Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 19 Қаңтар, 2021

Қазақ өнерінің «Тақиялы періштесі» дүниеден озды

Әдетте көркем фильмнің көрерменнің есінде өшпестей болып жатталып қалуына септігін тигізетін ерекше образдар болады. Уақыт өте келе кейіпкердің түр-тұлғасы, болмысы, тіпті сөйлеген сөзі мен мимикасына дейін халық аузында жүреді. Қазақ киносында Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесіндегі» Тайлақ образы дәл осындай кейіпкер. Үйленбей жүрген талай сұр бойдақ әр ауылда Тайлақ немесе «тақиялы періште» атанып та кетті, ондайларды бала кезімізден көріп те өстік. Оған себепкер болған Шәкен Аймановтың режиссерлік шеберлігі десек, екіншіден, өз образына құйып қойғандай жарасып тұрған актер – Әлімғазы Райымбековтің тұлғалық ерекшелігі еді.

2019 жылдың 28-қаңтарында Алматыда «Тақиялы періште» фильмінің жалғасы «Тақиялы періште – 2» / «Тайлақтың тақиясы» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмде бұл күнде ұл-қыз тәрбиелеп, ата жасына жеткен Тайлақ қарт немересі Аңсарға лайық жар іздейді. 50 жылдан кейін қайталанған оқиға сәтті аяқталып, Тайлақ қарт аңсаған арманына жетеді. Фильмнің тұсаукесерінде «Қазақ газеттерінің» түсіру тобы Әлімғазы Райымбековпен тікелей кездесіп, аздаған сұхбат жазып алған едік. Сұхбат соңында кадрдан тыс әңгімеде «Әлімғазы ағадан «Қандай арманыңыз бар?» дегенімізде, «Мен арманы жоқ адаммын. Себебі, қазақ киносы майталмандарының көзін көріп, Шәкен ағамен, Әмина апамызбен бірге жұмыс істедім. «Тақиялы періште» арқылы қазақ даласына танылдым. Қазір бала-шағамды өсіріп, ата жасқа жеттім. Арманым жоқ», - деді. Сонда да көңілінде жүрген мазалайтын бір ойды да айтып өтті. «Қазақ жастарының арасында ажырасу көбейді, шаңырақтар шайқалмаса екен», - деп еді.

Үлгілі отбасы құрып, өмірде бақытты болудың үлгісін көрсетіп, 10 бала, немере-шөбере тәрбиелеп кеткен қазақ өнерінің «Тақиялы періштесі» 85 жасында дәм-тұзы тауылып, дүниеден озыпты. Бақұл болыңыз, аға! Жаныңыз жәннаттық болсын!

«Қазақ газеттері» серіктестігі оқырмандарының назарына 2019 жылғы Әлімғазы Райымбековпен бірге түсірілген бейнематериалды қайта ұсынып отырмыз.

 

Гауһар Түстікбаева
Жанарбек Әлихан
«Қазақ газеттері» ЖШС

6923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *