Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 17 Шілде, 2021

Валюта нарығындағы ахуал құбылмалы

Әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуал бірқалыпты болмай тұр. Бір жағынан, жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу болжамдарының жақсаруы және вакцинациялау қарқынының арта түсуі тәуекелді активтер бағасының өсуіне ықпал етсе, екінші жағынан, Федералдық резервтер жүйесінің қатаң мәлімдемесі АҚШ долларының нығайып, дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне әсерін тигізіп отыр.

Осы ретте маусым айындағы қаржы нарықтарындағы жағдай және теңгенің біртіндеп нығаюына әсер еткен факторлар туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия МОЛДАБЕКОВА қаржы реттеушісінің сайтында баяндап берді.

 ӘЛЕМДІК ҚАРЖЫ  НАРЫҚТАРЫНДАҒЫ  ЖАҒДАЙ

Төмен мөлшерлемелер мен фискалдық ынталандырулар экономиканың жедел қалпы­на келуі жағдайында кейінге қалдырылған сұраныстың өсуіне және жеткізу тізбек­терінің баяу қалпына келуі жағдайында бағаның көтері­луіне жаһандық деңгейде әсер етуін жалғастырып келеді.

Осыған байланысты дамыған және дамушы елдерде про­инфляциялық қысымның өсуі байқалады. Мәселен, АҚШ-та инфляция 13 жыл ішінде ең жоғары деңгейге – 5,0%-ға, Еуропалық одақта – 2,3%-ға (2018 жылғы қарашадан бастап ең жоғары), Ресейде – 6,5%-ға дейін (2016 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғарғы) өсті.

Инфляциялық күтулердің күшеюі риториканың қата­юына немесе әлемдік орта­лық банктердің ақша-кре­дит саясатының тіке­лей қатаң­дауына алып келді. Маусымда дамушы елдер­дің бірқатар орталық банктері өздерінің базалық мөлшерле­мелерін арттырды: Бразилия о­рталық банкі 4,25%-ға (+75 б.т.), Мек­сика орталық банкі 4,25%-ға (25 б.т.), Ресей орталық банкі 5,5%-ға (+50 б.т.) дейін өсірді. Биылғы жылғы шілдеде Ресей орталық банкі мөлшерлемесінің 25-тен 100 базистік тармаққа дейін одан әрі жоғарылауы күті­леді.

Айдың басты оқиғасы – 16 мау­сымдағы АҚШ Федералдық резервтер жүйесінің (ФРЖ) отырысы болды. Реттеуші не­гізгі мөлшерлеменің ауқы­­мын 0-ден 0,25%-ға дейін өзге­ріссіз сақтап қалды, алайда ФРЖ Басқарушылар кеңесі­нің мүшелері 2023 жылдың соңына дейін мөлшерлеменің екі рет өсетінін күтіп, негізгі мөлшерлеме бойынша ме­диандық болжамды көтерді. Сонымен қатар «активтерді са­тып алу» бағдарламасын қыс­қартуды талқылау бастамасы туралы хабарланды.

Бұл ретте, ФРЖ-ның жеке өкілдерінің мәлімдемелері де бір сипатта емес екенін атап өткен жөн, маусымда біз реттеушінің әртүрлі өкілдерінің әр түрлі пікірлерін байқадық. Мәселен, Дж.Буллард мөлшерлемелерді көтеру 2022 жылдың соңында басталады деп санайды, ал Дж.Уильямс негізгі мөлшер­ле­менің өсуі әлі де «алыс бола­шақта» деген пікір білдірді.

АҚШ ФРЖ мәлімдемесінің өзгеруі АҚШ долларының ны­ғаюына әсер етті. Дамыған елдер­дің валюта қоржынына қара­ғанда АҚШ долларының DXY индексі 2,9%-ға өсті. Өз кезегінде бұл дамушы нарықтардың тар­тымдылығының төмендеуіне және ЕМ валюта серпініне теріс әсер етті: Оңтүстік Африка ранды 4%-ға, түрік лирасы 2,6%-ға, үнді рупиясы 2,4%-ға, Индонезия рупиясы 1,5%-ға әлсіреді.

