Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 21 Маусым, 2021

Назгүл Қарабалина: «Монодраманың негізгі ойы – қоғамның жетімдігі»

20 маусым күні М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының кіші залында «Туған күн» моноспектаклі көрермен назарына ұсынылды. Қазақ театрында табиғаты бөлек, тың ізденіс пен шеберлік, шынайы актерлық ойыннан туған туындының кезекті қойылымы да аншлагпен өтті.

Жастайынан балалар үйінде тәрбиеленген бойжеткен тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірдің шырғалаң сәттерін бастан кешіреді. Көкірегінде кернеген ыза мен мұң, туғанынан жетімдіктің кермек дәмін таттырып, далаға тастаған анаға деген өкпе-назы кейіпкердің «мен жоқ едім, мені бұл өмірге әкелді анам» деген мұңлы монологынан бастау алады.

Адам баласынан мейірім мен жылулық, шынайы жанашырлық көрмеген жасты тағдыры да жарылқамайды. Бір күндік түнейтін жылы орын мен ішер ас үшін күндіз-түні істемеген жұмысы, қонбаған жері қалмайды. Сатқындық пен кекесін оның жүрегін қарайтып, іштегі назы  кекке ұласады. Алайда...

Ол басқа еді. Жан-дүниесі нәзік, арманшыл,  сезіміне адал, жаны таза еді. Ол алдына қойған мақсатына, айналасына сеніммен қарайтын. Арманына бір табан жақындады да. Балалар үйінен шыққанда журналист болам деп оқуға тапсырады. Студент қатарына ілінгенде жүрегі жарыла қуанды. Дегенмен, ортасы оны қабылдай алмады, кемсітті, ақыр түбі оқудан шығарып тынды. Оның қиындықтары осымен бітпеді. Алдында әлі талай тозақты күндер күтіп тұрған еді.

Сахнада актриса және ортаға қойылған орындықтан артық бір де бір деталь жоқ. Кейіпкердің жан-арпалысы, күйзеліс пен өкініш, көз жасы мен қуаныш, адалдық пен арамдық секілді түрлі қарама-қайшы әрекеттерді бір сағат бойына асқан шеберлікпен орындаған Назгүл Қарабалина бұл спектакль арқылы көпшілікке мүлдем жаңа қырынан танылды. Ол өз кейіпкерін жан-жақты ашып қана қоймай, қоғамдағы маңызды әлеуметтік мәселені сахна төріне кәсіби шеберлікпен  шығарды.

Кейіпкердің туған күнінде түрмеден бостандыққа шығар алдында: «Дүниедегі ең сорақы қайыршылық – ол санадағы қайыршылық», - деген түйінді сөзі оның жүрегін жарып шыққан жан дауысы еді. Адам тағдыры, қоғам дерті тереңінен ақтарылған қойылым өзінің шынайылығымен, идея өзектілігімен көпшіліктің көңілін таба білді.

Моноспектакльдің режиссері Ерлан Кәрібаев, идея авторы, әрі рөлді ойнаған – Назгүл Қарабалина, сценарийін жазған - Баян Қажынәбиева.

 

Монодрама жайлы толығырақ бейнематериалдан тамашалаңыздар.

 

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек

"Қазақ газеттері" серіктестігі

 

 

 

1689 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *