таралым мәселесін шешудің бірден бір жолы - кітаптарды интернет арқылы таратып, насихатау дейді.
– Осыдан бір-екі жыл бұрын Қоғамдық кеңестің тапсырмасымен «Мәдени мұра» атты интернет-портал жасалды. Портал жақсы жұмыс істеп жатыр. Онда біршама кітаптар, аудио және видео жазбалар орналастырылды. Біз қазіргі заманнның үрдістеріне бейімделіп, жұмыс істеуіміз керек. Ғылыми институттар, қоғамдық кеңестің мүшелері бірігіп осы порталдың ішіне ақпаратты көбірек кіргізуге жұмыс істеуі қажет, – деген Мәулен Әшімбаев. Елбасының тапсырмасымен Үкімет интернетті әрбір ауылға жеткізу үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Келер болашақта интернет арқылы жер-жердегі оқырмандар бағдарлама аясында шығып жатқан кітаптармен танысып жатса, бұл кітаптардың насихатталуына жол ашатын болады. Сондықтан, бағдарлама аясында дайындалып жатқан кітаптардың сапасына да мұқият назар аудару қажет. Мәдени туризмді дамыту мәселесі де көңіл көншітпейді. Бұл бағытта кейбір дүниелер әлі де боса ілгері жылжымай жатыр. Сол себепті мәдени туризмнің жағдайын дұрыстау үшін Туризм және спорт министрлігі жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шешілмеген дүниелерді тиянақтап, дұрыстап, қорытындылар жасап, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына үлкен сый жасау қажет. Көрмелер ұйымдастыру кітаптар шығару мәселесін ойластыру керек. Ол жөнінде Қоғамдық кеңестің алдағы отырыстарында талқыланатын болды.
Бұл күні кітапханада «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2008-2009 жылдары шығарылған кітап көрмесі мен «Сурет ғұмыр» ХІХ ғасырдағы қоғам қайраткерлерінің бейнелері айдарымен тарих қойнауынан сыр шертетін суреттер мен тарихи құжатардың көрмесі ұйымдастырылды. Аталмыш көрмеге Қазақстан тарихына байланысты шетел мұрағаттарынан алынған құнды құжаттар, Мұстафа Шоқайдың «Сага» баспасынан шыққан 2-томдық эпистолярлық мұрасы, «Бабалар сөзі», «Қазақ Ұлт азаттық қозғалысы», «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» секілді көптеген танымдық кітаптар қойылған.
Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ
