«Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі – қызыл…»

25-Ақпан. 2010

anatili.kzӨткен аптада Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылында «Сонар – 2010» республикалық құсбегілер жарысы өтті. «Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген, бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп хакім Абай бекер айтпапған екен. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен мына заманда қаршығасын қолына алып, бүркітінің томағасын тартқан қазақты көру, расында, бір ғанибет іс болды. Қыранын «ұран» етіп, туына тіккен біздің елге исі қазақты әлемге паш етер осындай игілікті шараларды өткізу үлкен абырой екені сөзсіз.Қасиетті Хан тәңірінің етегінде өткен бұл жарысқа Алматы, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан келген 40-тан астам құсбегі қатысты. Тегеурінді қырандар мен қанды көз қаршығалар «Қолға шақыру», «Шырғаға салу», «Қоянға салу», «Түлкі алғызу» секілді төрт байқау бойынша сынға түсті. Үш күн қатарынан өткен «Құсбегілер» жарысын Алматы облысы әкімдігінің Спорт және туризм басқармасы, Қазақстан Республикасының Спорт комитеті, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен «Қыран» федерациясы ұйымдастырған.
Ұлттық сопрттың үлкен жанашыры Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлының құсбегілерді құттықтаған ыстық сәлемін Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мейірханұлы жеткізді.
– Жер жаннаты Жетісуға келген қадамдарыңыз құтты болсын! Сіздерді Облыс әкімі Серік Әбікенұлының атынан шын жүректен құттықтаймын! Құсбегілер жарысы Райымбек бабамыздың елінде, Мұқағали Мақатаевтың кіндік қаны тамған жерде тегіннен тегін өтіп жатқан жоқ. 1997 жылдан бері 14 рет Алматы облысында ұйымдастырылған бұл жарыс көбінесе «Жалайыр Шора» атындағы құсбегілер орталығы құрылған Еңбекші қазақ ауданы, Нұра ауылында өтетін. Сол бастаманы қолдап, мінеки Райымбек ауданы өкше басып келе жатыр. Бүгіннің өзінде Еңбекші қазақ ауданынан 17 құс келсе, Райымбек ауданынан 7 құс жарысқа қатысады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әр жылғы дәстүрлі Жолдауында салауатты өмір салтын қалыптастыруды айтып келеді. Сол мақсат үддесінен шығу үшін атқарып отырған жұмыстарымыздың бірі, міне, осы құсбегілер жарысы. Оның үстіне биылғы жарыс Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жылдығына тұспа-тұс келгендіктен айырықша тарихи маңызы бар, – деді Серік Мейірханұлы жарыстың ашылу салтанатында.
Райымбек ауданының әкімі Аян Айтжанұлы құсбегілер жарысын жылына үш рет өткізуге де ауданның мүмкіндігі бар екенін, қазақтың өнерін, спортын паш етуге қолдан келгенше көмектесетінін айтып, бүркітшілерге «қанжығаларың қанды болсын» деп сәт-сапар тіледі.
anatili.kzҚазақтың рухын көтеру үшін ең алдымен қыранның қасиетін асқақтатуды айтқан «Қыран» федерациясының атқарушы директоры, осы жарыстың бас төрешісі Бағдат Мүптекеқызының сөзі біраз түйткілдің шетін шығарды. Оның айтуынша құсбегілік Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізіліп, жүйелі жұмыстар атқарылса қазаққа ғана тән саятшылық еліміздің абыройын әлемге паш ететін нағыз ұлттық спорт түрі болмақ.
Жарыстың қортындысы бойынша 5 бүркітші, 8 қаршыға иесі марапатталды. Бүркітшілер арасында бірінші орынды Алматы облысынан Ақиық бүркітімен Алдаберген Шәліпов, екінші орынды Атырау облысынан Ақжайық бүркітімен Арман Қошқаров, үшінші орынды Елек бүркітімен ақтөбелік Аякөз сәрсенбаева иеленді. Айта кетерлігі, Батыс Қазақстаннан келген қос жүлдегер Арман мен Аякөз Алматыдағы белгілі құсбегі Әбілқақ Тұрлыбай атаның үздік шәкірттері.
