Өз ұлтыңды сүймей басқаларды жарылқай алмайсың

22-Ақпан. 2009

ЖАҚСЫЛЫҚ  АЛАНОВ,  АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өмір-дерек:

Жақсылық Рзабекұлы Аланов 1957 жылы Гурьев  (Атырау ) қаласында  дүниеге келді. Қаладағы  №7   орта мектепті бітіргеннен кейін  жергілікті  химия зауытында  жұмысшы болып еңбек етті. 1978 жылы Гурьев ауылшаруашылығы техникумын ,  1983 жылы Қазақ  Мемлекеттік  университетін бітірді. Заңгер-құқықтанушы.

  Мамандығы бойынша еңбек жолын Орал  облыстық   заң  кеңесшілігі кеңсесінде  адвокат болып   бастады. 1985-1994 жылдар аралығында  Батыс Қазақстан облысының  прокуратура органдарында тергеуші, облыс прокурорының  қылмыстық-сот  бақылау жөніндегі  аға көмекшісі  болып жұмыс жасады.

                  1994 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып сайланды. Елбасының   Жарлығымен 1996 жылдың  11 қарашасында Батыс Қазақстан  облыстық сотының  қылмыстық  істер  алқасының  төрағасы болып тағайындалды.

  1999- 2001  жылдары   ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік- құқықтық бөлімінде  бас сарапшы,  2001 жылдан   2006 жылдың қараша  айына дейін ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болып  еңбек етті.  2006 жылдың қараша айында  Президент  Жарлығымен                   Атырау облыстық  сотының төрағасы  болып тағайындалды.

 

 

 

– Жақсылық Рзабекұлы ,    БАҚ өкілдерімен  өткізген кезекті бір баспасөз мәслихатын  өзге ұлт өкілдерінің  қатысып отырғанына қарамастан,бастан- аяқ   қазақша жүргіздіңіз. Сол кездесуге мемлекеттік басылымдармен қатар, орыс тілді  ,тәуелсіз, оппозициялық баспасөз өкілдері де  қатысты.

 Егеменді ел болдық деп жалпақ әлемге жар салып жүрсек те, мұндай  басқосулар көбіне екі тілде жүретінін несіне  жасырамыз. Кейбіреулер ойлағандай , тырнақ астынан кір  іздеп, биліктің бас терісін қаптап   сынайтындардың кейіннен Сізді  «облыстық соттың төрағасы  «ұлтшыл» екен»  деп  айыптайды  деген күдік болған жоқ па?

  – Біріншіден,  «ұлтшылдық» деген не? Әуелі соған тоқтала кетейін.Бенедикт Андерсонның сөзімен түйіндесек: «Ұлтты қалыптастыратын –ұлтшылдық. Ұлтшылдық – идеология емес. Ұлтшылдықты  фашизм, либерализм тәрізді  идеологиялармен  қатар қойсақ, ол өз мағынасын жоғалтады. Ұлтшылдықты  тіл, діл, дін сияқты құбылыстармен қатар қою керек. Оны туа біткен қасиет   ретінде  қабылдау қажет».

Біздер, қазақ халқы – мемлекетті  құрушы  ұлтпыз. Сондықтан да , ел аумағында  тұрып жатқан  өзге де  ұлттар мен ұлыстардың  құқықтары мен   тыныштығын қорғап, тең  дәрежеде  өмір сүрулерін қамтамасыз етуге ең әуелі  өзіміз мүдделі болуымыз керек. Ол үшін  бірінші кезекте ана тілімізді, дінімізді, ділімізді, тарихымыз бен  мәдениетімізді  өзіміз жетік білуіміз қажет. Сонда ғана  өзгелердің де   жан-жүрегін ұғынып, мұң-мұқтажын түсіне аламыз. Бұдан шығатын қорытынды – әуелі  өз ұлтыңды жан-тәніңмен сүйетін  ұлтшыл болмай тұрып, басқаларды  жарылқаймын деу  бос сөз.Бұл елдегі  қазіргі заман талабы.

 Енді жоғарыдағы баспасөз  мәслихатына келетін болсақ. Ия , оны бастан-аяқ  қазақша жүргіздім. Онда тұрған не сөкеттік бар?   Ешқандай түсініспеушілік те , реніш те болған жоқ.