Сондықтан әлемдік қаржы на­рықтарындағы қозғалыс серпіні әр түрлі болып қалуда. Бір жа­ғынан, әлемдік ІЖӨ-нің өсу бол­жамдарының жақсаруы және вак­цинацияның жалғасып жатқан қарқыны тәуе­келді активтер ба­ғасының өсуін қолдады, ал екінші жағынан, әлем­­дегі инфляциялық күтулер­­дің өсуі және жаңа Covid-19 дельта-штамының таралу қарқыны әлем­дік экономиканың одан әрі қал­пына келу тәуекелін арттырады.

МҰНАЙ   НАРЫҒЫНДАҒЫ   АХУАЛ

Әлемдік экономиканың жал­ға­сып келе жатқан қалпына келуі асында энергия тасымал­дағыш­тарға сұраныстың артуы бойынша күтулер мұнай нары­ғындағы өзгерістерге ықпал етті. Нәтижесінде маусымда Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 75,13 долларға дейін 8,4%-ға өсті.

Алдыңғы сұхбатта атап өткен Иран мұнайының әлем нарығына оралу мерзімі үлкен мәселе болып тұр. Қазіргі кезде мәміле бойынша келіссөздер тараптардың сақталып отырған келіспеушіліктеріне қарай кейінге қалдырылды. Сондықтан бұл фактор мұнайдың әлемдік бағасына айтарлықтай әсер ете қоймайды.

Шілденің басында ОПЕК+ елдерінің өндіруді шектеу туралы мәміленің кейінгі тағдыры туралы келіссөздерінің үшінші раунды жойылғаннан кейін мұнай бағасының өсуі жеделдеді, оның нәтижесінде Brent маркалы мұнайдың құны 2018 жылғы 30 қазаннан бастап алғаш рет бір баррелі үшін 77 доллардан асты. Алдыңғы екі кездесу БАӘ-нің мәмілені 2022 жылдың соңына дейін ұзарту талаптары туралы қағидаттық ұстанымына байланысты нәтижесіз аяқталды.

Алайда, Ақ үй әкімшілігінің Сауд Арабиясы және БАӘ-мен бағаның өсуін тежеу туралы келісімге қолжеткізу ниетіндегі келіссөздері туралы хабарлар, сондай-ақ коронавирустың дельта штамының таралу қарқынына қатысты алаңдаушылықтың артуы және жаңа карантин шектеулерін енгізу мұнайға баға белгілеуді бір баррелі үшін 73-74 доллар деңгейге дейін түзетуге әсер етті.

АҚШ-та мұнай қорының төмендеуі және Сауд Арабиясы тарапынан сатылым бағасын орта есеппен бір баррель үшін 80 центке өсіру аясында мұнайдың бір барреліне ағымдағы баға белгілеулер 75 доллар деңгейінде тұр. Жалпы, мұнай нарығында үлкен белгісіздік байқалады, ол келісімге қол жеткізбеген ОПЕК+ қатысушыларының нарықтағы өз үлесі үшін күресіне қатысты алаңдаушылықпен күрделене түсуде. Сонымен қатар дельта-штаммен байланысты жағдайдың одан әрі нашарлау тәуекелдері күрделендіре түскен ахуал ағымдағы баға белгілеулерге және мұнай нарығының құбылмалылығына біршама әсер етуде.

ІШКІ НАРЫҚТАҒЫ   ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ  ТЕҢГЕ БАҒАМЫ

  Шынымен мұнай бағасы бір айда 8,4%-ға өскен кезде маусымда теңге бағамы 30 шілдеде жабылу бойынша бір АҚШ доллары үшін 424,95 теңгеге дейін 0,9%-ға орташа нығайды. Мұнай ұлттық валютаның бағамына әсер ететін негізгі фактор болуын жалғастыруда. Мұнай бағасының оң серпініне теңгенің жеткіліксіз әсер етуі, сыртқы және ішкі факторларды қоса алғанда теңге бағамының теріс факторлар жиынтығының ықпалында болуымен түсіндіріледі. Мен бір ай ішінде дамушы нарықтар валюталарының жалпы теріс серпінін және әлемдік валюта нарығында АҚШ доллары бағамының өзгерісін атап өткем.

