«Ана тілің – арың бұл…»
Республикалық «Ана тілі» газеті мен Қазақ радиосы бірлесіп былтыр жаңа жасаған. Мақсат – мемлекеттік тілдің қоғамға кеңінен енгізілуіне ықпал ету. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ой бөлісу, пікір алмасу.
Хабарды жүргізуші Қазақ радиосы журналисі Ерболат Айтбайұлы. Хабарға қатысқандар Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Бақыт Қалымбет, «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ержан Байтілес.Ерболат Айтбайұлы: Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын! Елбасы Н.Ә.Назарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездескенде мемлекеттік тіл төңірегінде талай жайттардың басын қозғады. Десек те, қазақ тілінің түйткілдерін Елбасының сөз етуі алғаш рет емес. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» дейтін сөздері тұрақты тіркеске айналып кетті. Бірақ нәтиже аз. Осы жерде біз әңгімені «неге?» деп емес, «неден бастауымыз керек?» деген сұрақтан бастасақ.
Бақыт Қалымбет: Тіл біздің қоғамымыздағы ең өзекті мәселе болып отыр. Елбасының биылғы Жолдауында «еліміздің тәуелсіздігін баянды ету үшін және қазақтың ұлт болып өркендеуі үшін, оның тілі мен мәдениетін құлаш жаюға мүмкіндік туғызуы үшін осы бағдарламаны қабылдап отырмыз» деген үлкен ой айтылды. Сондықтан алдағы он жылда еліміздің материалдық құндылықтарын қамтамасыз ету үшін, ең бірінші кезекте материалдық құндылықтарды жасайтын елдің, халықтың, азаматтардың рухы биік болуы керек. Яғни рухани құндылықтарға бірінші кезекте жол ашуымыз керек. Ал рухани құндылықтарға жол ашатын бірден бір тетік, бұл – тіл мәселесі.
Енді алдағы онжылдықта бұрын қол жеткізген, жасап алған жағдайды пайдалана отырып, мемлекеттік тілдің, шын мәнінде, мемлекеттің басқару тіліне, мемлекетте іс жүргізу тіліне, қоғамда қатынас құралы ретінде бірінші кезекте алға шығуына жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын.
Ерболат Айтбайұлы: Өзіңіз айтып өттіңіз, жалпы біз мемлекеттік тілді дамыту бағытында рухани құндылықтарды қолға алуымыз керек деп. Менің сұрайын дегенім Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы рухани құндылықтарды қолға алып отыр ма? Бақыт Қалымбет: Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы осыдан біраз жыл бұрын жұмысты тек кеңселік деңгейде мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын тексеру, олардан мәлімет алу немесе кім қаншалықты пайызда қазақ тілін меңгеріп жатыр мәселелерімен айналып келсе, соңғы екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік тілді үйренуге, мемлекеттік тіл саясатының имиджін арттыру шараларына көбірек көңіл бөле бастады. Былтыр түрлі қазақ тілі, қазақтың көркем әдебиеті бағытында аудио кітаптар шығардық. «Балаларға базарлық» деген атпен 11сағаттық аудио кітап шықты. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырмасымен «Асыл сөз» деп аталатын 5 сағаттық аудио кітап халыққа жол тартты. Аудио кітапта қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің, жастар әдебиетінің озық туындылары қамтылған. Былтыр көптен айтылып жүрген қазақша үйренуге қажетті анимациялық фильмнің алғашқы жобасы жасалған болатын. Биыл 25 сериялы балаларға қазақ тілін оқып-үйретуге бағытталған анимациялық фильм шығарылады. Сонымен бірге құндылықтарды арттыруға деген түрлі іс-шаралар, мәдени көпшілік шаралар өткізіледі. Алматы қаласы студент жастарының, оқушыларының арасында түрлі тақырыпта көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларын өтіземіз. Осы шаралардың барлығында да қазақ халқының рухани құндылықтары насихатталады, дәріптеледі. Тыңдарман: Алматы қаласы әкімінің орынбасары Должниковтың қабылдауындағы хатшысы қазақша сұрасақ орысша жауап береді. Алматы қаласы Тәртіптік кеңестің басқармасына барғанымда қазақша сөйлесем орысша сөйледі. Неге қазақ қазақпен қазақша сөйлемейді десем, «не маған условие» қоясың ба дегендей айтты. Мен мәжбүрлі түрде орыс тілінде сөйледім. Бұл «Тіл туралы» Заңды бұзушылық емес пе? Неге маған әкімшілік қызметкерлері қазақша жауап бермейді? Бақыт Қалымбет: Жалпы кез-келген Қазақстан азаматы өзінің жүгінулерінде өзі қалаған тілінде жауап алуына заң бойынша құқы бар. Егер сіз әкімшіліктің кез-келген органына, кез-келген мемлекеттік органға өтініш түсіретін болсаңыз, бұл өтінішіңіз қай тілде берілсе, сол тілде жауап ала аласыз. Ал енді тікелей келіп ауызба-ауыз ауызекі тілдескенде немесе телефонмен хабарласқандағы жағдай одан бөлектеу. Өйткені ол бәрімізге белгілі жағдай барлық мемлекеттік қызметте қазақ тілінде еркін сөйлеп, еркін жауап бере алатын азаматтарымыз отырған жоқ. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы соған қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Біз мемлекеттік қызметшілерді жұмыс уақытысында мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөліп, жыл сайын әр түрлі топтарда, мемлекеттік тілді білу деңгейіне қарай оқытып жатырмыз. Оған барлық жағдай жасалған. Қазір қазақша жауап бере алмай отырған қызметшілер алдағы уақытта қазақ тілінде жауап бере алады деген үміттеміз. Ерболат Айтбайұлы: Әдетте тіл туралы сөз болғанда қазақ тіліне қажеттілік аз деп жатамыз. Егер қажетттілік болған жағдайда жалпылама әңгімеге көшеміз. Осы орайда қажетттілікті кім тудыруы тиіс? Ержан Байтілес: Алдымен мемлекеттік «Тіл туралы» заңымызға өзгерістер енгізу керек. Ең бірінші, заңнамада айтылғандай, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген ғана сөз тұруы керек, ал енді «ресми тіл – орыс тілі» дегенді қосарлаудың қажеті шамалы. Тәуелсіздік алған 19 жылдың ішінде қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ тілін түсінетін өзге ұлт өкілдерінің саны едәуір көбейді. Ендігі саясатымызды тек қазақ тілінде жүргізе беруімізге толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Тыңдарман: Қызым Астанаға барып жұмысқа тұрмақшы болды. Орыс тілін таза білмейсің деп дипломы бойынша жұмысқа қабылданбады. Енді біз қазақты қаржы бөліп қазақша оқытамыз, ал