   «Тіл туралы» Заңымыздың 4-бабында «Қазақстан Республикасының  мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында  қоғамдық қатынастардың  барлық саласында  қолданылатын  мемлекеттік басқару, заң шығару, сот  ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

  Қазақстан халқын  топтастырудың  аса маңызды  факторы болып  табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының  әрбір азаматының парызы», – деп  атап көрсетілген. Ендеше, жерімізден  қоныс тауып, осында жұмыс жасап, өсіп-өнген әрбір қазақстандық  мемлекеттік тілді  меңгеруі тиісті.

 Сонау қылышынан қан тамған 1923 жылы  Әділет халық комиссариатының  алқа мәжілісін өткізген  Н.Нұрмақов «Қазақ тілін  сот және тергеу органдарына енгізу туралы» арнаулы нұсқау шығарған.  Сол нұсқауда «Аралас аймақтағы  сот қазылары мен  тергеушілері орысша да, қазақша да сауатты болсын. Мұндай аймақтардағы  қазақ тілін білмейтін, қызметке жарамсыз барлық іс жүргізушілер жұмыстан босатылып, қазақша  жетік білетіндермен  алмастырылсын», –  деп  бұл бағыттағы істелер  жұмысты соқырға таяқ ұстатқандай нақтылып көрсеткен. Ол кезде үкімет мүшелері арасында да , сот, тергеу ,прокуратура  саласында да  қазақтардың  санаулы екендігіне қарамастан, билік басындағы ұлт тағдырына  алаңдайтын Алаш азаматтары мәселені тікесінен қоя білді.

    Енді ше?! Өз алдымызға бөлек, егеменді ел болдық. Тіл туралы заңымыз бар. Бұрынғыдай  Мәскеуге жалтақтамаймыз. Елбасы  мемлекеттік тілдің мәртебесін  көтеру туралы  қаншама тапсырмалар берді. Өкінішке  орай, істен  сөзіміз көп. Тотолитарлық  жүйенің  «ұлтшылдық» десе әзірейілдей үстімізге төне түсетін қорқынышты қара көлеңкесінен әлі үрейленіп келеміз. 50-60 адам жүріп, арамызда  өзге ұлттың 2 өкілі болса  сүрініп-қабынып орысша сөйлейміз. Басқасын былай қойғанда , Жоғарғы Сот пен Жоғарғы Сот жанындағы сот әкімшілігі жөніндегі комитеттен келетін іс қағаздарының  басым бөлігінің әлі күнге дейін орыс тілінде жазылатынын немен түсіндіруге болады?!  Ресей, болмаса, Өзбек, Тәжік, сонау  Француз  елдерінде мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызметке қабылдамайды ғой. Көрші мемлекеттерде қазақ бауырларымыздың жағдайы  біздегі басқа ұлт өкілдерінен әлдеқайда мүшкіл, құқықтары  айтарлықтай  деңгейде төмен.

  Қазіргі кезде  елімізде  4  миллионға жуық орыс, жарты миллиондай өзбек, осыншама ұйғыр диаспорасы тұрады. Осылардың ішінде өзінің ана тілінде сөйлемейтінін кездестіру тіпті мүмкін емес. Неге сонда біз өз елімізде, өз жерімізде тұрып өзге тілді зор тұтып, ана тіліміздің қағажау  қалуына  жол беруге тиістіміз?!

  Біз, қазақ халқы ықылым заманнан бері  қонақжаймыз. Қолымыздағы барымызды бала-шағамыздың аузынан жырып қонағымызға ұсынамыз. Сол разы болса екен дейміз. Көңіліне қараймыз. Ендігі жерде сыйластық екі  жаққа бірдей  болғаны дұрыс. Есіктен кіріп, төрімізге озып, ұлттық мүдделерімізді ұлтарақтың құнындай көргісі келмейтіндерді төбемізде ойнатуға болмайды. Қазақ тілін билік деңгейіне көтеріп, барша ұйымдарды  қазақша сөйлетпесе қазақ тілі мешел күйінде қала береді. Бұны түсінетін      уақыт жетті, бірақ әр қадамымыз заң шеңберінен  шықпауы шарт.

   – Өткен  жылы  Мақат кентінде  өткен  бір шараға қатыстым. Сонда  облыстық дәрежедегі бір басшы  дүйім жұрттың көзінше  алдын-ала  қазақша жазып берген  сөзін дұрыс оқи алмай масқара  болды. Мемлекеттік  қызметтің нанын жеп, мемлекеттік тілде  сөйлей білмейтін, дұрысын айтқанда, сөйлеуге ұмтылмайтын  мұндай басшылардан  не үміт, не қайыр?!