«Қайыруы табылған қаршыға түлкі алады» дейді атам қазақ. Дегенмен, бұл жарыста қаршығалар түлкіге түспесе де көгершіндердің қанатын қақтырмады. Қаршығалар жарысында бірінші орынды – Тараз тұрғыны, Түнжыркөк қыранымен Бауыржан Шернияз, екінші орынды – Оңтүстік Қазақстан облысынан Көксүңгі қыранымен Тілеу Сырым, үшінші орынды – Алматы облысынан Көкжендет қыранымен Мейрамбек Зейнелов алды. Бірінші орынды иеленген Бауыржан Шернияз не бары 9 жаста. Өзінің айтуынша ол 7 жасынан бастап, атасынан қаршыға салуды үйренген.
Бір қуантарлығы, соңғы жылдары «Құсбегілер» жарысына жеті жастағы баладан жетпіс жастағы қарттарға дейін қыранын алып, атқа қонатын болды. Тіпті, Мақпал Әбдірзақова секілді қаракөз қыздарда түз тағысының тілін тапқан. Несі бар? «Тінейдің сары құсы», «Бөкен жарғақ», «Аңшының зары» сияқты халық ауыз әдебиеті бар ел осылай болу керек емес пе?! «Көкте ұшса қанаты талатын, жерге түссе Жалайыр Шора алатын» қыранның қазақ даласындағы тарихы тастағы жазбаларға сүйенсек 3000 жылдан асқан. Адамның қайғы-қасіреті «Жүйрік аттың тұяғында, қыран құстың қияғында қалады» деп ұққан біздің халық аңшылық пен құсбегілікті тек күн көрудің ғана құралы емес көңіл көтеріп, серуендеудің де әдемі дәстүріне айналдырған. Бүгінгі құсбегілер де сол ата дәстүрді ұрпаққа жалғаған алтын көпір десек артық айтқандық емес. «Сонар-2010» жарысына қатысқан әрбір құсбегінің сүйекті сөзінен, қырағы көзінен сол тектіліктің тегеурінін сезесің. Жарыстың бірінші жүлдесін иеленген Алдаберген Шаліповтың баласы Медетпен сөйлескенімізде қыран қасиеті туралы біраз мағлұматқа ие болдық.
– Бүркіт пен Қаршығаның бабы екі бөлек. Қаршығаны ұстағаннан кейін үш күн ұйқысын алып, көгершіннің етінен күнделікті аз-аздан жегізіп отырады. Бірте-бірте 2-3 метр жерден етке шақырып, соған келгеннен кейін барып, көгершінге, қоянға салады. Ал бүркіттің бабы басқаша. Бүркіт – түз бүркіті және қолбала бүркіт деп екіге бөлінеді. Түз бүркіті түзді аңсап тұратындықтан оның бабы қиындау. Ол аңға салғанда қырандық танытқанымен, соған үйрету үшін көп еңбектену керек. Ал қолбала бүркіт қолға тез үйренгенімен аңға түсуде екпінді болмайды. Жалпы, бүркітші адамға көп ізденіс керек. Мен өзім Насыр Тоқтасынов деген атақты құсбегіні ұстаз еттім. Кейін әкемнен және «Жеті қазына» мұражайындағы Мүлік ағамыздан көп нәрсені үйрендім. Қазір сол мұражайдың мүшесімін. Құсбегілікпен айналысқан осы бірнеше жылдан бері менің байқағаным бүркіт – ерекше қасиетті құс. Ол кесір сөйлегенді жаратпайды. Бүркіттің маңайында жүрген адам ниеті ақ, ешкімге арамдық ойламайтын, ауызында иманы бар, таза көңіл адам болғаны жөн. Бүркітті ренжітпесең бүркіт сені ренжітпейді. Қыран баптаумен айналысатын адамның ауызында Алласы, етегінде намазы болмаса қасиетті құсты ұстаудың өзі күнә деп есептеймін, – деді Медет Алдабергенұлы ағынан жарылып.
Рас. «Құсты жисаң бүркіт жи, қыс тоныңды түлкі етер» деп қыранның олжасына ғана мәз болмай, оның тектілік қасиетін де бір сәт бағамдағанымыз жөн шығар. Жалпы, қазақ саятшылықты асқар тау, алып далада жасайтын. Сол үшін де біздің жұрт «аңшының кешіккенінен дәмет» деп аталы сөз қалдырған. Қазір заман талабына лайықтап, көпшіліктің көзайымына айналдыру мақсатында қыранды жүз метр биіктіктен ұшырып, түлкіні тоқымдай жерден алғызатын болды. Мұның өзі бүгінгінің жеңісі болғанмен, ертеңгінің жемісіне айналар ұлы ереже емес.
Сонымен, «Сонар-210» құсбегілер жарысы табысты аяқталды. Қазақтың жерге жазылған тарихындай тарландап жатқан Шарын шатқалын кесіп өтіп Алматыға тарттық. Сондағы ойлағаным Шарын – қатпарлы, кедір-бұдыры мол, адамзаттың еркін таптауына қолайсыз, бірақ – асқақ, дара, ұлы жер. Қыран да солай. Сондықтан саятшылықтың төл иесі біздің ел қырантектілікті ұлықтаған. Ендігі міндет – «Құсбегілік жарысын» әлемге танытарлықтай етіп, тамырын тереңнен алатын талап-ережелерді қайта түгендеу ғана болып тұр.

Біләл Қуаныш

Ақпарат, Әлеумет