Ал маусымда теңгеге қысым көрсеткен ішкі факторларға келер болсақ, бірінші кезекте іскерлік белсенділік қалпына келуі және кейінге қалдырылған сұраныс іске асырылуы аясында тауарлар импортының өсуін атап өткен жөн. Біз биылғы қаңтар-сәуірде өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда импорт азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен өндіріс құралдары импортының өсуі есебінен 11,4 миллиард дол­ларға дейін, 11,5%-ға өскенін айт­қан болатынбыз.

Шетел валютасына сұраныс­тың өсуі сауда-саттық көлемі ұлғаюынан байқалады. Биыл алғаш­қы бес айдың қорытындысы бойынша теңге – доллар жұбымен биржалық сауда-саттықтың орташа көлемі айына 2,45 млрд АҚШ долларын құраған болса, маусымда ол 3,16 миллиардқа дейін өсті.

Шетел валютасына сұраныстың артуы шетелдік инвесторларға дивидендтер төлеу сияқты маусымдық факторларға да байланысты. Өткен жылы дағдарыс аясында дивидендтер төлеу барынша шектелді, биыл бұл фактор мамыр және маусымда валюта нарығындағы сұраныс жағынан маңызды болып табылады. Аталған факторлардың барлығы ұлттық валютаның одан әрі нығаюын шектеді.

Шетел валютасына сұраныстың артуына қарамастан, нарықта елеулі теңгерімсіздіктер болған жоқ, Ұлттық банк интервенция жүргізген жоқ. Бюджетке транс­ферттерді жүзеге асыру үшін Ұлт­тық қор қаражатын конвертациялау көлемі 1093 млн АҚШ долларын, ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату – 260 млн АҚШ долларын құрады.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  РЕЗЕРВТЕР

Алдын ала деректер бойынша, алтын-валюта резервтері бір айда 1,4 млрд АҚШ долларына төмендеп, биыл 30 маусымда шамамен 35,1 млрд АҚШ долларын құрады.

Алтын-валюта резервтері қыс­қаруының басты себебі АҚШ дол­ларының нығаюына байланысты алтын бағасының төмендеуі болды. Маусымда метал бағасы бір унция үшін 1892 доллардан 1758 долларға дейін немесе 7%-ға төмендеді, бұл 2015 жылғы қарашадан бері бір айда алтын құнының қатты түскенін көрсетеді. Нәтижесінде алтын портфелін теріс қайта бағалау 1,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Резервтердегі алтынның үлесі 62% болады, сондықтан резервтерге алтынның әлемдік бағасы әсер етеді. Алтынның бағасы құбылмалы болып қала береді, мысалы, наурызда бағалар тр. унция үшін 1683 доллар деңгейіне жетіп, мамырдың басында 1950 долларға дейін қалпына келді.

Бағасының күрт төмендеуінен алтын портфелінің бір бөлігін хеджирлеу үшін бұрын Ұлттық банк жасаған опциондарды орындау шеңберінде алтын қазіргі деңгейінен асатын қолайлы баға­мен 1,5 млрд АҚШ долларына өткізілді.

Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер негізінен опциондық стратегиялар шеңбе­рінде аллокирленбеген алтынды өткізу есебінен 1,5 млрд АҚШ долларына өсті.

 

ҰЛТТЫҚ ҚОР АКТИВТЕРІ   ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАБЫС

Ұлттық қордың валюталық ак­тивтері алдын ала деректер бойынша бір айда 1,1 млрд АҚШ долларына төмендеп, маусымда 57,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Өткен айда Ұлттық қордың ва­люталық активтерінің төмендеуі республикалық бюджетке кепілдік берілген және нысаналы трансферттер бөлуге байланысты болды. Алдында атап өткенімдей, трансферттер бойынша өтінімдерді орындау үшін 1,093 млрд АҚШ долларына валюталық активтер сатылды. Бұл ретте, маусымда қорға түскен түсімдер көлемі шетел валютасындағы 189 млн АҚШ долларын қоса алғанда, небәрі 97 млрд теңге болды.

Активтерді басқару тиімділігін арт­тыру жөніндегі ұзақ мерзімді стратегия шеңберінде Ұлттық банк активтердің неғұрлым кірісті бөліктерін, оның ішінде акциялардың, корпора­тивтік облигациялардың және дамушы нарықтардағы еурооблигация­лардың үлесін өсіруде.