– Жоғарыдағы  «Тіл туралы» Заңның  толыққанды күш алып кетуіне кедергі  келтіріп отырғандар да осылар ғой. Өлең жолдарында айтылғандай: «Ана тілін білмеген, ақылы жоқ желікбас. Ана тілін сүймеген, халқын сүйіп жарытпас», – демекші, ана тілін білмейтін, оның мұң-мұқтажын  түсінбейтіндерден ешқандай  үміт күтуге болмайды. Ерте ме, кеш пе, бәрібір  мемлекеттік тілдің өркені өсіп, билік тіліне, бизнес тіліне айналары сөзсіз. Міне, сол кезде олардың бармақтарын тістейтіндері ақиқат.

  Халқымызда  «жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы» деген қанатты сөз бар. Меніңше осы сөз  тіл айналасында  жүрген азаматтарға тікелей қатысты…

    Дэвид Кристаллдың « …Қазір  тіл экологиясын  қалыптастыратын  заман келді. Жалғыз лингвистер емес, кез келген адам өз ана тілін сақтауға  үлесін қосуы керек.  Өйткені тіл жойылса, біз рухымызды, рухани әлемімізді жоғалтамыз» деген жанайқайын бір сәтке де естен шығармаған абзал.

  Ана тілін білмейтін, не шорқақ білетін азаматтарға сын сағатын туғызатын  уақыт жетті.

 – Атырау облысы мен  бірге облыстық соттың құрылғанына да 70 жыл толған екен. Кешегі кеңестік  кезеңнен бастау алатын  сот тарихына  тоқталып өтсеңіз?

– 1938 жылдың 15 қаңтарында  сол кездегі Гурьев  округін  ірілендіру арқылы  жаңадан Гурьев  облысын құру туралы  шешім қабылданғаны  баршамызға  аян. Оның  құрамына Бақсай, Есбол, Маңғыстау, Мақат, Жылыой, Теңіз аудандары кірді. Осыған  сәйкес  облыстық сот пен жергілікті жерлерде аудандық  соттар  да  құрылып, жұмыс жасай бастады.

 Мұрағат құжаттарында  көрсетілгендей, облыстық соттың алғашқы  төрағаларының  бірі – Қағирман  Құлмұрзин. Өмірбаянындағы деректер  бойынша  әлеуметтік тегін  әдейі жасырғаны  үшін көп кешікпей  төрағалықтан босатылып, қызметі  облыстық соттың консультантына дейін  төмендетілген. Одан кейін С.Елшібаев, Н.Төлендиев, М.Молдағалиев, У.Тұрымов және  басқа да аяулы азаматтар төраға болып, жұмыс жасады. Олардың көпшілігі кәсіби заңгер мамандығы болмағандығына қарамастан, өмірден үйрене жүріп, әділ сот төрелігін  жүзеге асырды. Қолынан іс келеді-ау деген жастарды тәрбиелеп, жоғары білім алуына  жол ашты. Материалдық-тұрмыстық жағдайларының төмендігіне көңіл бөлместен  «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» ұстанымынан аттап кеткен жоқ. Азаматтықты, адалдықты, ту етіп көтерді. Дара билік пен дана биліктен  бастау алатын  дала заңының имандылық қағидаттарын басшылыққа алып отырды.

Қазіргі  Республика Жоғарғы Сотының  төрағасы  Қайрат Әбдіразақұлы Мәми де кезінде осында өндірістік тәжірибеден өтіп, кейіннен облыстық соттың  төрағасы болды. Сот саласының білгір маманы, тәжірибелі заңгер, егеменді еліміздің сот жүйесінің өркениет көшінің  алдыңғы легінен орын алуына  зор үлес қосып жүрген реформатор Қайрат Әбдіразақұлы әркез жағдайымызды біліп отырады. Кез-келген уақытта қолынан келген көмегін  аяған  емес.

 Облыстық соттың 70 жылдығы қарсаңында  біршама жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, соттың  өткен кезеңдегі тарихы мен  бүгінгі  құрамының тыныс-тіршілігін бейнелейтін альбом-кітап әзірленді. Көп кешікпей «Арыс» баспасынан  жарық көреді. Бірнеше мәрте сот ардагерлерімен  кездесу өткізіп, мүмкіндігімізше тарту-таралғыларымызды бердік. Ардагерлер туралы очерктер мен деректі әңгімелер, мақалалар топтамалары республикалық, облыстық, жергілікті бұқаралық –ақпарат құралдары бетінде тұрақты түрде  жарияланып тұрады. Мерейлі мереке қарсаңында облыс судьялары арасында бірінші болып Ленин орденімен марапатталған  Таушан Кенжеғалиев ағамызға  Миялы селосында, Ұлы Отан соғысы және сот ардагері Сәттіғұл Бекжанов  ағамызға Мақат  кентінде  мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Орталық көшелерге сот ардагерлерінің есімі берілді. Ұзақ жыл  облыстық сотты басқарған Уағап Тұрымов  ағамыздың есімін  Атырау қаласындағы  көшелердің біріне беру туралы тиісті орындарға ұсыныс түсірдік. Уағап ағамыздың  қарамағында істеп, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері тек Атырау өңірінде емес, кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінде көптеп кездеседі. Өмірден көрген-түйгені мол, парасат-пайымы терең, азаматтығы мен басшыға тән талапшылдығын ұштастыра білген осынау абзал жанның  өткен өмір жолы кім-кімге де үлгі-өнеге.

 Бүгінгі таңда облыстық  судьялар корпусы мен сот қызметкерлерінің материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, күнделікті жұмыста ғылым мен техниканың озық үлгілерін кеңінен пайдалану бағытында көлемді істер тындырылды. Соның нәтижесінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда  соттар қараған істердің саны артса да сапасы  айтарлықтай жақсарды.

 – Алқабилер  институтының  енгізілгеніне  онша көп уақыт өте қойған жоқ. Ең ауыр қылмыстарды қараған кезде  имандылықты, «алдыңа келсе, атаңның да құнын кеш»  принципін  басшылыққа алып, адамгершілік  тұрғысынан шешуге  ұмтылатын  алқабилер соты туралы  не айтар едіңіз?

Ата Заңымызда атап көрсетілген ел азаматтарының  құқықтары мен бостандықтарын  қамтамасыз ету жолындағы  оң қадамдардың бірі – Алқа   билер институтының  жұмыс жасай бастауы. Қылмыстық сот өндірісіне енгізілген  бұл жүйе өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.

  Облыста  «Алқа билер туралы» және «Қазақстан  Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне алқа билердің қатысуымен  қылмыстық сот ісін жүргізуді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қатысты семинарлар өткізілді. Онда сот мамандары  мен алқа билерге үміткерлер арасында  сот процесінің негізгі ережелері, алқа билердің қатысуымен сот істерін қараудың ерекшеліктері туралы түсінік жұмыстары жүргізіліп, сот отырыстары хатшыларын оқыту ұйымдастырылды. Алқа билерге арналған жарнама, бюллетеньдер, басқа да құжаттар  әзірленді. Сот өтетін арнайы залдар дайындалып, замана талабына сай техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталды.

Заңда көрсетілгендей, айыпкердің өтініші қанағаттандырылған жағдайда  қылмыстық іс 2 судьяның,  9 алқа бидің қатысуымен қаралады. Жасыратыны не бар, басында «кәсіби білімі жоқ халық өкілдері тәжірибелі судьялардың жетегінде кетіп қалмас па екен, немесе, үкім шығарған кезде  сезімге беріліп аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерді  ақтап жібермес пе екен?»- деген күмәннің болғаны рас. Бірақта, алқа билер құрамына  азаматтық борышын жете түсінетін, жауапкершілігі мол, өзгелердің тағдырына бей-жай қарай алмайтын иманды адамдарды дұрыс іріктей білудің нәтижесінде заңсыздықтарға жол берілген жоқ. Өткен жыл ішінде  алқа билердің қатысуымен 7 іс қаралып, әділ үкім шығарылуы соның айқын дәлелі.