енді орысша білмейтін азаматтарымызға орысша үйретіп, демеп жіберсек болмас па еді? Бақыт Қалымбет: Мұндай жағдайдың бар екенідігі рас. Мемлекеттік қызметке қабылдар кезде, мемлекеттік тілді білу туралы талап қоюымыз керек деген мәселені көтеріп жүрміз. Бірақ осы мәселені айтқан кезде, мемлекеттік тілді білмейтін, былайша айтқанда, біздің оппоненттеріміз ол адамды тегіне қарай, ұлтына қарай кемсіту деген қарсы пікір айтады. Жалпы тілді білу кемсіту емес, кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Қызметке тұрарда компьютер білу, заң білу секілді қандай да бір талаптар қойылады. Сол секілді мемлекеттік тілді білу керек деген талап қойылуы тиіс деп ойлаймын. Мемлекетімізде, қоғамымызда орыс тілін білмеген адам көп жерге жұмысқа тұра алмайды. Әлі де орыс тіліне деген қажеттілік, орыс тіліне деген сұраныс бар. Ерболат Айтбайұлы: Мемлекеттік тілге қайтсек қажеттілік туғыза аламыз сонда? Бақыт Қалымбет: Мемлекеттік тілге деген сұранысты, қажеттілікті кез-келген салада туғызуымыз керек. Барлық жерде мемлекеттік тілді білмеген жағдайда қызметке тұра алмайтын, мемлекеттік тілді білмеген жағдайда, қазақша айтқанда, нан таба алмайтын жағдайға жететін болса, онда қазақ тіліне ешқандай қаржы бөлудің де, ешкімді оқытудың да қажеті болмайды. Мен кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында қызмет еткен азаматпын. Қазақша орта мектеп, жоғарғы оқу орнын бітіріп, қазақ ауданына жұмысқа барып тұрған кезімде, егер мен орыс тілін білмесем бұл жерде жұмыс істей алмайтынымды, қызметте өсе алмайтынымды білдім. Сол кезде мені ешкім тегін, жұмыс уақытысында оқытқан жоқ. Бірақ сол қажеттіліктен орыс тілін өзім үйреніп алғанмын. Ержан Байтілес: Қазақстан Республикасының Президентіне бірден бір үміткер адам қазақ тілінен емтихан тапсырады. Қазақ тілін білу міндеті Президентке талап ретінде қойылып отыр, ол – шарт. Басқа лауазымға қойылмайды. Неге? Президентке қойған талапты неге біз премьер-министрге, министрге, әкімге, неге депутаттарға қоя алмаймыз? Мұндай талап, шарт Президентке қойылғаннан кейін мемлекеттік қызметтің әрбір тармағында отырған мемлекеттік қызметшілерге де қойылуы керек қой. Ерболат Айтбайұлы: Көше бойындағы кейбір жарнамалар талап-деңгейге сай болмай жатады. Соны қалай түсіндіресіздер. Бақыт Қалымбет: Бұның шешімін, себебін әріден іздеу керек. Бізде жарнама туралы заң бар. Жарнама туралы заңнаманың өзінде жарнаманың тіліне байланысты ешнәрсе айтылмаған. «Тіл туралы» Заңда да жай ғана қысқаша ғана айтылып өткен. Ал сол жарнамаңызды реттейтін өкілетті орган жоқ. Ол жартылай мәдениетке, тілін жартылай тілге, саяси жағдайын, әлеуметтік жағдайын ішкі саясат басқармасына беріліп қойған, бөлініп тасталған. Ал тікелей жарнамамен айналысып отырған мемлекеттік орган жоқ. Кез-келген заңды жүзеге асыру үшін өкілетті мелекеттік орган болуы керек. Ержан Байтілес: «Кафе» деген сөзді алайық. «Кафе Достық кафесі» деп жатады. Ал енді осыны неге «Достық кафесі» деп