Нәтижесінде, Ұлттық қордың биылғы бірінші жартыжылдықтағы инвестициялық кірісі оң қалып­тасты және көбінесе акциялардың жаһандық нарығының өсуі есе­бінен 1,5 млрд АҚШ долларын немесе 2,5%-ды құрады.

ӘЛЕМДІК  ЭКОНОМИКАНЫҢ  ДАМУ БОЛЖАМДАРЫ

Мен теңге бағамы серпініне әсер ететін үш негізгі факторды атап өтер едім. 

Біріншіден, мұнай бағасы – негізгі экспорттық тауар және ішкі валюта нарығындағы ұсынысты анықтайтын фактор. Жоғарыда айтылғандай, мұнай нарығы құ­был­малы болып қала береді, өйт­кені ОПЕК+ мүшелері өндірісті ұлғайту және 2022 жылғы сәуірден кейін мәмілені ұзарту туралы келісе алмады. Көптеген сарапшылардың пікірінше, келіссөздер жалғасатын болады және альянс ымыралы ше­шімге келеді.

Екіншіден, бұл – дамушы ел­дердің валюталарына деген жалпы нарықтық сентимент. Біздің ойымызша, дамушы елдерге ин­весторлардың қызығушылығы коронавирусқа қатысты жағдай­дың дамуына және АҚШ ФРЖ-нің монетарлық ынталандыруларын азайту жөніндегі одан әрі іс-қимылдарға байланысты қалыптасады.

Дамушы елдерде, Бразилиядан Ресейге, Индонезиядан Жапонияға дейін агрессивті дельта штамының таралуына байланысты COVID-19-дың кезекті өршуі байқалады. Еуропалық одақ пен АҚШ-тан вакциналар экспорты алдағы айларда осы елдерде вакцинациялаудың қажетті деңгейіне қол жеткізуге байланысты айтарлықтай өседі, бұл дамушы нарықтар үшін маңызды фактор болуы мүмкін. Жаһан­дық вакциналарды жеткізудің өсуі дамушы елдерге биылғы екінші жартыжылдықта жоғары қорғану деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Бұл өз кезегінде Еmerging Markets активтері тартым­дылы­ғының өсуіне қолдау көрсетуі мүмкін.

Сонымен бірге, АҚШ ФРЖ-нің макроэкономикалық көрсет­­кіштерге байланысты барын­ша қатаң монетар­лық саясат ұстану туралы белгі беруі АҚШ долла­рының нығаюына алып ке­леді. Сарапшылардың пікірін­ше, активтерді сатып алудың ай сайынғы көлемінің қысқаруы АҚШ-тағы мөлшерлемелердің өсуіне және дамушы елдерден ка­пи­талдың кетуіне әкеледі.

Үшіншіден, бұл – ішкі факторлар. Экономикалық белсенділіктің үздіксіз қалпына келуі және фис­калдық ынталандыру шетел валютасына сұранысқа ықпал етеді. Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексі өсу аймағында қалып отыр. Биылғы маусымда іскерлік белсенділік индексі өнеркәсіпте 49,6-дан 50,4-ке, қызмет көрсету секторында 52,3-тен 52,7-ге және құрылыста 47,5-тен 47,6-ға дейін қалпына келудің арқасында мамырдағы 51,1-ден 51,6 тармаққа дейін өсті.

Тұтас алғанда, әлемдік қаржы нарықтарындағы ахуалдың тұрақ­сыз­дығы мен құбылмалылығы сақталып отырғанына қарамастан, әлемдік қаржы ұйымдарының жаңартылған болжамдары ай­тар­лықтай жақсарды. Мәселен, Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі биыл маусым айында шыққан жаңар­тылған болжамдарында 2021 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуін: Дүниежүзілік банк 4,1%-дан 5,6%-ға дейін, ЕҚДБ өзі қатысатын өңірлерде – 3,6%-дан 4,2%-ға дейін арттыру жағына қайта қарады.

Ұлттық банк те екінші тоқсанда Еуропа мен Үндістандағы коронавирус толқыны және карантиндік шектеулерден кейін елдер ара­сындағы шекаралар ашылып, экономикалық белсенділіктің жандануына байланысты 2021 жылдың екінші жартыжылдығында жаһандық ішкі жалпы өнім тез өседі деп, әлемдік экономиканың өсу перспективаларын оң бағалайды.

Дайындаған

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

"Tenge monitor" газеті

266 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *