Төрағалықтың басты бағыты – бейбітшілік орнату

25-Ақпан. 2010

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға¬лық етуі еліміздің сая¬си және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз дамуының нәтижелі сатысы. Бұл лауазым қайсыбір саяси шолушы жазғандай, біздің қауіпсіз әлемге деген тұжырымдамалық көзқарасымыздың маңызды эле-менті болып табылады. Ал кейбір мәселені шешу үшін ұйым бағыттарында құрылымдық өзгерістер жасау төраға ретіндегі құзырлы міндеттеріміздің бірі екені анық.Жалпы, ақпан айының басында Нью-Йоркте өткен кездесуде ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін 2010 жылғы Қазақстандық төрағалық басымдықтарымен таныстырған болатын.
Ондағы сөйлеген сөзінде Сыртқы істер министрі БҰҰ-ның қауіп-қатерлер мен олардың алдын алуы әрекеттеріне қолдау көрсетудегі әлемдегі ірі қауіпсіздік Ұйымы – ЕҚЫҰ-ның әлеуетіне тоқтала келіп, сағыздай созылған қақтығыстарға, әсіресе бұрынғы КСРО аумағындағы жанжалдарды реттеуге бар күшін салатындығын айтқан еді.
– Қазақстан төрағалығы кезінде ұзаққа созылған қақтығыстар мұқият назарда болып, бұл жанжалдардың күрделенуіне қарсы ЕҚЫҰ-ның превентивті тетіктері қолданылатын болады, – деген сонда Қанат Саудабаев.
Сондай-ақ, ол айдың ортасына қарай Әзірбайжан, Армения және Грузияға баратындығын мәлімдеді. Осы орайда «айтылған сөз атылған оқтай» нысанаға дәл тиіп, лебізденген мінберінде қалмай, Қанат Саудабаев Оңтүстік Кавказ елдеріне сапары аясында Бакуде Әзірбайжан елінің басшыларымен де кездесіп қайтты. Әрине, нәтижелері де жоқ емес.
Әлбетте, мұның бәрі ЕҚЫҰ-ның Қазақстан төрағалығы кезіндегі ұстанатын іс жоспары аясында жүзеге асқандығы мәлім. Осы ретте бір айта кетерлігі, Қазақстанның сол басымдықтық жоспары енді ғана хат жүзінде таныла бастады деуге негіз береді. Сонымен Қазақстанның төрағалық барысындағы басты ұстанымы туралы не деуге болады? Бұған дейін сарапшылардың денінің «Қазақстан онда бітімгерлік қызмет атқарып, негізінен қауіпсіздік мәселелерімен айналысады» дегені есімізде. Ендігіде сол үкілі үміт өз үдесінен шығып жатыр ма, шықпай жатыр ма? Тек бір байқағанымыз, жуырда ғана Астанаға ресми іс-сапармен келіп кеткен АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан бойынша арнайы өкілі Ричард Холбруктің екпінінен «жүзеге аса бастағандығын» аңғаруға болатын тәрізді. Рәсім бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевпен кездесуден соң баспасөз өкілдерімен болған қысқа брифингте Ричард Холбрук бұл жолғы сапарының басты мақсаты Ауғанстанмен байланысты екендігін де жасырмады. АҚШ өкілі өз тарапынан «Қазақстанның аймақтағы маңызы ерекше» дей келе, елді 1991 жылдан бері басқарып келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысына жоғары баға берді.
– Қазақстан аймақтағы дамып келе жатқан үлкен әрі бай ел. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен ел көп векторлы сасатты табысты жүзеге асырып келеді. Назарбаевтың кездескен түрлі проблемаларды жеңе білетіндігі тәнті етеді, – деді Холбрук.

Тұжырым:
Біздің еліміз өзінің геосаяси ауқымы жөнінен бірегей болып табылатын осы Ұйымға төрағалық етуге лайықты бірден-бір мемлекет. БҰҰ Жарғысының 8-тарауына сәйкес құрылған ол Еуропадағы дағдарысты жағдайларды ертерек ес¬керіп, алдын алудың, бар қақ¬тығысты жағдайларды реттеп, одан кейінгі қалпына келтірудің басты құралдарының біріне айналды. ЕҚЫҰ-ның басты назарында қару-жарақты бақылауда ұстаудан бас¬тап, экономикалық және эколо¬гиялық қауіпсіздікке дейінгі алдын алу дипломатиясы, сенім мен қауіп¬сіздік шараларын нығайту, адам құқықтары, сайлауларды байқау сияқты мәселелердің кең ауқы¬мы тұр. Ал Қазақстанның осы негіздемелік бағыттардың әрқай-сысы бойынша әлемге айтар ортақ сөзі һәм ұсы¬нар ұсынысы осы «бейбітшіліктің ақ жалауы» болып қала береді.
Абылайхан ҚАЛНАЗАР

Саясат-экономика