Қылмыстық істі қарау барысында алқа билердің мәртебесі судьялармен бірдей болып, соған сәйкес еңбекақы төленеді. Оның құрамына  жасы 25-ке толған, бұрын сотты болмаған, ақыл-есі бүтін кез келген  азаматты заңда көрсетілген негізде жергілікті атқару органдары ұсынады. Солай бола тұрса да, облыс тұрғындарының алқа билер құрамында болып, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға деген құлшыныстары әлі де төмен. Оларды ынталандырудың, сот ісіне тікелей араласуға деген құлшыныстарын көтерудің екі жаққа да тиімді жолдарын қарастырған дұрыс. 2 кәсіби судьяның біреуін ғана қалдыру қажет сияқты. Бұл алқабилердің  пікірталасына оң ықпалын тигізеді. ҚІЖК-нің 25-бабына сәйкес, алқа би дәләлдемелерді  қарағанда  өзінің ар-ожданын  басшылыққа алса, судья бірінші заң, сосын ар-ожданын басшылыққа алуға міндетті. Сонымен бірге алқа билерді тек аса ауыр қылмысты істерге ғана емес, қоғамдық қызығушылық туғызатын басқа да істерге де араластырған жөн деп есептеймін.

– Өлім жазасына мораторий жарияланды. Бір жағынан дұрыс. Солай бола  тұрса да, бірнеше мәрте  кісі өлтіргендердің  сотталу мерзімін өтеп келіп,  қарақшылық  істерін қайтадан жалғастырып жүргендері де аз емес…

– Қазіргі кезде әлемнің 120 мемлекетінде заңнамалық тәртіппен өлім жазасы қолданылмайды. Біздің елімізде  Қазақстан Республикасының Президентінің  2003 жылғы 17 желтоқсандағы  Жарлығына сәйкес өлім жазасына  мораторий жарияланды. Болашақта  осынау жантүршігерлік қатаң жазаны  біржолата алып тастау күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Мұны адам құқықтарын қорғау саласында  жүргізіліп отырған кешенді реформалардың заңды жалғасы  және жазаны ізгілендіру  деп түсінуіміз керек.

ҚР Конституциясының 1-бабында адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып  табылатыны атап көрсетілген. Ендеше, өмір сүруге деген құқықты адам құқығының  ең маңыздысы ретінде қарағанымыз жөн. Солай екен деп, аса ауыр қылмыс жасағандарға  жеңілдік жасауға тағы  болмайды. Сондықтан да ҚР  Қылмыстық кодексіне  өлім жазасына балама ретінде  өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы  енгізілді. Сөйтіп, аса қауіпті қылмыскерлер қоғамнан біржолата аластатылады.

Жақында қалалық соттың үкімімен Қазақстан соттары тарихында тұңғыш рет есірткі өнімдерін тасымалдаушы Өзбекстан азаматы сотталып, өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Біз мұндай қатал шараға  саналы түрде барып отырмыз. Қалтасының қамы үшін талай шаңырақтың ойранын шығарып, сан мыңдаған азаматтарымызды есірткінің түпсіз тұңғиығына батырғандардың ендігі барар жері – түрме  екендігін ұмытпағандары жөн.

 Облыстық  сот құрылғаннан бері бірінші рет қылмыстық-атқару жүйесінде  болып, түрмедегілердің жағдайымен таныстыңыз. Егеменді  еліміз бойынша  сот ардагерлерінің есімдерін  көшеге беріп, ескерткіш тақталар орнатуды да   Сіздер қолға алдыңыздар. Соттардың спорт кешені де  Атырауда  бірінші болып ашылып, жаңа үлгідегі сот ғимараты тұрғызылып жатыр…

 Осының барлығы  соңғы екі  жылдың  ішінде атқарылған жұмыстардың  азғантай бөлігі ғана. Алдағы жоспарларыңыз  қандай? Тәуелсіз әрі қуатты  сот жүйесін қалыптастыру үшін  не істеу керек деп ойлайсыз?

– Өздеріңіз көріп отырғандай, егемендік алған күннен бастап мемлекеттік биліктің үшінші тармағына айналып отырған тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру үшін алдағы атқарылар ауқымды істердің кешенді  жоспары жасалып, ол  кезең-кезеңімен  жүзеге асырылуда. Соның  ішінде соттардың мәртебесін көтеру, әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін күшейтіп, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жақсарта түсу бағытында біршама істер тындырылды. «Қазақстан  Республикасындағы  сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық  заңға өзгерістер енгізіліп, «Қазақстан Республикасындағы  Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. Сот жүйесінің  2009-2011 жылдарға  арналған  стратегиялық жоспары қабылданып, мемлекет басшысы тарапынан мақұлданды. Қылмыстық істер мен азаматтық істер  жүргізу кодекстеріне  айтарлықтай  өзгерістер енгізілмек.

 Қамауға санкция беру  құзіретін  сот арқылы жүзеге асыру – ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын  қамтамасыз ету бағытындағы  дер кезінде қабылданған оң шара екендігін  дәлелдеп шықты. Нәтижесінде  алдын-ала тергеу барысында адамдарды қамауға  алу облысымыз  бойынша екі есе  төмендеді. Сонымен бірге  бұл бағытта шешілуге тиісті  мәселелердің де аз емес екендігі анықталып отыр. Атап айтқанда, алдын-ала тергеу органдары  қамауға алуға негіз болатын  материалдарды  жинақтауға жеткілікті көңіл бөлмейді. Тергеушілердің құнтсыздығы, кәсіби шеберліктерінің төмендігі, кейбір прокуратура қызметкерлерінің өз жұмысына салғырт қарауының салдарынан «шикі» істер сотқа келеді. Мұндай жағдайда жарыспалық қағидаты бойынша  дәйектерін дәлелді ұсына білетін тәжірибелі адвокаттардың мерейі  үстем болатыны айтпаса да түсінікті. Осындай жайттарға байланысты  шала материалдарды сотқа жіберген жауапты адамдарға қатысты  жеке қаулылар қабылдап, сол органдарға жібереміз. Көбіне формальды түрде жауап келеді. Босқа қағаз шығындап, босқа уақыт өткізу десе де болады. Өзіміздің де, өзгелердің де алтын уақытын текке кетірмес үшін жалпы жеке қаулылардың  орындалуын  қатаң  қадағалауға алып, қажет болса тиісті шара қолданатын заңнамалық айқындама қажет деп ойлаймын. Жеке қаулы  заң жүзінде қабылданған  соттың процессуалдық шешімі. Ол аяқсыз  қалмауға тиіс, яғни жеке қаулы  түскен орган  бұл қаулы бойынша  процессуалдық түрде (қаулы шығару арқылы) өндіріс қозғап, тексеріп, процессуалды  шешім қабылдауға  міндетті болуы  қажет. Адын-ала  тергеу органдарына  қажетті серпіліс беретін  соттардың бірден бір құралы осы, жеке қаулы екенін  естен шығармауымыз керек.

Ия, соттар тарихында тұңғыш  рет спорт кешені Атырауда  ашылды. Қаржылық  дағдарысқа қарамастан Жоғарғы Сот, Жоғарғы Сот жанындағы  соттар әкімшілігі жөніндегі  комитет пен облыс басшылығына ұсынысымызды қолдап, көмек көрсеткендеріне дән разымыз. Ендігі жерде сот қызметкерлері  жүйкеге үлкен салмақ түсіретін  күнделікті  жұмыстарынан соң спорт залына баратын болады. Онда салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған. Мини-футбол алаңы, үстел теннисі, фитнес залы, сауна, душ кабиналары тек сот қызметкерлерінің ғана емес, олардың отбасы мүшелерінің де игілігіне айналып отыр. Алла қаласа,  биылғы жылы облыстық соттың жайлы ғимаратына көшеміз. Сол сияқты облыстық соттың қылмыстық істер алқасының төрайымы Айгүл Қуанышқызы Тәшенова мен облыстық соттар әкімшісі  Гүлжан Мақсотқызы Жұмағалиеваның да осынау үлкен жауапты қызметке Қазақстан қыз-келіншектері арасында бірінші болып тағайындалып отырғандығын атап өткен жөн деп есептеймін.

Өткен жылы  тұңғыш рет қылмыстық-атқару жүйесінде  жетім балалар үйінде болып қолымыздан келген көмегімізді көрсеттік. Біз бұл игі шараны атақ-абыройымызды көтеру үшін емес, қолымыздан келіп тұрғанда  аз да болса  шапағатымыз тисін деп жасадық. Қалтасында қаржысы, қолында билігі бар азаматтарға ой салсын деген мақсатта  қолға  алдық.

Қоғамымыздың жегі құртына айналып отырған жемқорлықпен күрес  қандай  дәрежеде?

Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан»  партиясы саяси кеңесінің  кеңейтілген отырысында, Қауіпсіздік кеңесі мен құқық қорғау органдары басшыларымен  өткізген алқалы басқосуларында жемқорлықпен күресті күн тәртібінен  бір сәтке де түсірген емес. Сондықтан да ел дамуына елеулі қауіп туғызып, әлеуметтік-экономикалық өркендеуімізге, шетелдік инвестицияларды тартуға,егемендіктің тұғырын биіктетіп, еліміздің өркениет көшіне қосылуына үлкен кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлықпен  ымырасыз күрес жүргізу – баршамыздың абыройлы борышымыз.

Жемқорлық – қоғамды аздырып, іштен ірітетін, егерде дер кезінде сылып алмаса арты үлкен кесапатқа  айналатын қатерлі дерт. Ең қауіптісі  қарапайым адамдардың  жемқорлық пен парақорлықтың  ашпайтын есігі  , шешпейтін мәселесі жоқтығына көзінің жете бастауы. Аналар босанатын үйден бастап, жарық дүниемен қоштасып , қара жердің қойынына кіргенге дейін біреуге тәуелдісің. Осы екі ортадағы қым-қуат шаруаларыңның жылдам шешілуі шенеуніктердің қолында. Ендеше, жемқорлықты  дауасы табыла қоюы қиын дертке теңесек, халық даналығында айтылғандай, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегеніміз дұрыс». Яғни, сыбайлас жемқорлыққа апаратын барлық жолдарға батыл тосқауыл қоюға тиістіміз. Соның өзінде бір-екі жылдың көлемінде  жетістікке жетеміз деуге әлі  ертерек. Ол үшін табандылық қажет. Аллаһтың  Елшісі, қасиетті  Мұхаммед   (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың  «Қай халықта талан-тараждық орын алса, олар құрғақшылық пен  аштыққа ұшырайды. Ал, парақорлық жайлаған елді  үнемі қорқыныш билейді», – деген хадисінде парақорлықтың,жемқорлықтың әділетсіздікке жол беретінін, онымен  айналысқан адамдардың екі дүниеде де опа таппайтыны ашып айтылған.

Жыл аяғында  өткен облыс судьяларының кеңейтілген мәжілісінде  ҚР Жоғарғы Сотының тапсырмасына сәйкес жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын-алу шараларын белгіледік. Барлық қалалық, оған теңестірілген соттар мен аудандық сот төрағаларына  нақты тапсырмалар беріліп, қатаң  сұралатыны ескертілді.

Бұл бағытта күресудің  екі басты жолы бар, бірі – заңнамамызды  түбегейлі ревизия жасау, әсіресе билік органдарына қатыстысын. Және министрліктер мен ведомстволардың  нормативтік актілеріне баса назар аудару қажет. Екіншісі – адами фактор, кадрлар мәселесі. Бұл тұрғыда жергілікті судьяларды, прокурорларды  халық сайлағаны да  дұрыс. Судьяларды енді Жоғарғы Сот Кеңесі арқылы тағайындау тәжірибесі өзінің оң нәтижесін берері хақ. Судьялардың жалақысын көбейту, материалдық  жабдықталуын  жақсарту шаралары да осы мәселені тездетіп шешуге септігін тигізеді деп сенім білдіргім келеді.

– Облыстық соттың төрағасы өзінің жұмыстан бос уақытын қалай өткізеді, отбасыңыз туралы да  айта кетсеңіз?

– Шынымды айтсам, кезекті еңбек демалысын алғанда болмаса, бос уақыт дегенің  көбіне – көп бола  бермейді. Соған қарамастан  жексенбі күндері қыста мұз үстінде, жазда қармақпен балық аулағанды жақсы көремін. Спорт – бала жасымнан бергі айналысып келе жатқан ажырамас серігім. Күнделікті  жұмысым «Егеменді Қазақстан», «Ана тілі», «Алтын Орда», «Заң газеті» мен  халықаралық «Қазақстан –ZAMAN» газеттерін оқудан басталады. Жақында ғана Қ.Тоқаевтың «Жарық пен көлеңке», Ә.Дербісәлінің «Ұлық имам-имам ағзам Әбу Ханифа»  кітаптарын  оқып бітірдім.

Жолдасым – Венера  заңгер. Үлкен қыздарым – Мәдина мен Әсем студенттер. Сәниям мектепте оқиды.

 

                    

                                                            Сұхбаттасқан Боран-Ғали  Құлжан.

                                                            Атырау облысы.

Елтану