қоя салуға неге болмайды? Неге кафесін бірінші жазуымыз керек? Бұл жерде тағыда келіп заңға тіреледі. Заңға біршама өзгерістер енгізу керек. Және жарнама берушілердің көпшілігі қазақ тілін білмейді. Оларға сенің қазақ тілің қалай жазылды, оның «қ»-сы бар ма, «ө»-сі бар ма, «ұ»-түсіп қалған ба ешқандай қызықтырмайды. Ал жарнама жасаушы үлкен компаниялардың өзінде де қазақ тілін жетік білетін мамандар жоқ. Осыдан келіп бадырайтып қате толы жарнаманы көз алдыңа іліп қояды. Ал оның ізіне түсіп, себеп-салдарын іздеп, қатесін түзететін өкілетті орган жоқ. Егер өкілетті орган болса әңгіме бұлай болмас еді. Бақыт Қалымбет: Бұның тетігін оп-оңай шешуге болады. Жаңа өкілетті орган жарнама жасайтын неше түрлі өндірістер бар, жарнамалық агенттіктер бар. Солар жарнамамен айналасуға мемлекеттік органдардан рұқсат қағаз алады. Рұқсатты берер кезде, жарнаманы қазақ тілінде кәсіби деңгейде жасай алатын маманның болуы талап етілсе, бұл мәселе шешілер еді. Ерболат Айтбайұлы: Жалпы бүгінгі бағдарламаға қатысты қысқа да нұсқа қорытынды сөздеріңізді айтсаңыздар. Бақыт Қалымбет: Қазақ радиосы мен «Ана тілі» газетінің «Ана тілің – арың бұл» хабарына сәттілік тілейміз. Және де бұған дейін айтылып жауыр болған әңгімені қайта-қайта айта бермей, сол мәселені шешетін нақты жолдарын, нақты тұстарын, тетіктерін атап бере алатындай деңгейде әңгіме болса екен деген өтінішім, тілегім бар. Ержан Байтілес: Тіл мәселесі шешілгенше қазақ тілінің күйін, қазақ тілінің жоғын күн сайын, сағат сайын қайталап айта беруден жалықпауымыз керек. Өйткені қазақ тілін көркейту үшін қазақтың жаны күймесе, қазақ айтпаса, бізге біреу келіп істеп бермейді, сенің сөзіңді сөйлеп бермейді. Менің айтпағым, қазір тіл мәселесінде біршама жетістіктер байқалады. Енді ұлттың, халықтың тілге деген көзқарасын, тілге қатысты психологиясын өзгерту ғана қалып отыр. Егер біздің қамқорлығымызды көріп отырған, біздің қанатымыздың астын паналап отырған, қазақтың нанын жеп, қазақтың ауасын жұтып, қазақтың суын ішіп отырған 130 ұлт тілге қатысты психологиясын өзгертсе, Қазақстанда қазақ тіліне байланысты проблема болмайды деп ойлаймын. Ал қазақ тілін білмейтін қазақтар алдағы уақытта өз-өздігінен тамырына қайта оралатынына кәміл сенемін. Қазақ радиосында «Қазақ радиосын тыңдап, қазақша сөйлейік» деген жақсы сөз бар, сол сияқты «Қазақ басылымдарын оқып, қазақша сөйлейік, ағайын!».
Өз елімізде отырып, мәселе арқауы болған ана тіліміздің бейшара қалпы жүрегімізді ауыртады. Бірақ “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” демекші, жауыр болған сияқтымыз. Ең бастысы, менің орыс аудиториясындағы 17 жылдық тәжірибемде,қазақ тілі - биліктің қолындағы ойыншығы болып отырғаны. Билік бүгін бетін бұрса, ертең сең қозғалмақ түгілі,көш ілесер еді.
Ана тілімізге арналған бағдарламалар қажет-ақ. Бірақ ол ұзаққа барса жақсы. Ертең билікке жақпай қалса, жаба салу оңай. Солардың көңіліне қарап, ауыздағы сөзді айта алмай жүрсеңіздер сіздерге сын.
“Менің сұрайын дегенім Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы рухани құндылықтарды қолға алып отыр ма? Бақыт Қалымбет: Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы осыдан біраз жыл бұрын жұмысты тек кеңселік деңгейде мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын тексеру, олардан мәлімет алу немесе кім қаншалықты пайызда қазақ тілін меңгеріп жатыр мәселелерімен айналып келсе, соңғы екі-үш жылдың ішінде мемлекеттік тілді үйренуге, мемлекеттік тіл саясатының имиджін арттыру шараларына көбірек көңіл бөле бастады. Былтыр түрлі қазақ тілі, қазақтың көркем әдебиеті бағытында аудио кітаптар шығардық. «Балаларға базарлық» деген атпен 11сағаттық аудио кітап шықты. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырмасымен «Асыл сөз» деп аталатын 5 сағаттық аудио кітап халыққа жол тартты. Аудио кітапта қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің, жастар әдебиетінің озық туындылары қамтылған. Былтыр көптен айтылып жүрген қазақша үйренуге қажетті анимациялық фильмнің алғашқы жобасы жасалған болатын. Биыл 25 сериялы балаларға қазақ тілін оқып-үйретуге бағытталған анимациялық фильм шығарылады. Сонымен бірге құндылықтарды арттыруға деген түрлі іс-шаралар, мәдени көпшілік шаралар өткізіледі. Алматы қаласы студент жастарының, оқушыларының арасында түрлі тақырыпта көркемсөз оқу шеберлерінің байқауларын өтіземіз. Осы шаралардың барлығында да қазақ халқының рухани құндылықтары насихатталады, дәріптеледі”
Ілгеріде айтылған осындай сөздерден әлі күнге жалықпай келеміз. Біз не басымызға ештеңе қонбайтын кешшеміз, не басқа амалымыз жоқ болған соң сол баяғы таптаурын тақырды шиырлап жүрміз. Болмаса қажеттілік болмаған жерде ондай іс-шаралардың еш қауқары болмайтынын осы уақытқа дейін түсінсек керек еді. Сіздің тексерісіңізге ешкім пысқырмайды, шығарған кітабыңызды ешкім оқымайды, насихатыңыз бен дәрібіңізді тыңдамайды. Керек емес нәрсеге басын қатыратын жұрттың бәрі ақымақ деп кім айты сізге?! Осындай іс-шараларға бөлінген миллиондаған қаржының алды шетел асып, арты құмға сіңіп жоқ болып жатыр емес пе, жоқ естіген жоқпыз ба?! Мәселе билікте тұр ғой, солар жоғарыдан төмен қарай қазақша сөйлей бастасыншы, заң да, талап та қажет емес, қалғандары қалай сайрай жөнелер екен. Қазіргі жағдайында мемлекеттік тіл тегін берсең де ешкімге қажет емес - қайталап айтайын. Ал жекелеген жанашырлардың далбасалап хатшымен ұрысқанын ресми жиын деңгейінде сөз қылу қандай ұят, қандай обал. Бізге қалатын жалғыз жол - жоғарыдағыларды жалын күдірейтіп “құтты орнына”отырғызғаннан кейін емес, отырмай тұрып, студент күнінде мемлекеттік тілмен ауыздандырған дұрыс, ол үшін түрлі салалар бойынша, әлемдегі соңғы жаңалықтар қамтылған, сапалы қазақша оқулықтар керек - кәсіби тілді меңгерісін. Сөздің басы мен аяғында бір- екі ауыз негізгі мәселеге қатысы жоқ дәлдір-дүлдір қазақ тілінің көсегесін көгертпейді. Жұмыстан шаршап жүрген адамның тілді оқытып миын қатырудың да түкке қажеті жоқ, бәрібір ұқпайды - ол тілді қайндай қолданыста жетілдірмек, қайда барып қолданбақ - хатшымен ұрысуға ма?!.
Отбасы туралы ештеңе айта алмаймыз - әр отбасы баласының болашағы туралы ойлай келіп, ешкімге керек емес, қазақ тілінен гөрі, орыс пен ағылшын тілін дұрыс деп шешіп қойған. Болашағынан үміт үздіріп, бұлдырап бара жатқан мемлекеттік тілге қазір уақыт жоқ… Сұрақ - біздің жағдайымызда баланың ақыл-күшін қайда жұмсағаны дұрыс: үш тілді үйренуге ме, әлде белгілі бір мамандықты меңгеруге ме?! Ойланайық ағайын…
Меніңше гәп сұраныста жатыр. Қазіргі кезде қазақ тіліне деген сұраныс аз. Мәселенки АҚШта бизнес тақырыбында бір кітап 2003 жылы шықса ол тек 2006-2007 жылдары ғана орысшаға тәржімеленіп Ресей (одан әрі Қазақстан) нарығына жетеді. Ал қазақ тіліне тіптен аударылмауы ғажап емес. Coндықтан қазақ тілі жылдан-жылға көлеңкеде қалып қоюда. Яки әрбіріміз тілімізге сұраныс қалыптастыру жолында(мысалы неге “Aна тілі” шетелде оқылмайды)тер төгуіміз керек.