Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 15 Шілде, 2021

12 жасар жазушы алғашқы кітабын шығарды

Разия Ақпар – жас автор, блогер. Нұр-Сұлтан қаласында №72 мектеп-лицейдің 7-сыныбын бітірген. Әлеуметтік желіде өте белсенді. Разияның Инстаграм парақшасын үнемі бақылап отырамын. Бауырларымен бірге қызықты контент салып, пайдалы дүниені бөлі-сіп отырады. Уақытын тиімді пайдаланып, әртүрлі тақырыпта қызықты ертегілер жазады, өлең оқиды. 1 маусым күні Разияның «Ертегі әлеміндегі ханшайым» атты кітабының тұсаукесері өтіп, кішкентай оқырманға жол тартты. 12 жастағы автор бізбен жақынырақ танысып, «ұландық» достарына ертегі кітабы туралы айтып берді.

– Разия, ертегі жазуды қашан және қалай бастадың?

– Кішкентай кезден ертегі тыңдап, оқығанды жақсы көремін. Сіңлім екеуіміз бос уақытымызда шығарма жазатынбыз. Мектепте эссе, диктанттан үнемі бес аламын. Солайша жазу машығым қалыптасты. Алғашында отбасы, жануарлар туралы ертегі жаза бастадым. Жазғандарымды ешкімге көрсетпейтінмін. Өйткені адамдар ертегіге қызықпайды деп ойладым. Бірақ сүйікті ісімді тастаған жоқпын. Үшінші сыныпта оқып жүргенде мұғалімім сөз таптарына байланысты ертегі құрастыруға тапсырма берді. Үй тапсырмасын орындап, ертегімді анама көрсеттім. Ол менің жазуыма таңғалып, әлеуметтік желідегі топтарға жіберді. Анам мені үнемі қолдайды. Кейін ертегіні Инста парақшама салып қойды. Ол туыстарым мен достарыма қатты ұнап, солайша алғашқы оқырмандарым пайда болды.

– Ертегі жазғанда идеяны қайдан аласың? 

– Ертегі жазуға шабытты көбіне айналамнан, табиғаттан аламын. Ертегілерімді бірнеше бөлім қып құрастырғандықтан, оны жазуға шамамен 3-4 күн кетеді. Қазір жазғандарымды Инстаграмға  салып, оқырмандарыма жеткізіп отырамын.

– «Ертегі әлеміндегі ханшайым» атты кітабыңды шығару туралы ой қайдан келді? Алғашқы туындың жарық көргенде қандай сезімде болдың?

– Кітап шығару туралы ойды оқырмандарым тастады. Өзім сурет салғанды қатты ұнатамын. Кейбір оқырманым кітапты салған суреттеріммен безендіруге болатынын айтты. Кітабымның ерекшелігі де сол. Достарым мен оқырмандарымның қолдауының арқасында «Ертегі әлеміндегі ханшайым» атты туындым жарық көрді. Кітаптың тұсаукесерінен соң мені түрлі бағдарламаға шақырып, тілшілер сұқбат алды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов сыйлық беріп, болашағыма сәттілік тіледі. Сол кезде керемет әсер алдым. Маған үлкен жауапкершіліктің артылғанын, көп оқып, көп жазу керегін түсіндім.

– Кітабыңның басты кейіпкері ханшайым Разия ма? Не себепті кітапты осылай атадың?

– Кітапта мен ханшайым кейпінде бір ертегіден екінші ертегіге көшемін. «Ертегі әлеміндегі ханшайым» деп атағаным да сондықтан. Бұнда бір ғана емес, түрлі тақырыпта жазған ертегілерім жинақталған.

– Кітапта қандай ертегілер бар? Олардың балаларға берер тәрбиелік мәні қандай?

– Әр ертегінің оқырмандарға, әсіресе  бүлдіршіндерге берер тәрбиелік мәні зор. Мысалы, «Жыл мезгілдері» деген ертегімде төрт жыл мезгілін төрт қызға теңедім. Ертегінің мақсаты – адамдарды сыртынан өсектеуге болмайтынын үйрету. Кітапта бұдан өзге оқырманды ізгілікке, адалдық пен адамгершілікке шақыратын он ертегі бар. Өзіме «Сөз таптары» деген ертегім қатты ұнайды.

– Алдағы уақытта тағы да авторлық кітабыңды шығару жоспарда бар ма?

– Иә, әрине. Жыл сайын бір кітаптан шығарсам деп армандаймын. Мақсатыма жету үшін үзбей ертегі жазып тұрамын.

– Бос уақытыңда немен айналысасың? Сурет салып, ертегі жазудан өзге қандай қабілетің бар?

– Маған тоқыма тоқып, қолөнермен айналысқан қатты ұнай-ды. Таза ауада жаттығу жасауды да ұмытпаймын. Шығарма жазуды тоқтатпай, кітап шығаруды жалғастырамын. Болашақта киім дизайнері болғым келеді.

– Разия, саған көп рақмет! Талабыңа нұр жаусын! Сәттілік тілейміз!

P.S. Достар, Разияның ертегілерін оқығыларың келсе, Инстаграмда raziya_akpar парақшасына тіркеліп, жас авторды қолдауды ұмытпаңдар!
 

Аружан АБСАТАР,
«Ұланның» жас тілшісі.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №26

648 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *