Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 17 Шілде, 2021

Диас пен Қазыбекті шетелдіктер неге шақырды?

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептің түлектері Диас Нұрмұхамедов пен Қазыбек Тоқтаровты шетелдік оқу орындары білім беру грантын ұсынып, университеттеріне шақырған. Талапты жігіттер қандай шешім қабылдап, қалай көп оқу орнынан шақырту алуға болатынын айтып берді.

Диас Нұрмұхамедов Кипр Халықаралық университеті мен Рига Бизнес мектебінің оқу ақысын толық өтейтін білім грантының иегері. Сонымен қатар, Испанияның ІЕ университетіне қабылданып, «IE High Potential Award»-қа ие болып оқуға 80% жеңілдік алған. Жоғары оқу орнына өтінішті мерзімінен ерте бергені үшін Литваның ISM Менеджмент және Экономика университеті Диасқа оқу ақысын 25% қамтитын шәкіртақы ұсынған. Диасты өз студенті ретінде көргісі келген жоғары оқу орындардың қатарында Литваның LCC университеті, Германияның Якобс университеті, АҚШ-тың Хофстра университеті, Венгрияның Корвин университеті мен Будапешт бизнес мектебі бар. «Оқуға қабылдау туралы хаттарды оқығанда менің қуанышымда шек болмады, әсіресе грант немесе стипендияға ие болғаным еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Қатарлас достарыма шақырулар келіп, маған ешқандай жауаптың келмегенін көргенде, қатты уайымдағаным рас. Қазір әлі нақты бір университетті таңдамадым, себебі Венгрия мен Түркия университеттерінен жауап күтуді шештім. Алдағы уақытта бизнес, коммуникация және медиа ғылымдары бойынша білім алу жоспарымда бар», – дейді Диас.

Жас зияткер орыс тілі және география пәндері бойынша олимпиадаларға қатысып, «Adal Volunteer Club (AVC)» волонтерлық ұйымының белсенді мүшесі болған. Мектепішілік үстел теннисі үйірмесі мен «NISA Library» клубының көшбасшысы қызметін атқарып, ол оқушыларға өздеріне сәйкес университетті табуға көмектесетін «ІВpick» бағдарламаны құрды.

Диастың айтуынша, «ІВpick» қызметі өзіне де пайдалы болған. «Университеттерге түсу процесі мен үшін қызықты болды. Мотивациялық хат және түйіндеме жазып, әртүрлі елдердің іріктеу комиссиясының мүшелерімен сұқбаттастым. Бұл мені әрі қарай дамытуға түрткі болған құнды тәжірибе болды.

Университеттерді таңдағанда ең алдымен білім сапасына және гранттар мен стипендиялардың болуына назар аудардым. Сондай-ақ, жақын достарым мен ата-анамның пікірін де тыңдадым. Әсіресе жоғары сапалы білімімен, гранттар мен стипендиялардың қолжетімділігін, сондай-ақ шетелдік студенттерге деген достық қатынасымен танымал Оңтүстік және Шығыс Еуропа елдерінің жоғары оқу орындарына қызығатынмын.

Дипломдық бағдарламам, емтихандарға дайындалу менен табандылықты және стреске қарсы тұруды талап етті. Соңғы екі жылда өткен оқу материалын қайталап, күніне екі сағат уақытымды кейбір пәндерге бөлуге тура келді. Онлайн форматтағы форма-жаттығу бұл тапсырманы біраз қиындатты, өйткені біздің мектеп аралас форматта оқуға мүмкіндік берді, бұл дайындыққа айтарлықтай көмектесті.

Емтихандарды тапсыру процесі тез және байқалмай өтті. Көңіл толқу негізінен дайындықтың соңғы күндеріндегі емтихандарға дейін болды, бірақ емтиханда толқуға уақыт болмады. Алайда, белгілі бір сәтсіздіктерден кейін қажетті нәтижеге жету мүмкін болмаған кезде емтихандар арасында тез ауысу қажет болды. Бірақ мұндай жағдайларда келесісін баптай білу керек, өйткені қалпына келтіру мүмкіндігі болады.

Ең қиыны, университеттерден жауап күту процесі, өйткені күздің соңында және қыста америкалық университеттерге өтініш қабылдау кезінде олардың көпшілігі бас тартты, бұл, шынымды айтсам, күтпеген жағдай еді. Өзіме деген сенімділік болмады және бірде-бір университет мені қабылдамайды деген қорқыныш болды. Күтуден үміт үзілгендей болды, бұл кезде менің айналамдағылардың көпшілігі түрлі университеттерге шақыру алып үлгерді. Отбасым мен достарым маған өзіме деген сенімділікті сақтауға көмектесті және мені үнемі ынталандырып, қолдап отырды. Оларға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар, қаламыздағы білім беру орталықтарының бірінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмысқа орналастым, бұл маған балалармен жұмыс істеудің баға жетпес тәжірибесін берді. Бұл туралы өзімнің мотивациялық хатымда жаздым. Мен орта және жоғары сынып оқушыларына тәлімгер болдым, дәл осы әрекетім Испания, Венгрия, Латвия және Литваның үздік университеттерінен шақырту алуыма үлкен әсер етті деп санаймын. Бағыма орай, маған Еуропада оқуға мүмкіндік берген гранттар мен стипендиялар тағайындалды», – дейді Диас.

«Ұланның» оқырмандарына өз атымнан тағы бір айтарым, бүкіл сапар бойында ең бастысы, өзіңе, өзіңнің табысқа деген сеніміңді сақтау, өйткені кез келген күш-жігер ерте ме, кеш пе, ақталады. Сәтсіздікке жол бермеңіз, оптимизмге бой алдырыңыз дегім келеді», – деп ізгі ниетін де білдірді.

Қазыбек Тоқтаровты Қазақстан, Италия, АҚШ, Гонконг, Финляндия, Нидерланд және Корея университеттері оқуға шақырған. Италияның Padua, Tor Vergata, Messina университеттері, Гонконгтың Hong Kong Baptist университеті, Финляндияның Lappeenranta University of Technology, Нидерландының Maastricht, Кореяның Gwangju Institute of Science and Technology және Қазақстанның КАЗГЮУ университеттері Қазыбекке толық білім грантын тағайындаса, АҚШ жоғары оқу орындары жартылай грант ұсынған.

Қазыбек республикалық, халықаралық олимпиадалар, жобалық байқаулар мен конференциялардың жеңімпазы. Оның «Smart yurt», «Smart park», жел генераторларының жаңартылған жүйесі және т. б. өнертабыстарына авторлық куәлігі мен патентін алып үлгерген.

«Мен «Сomputer science» бағыты бойынша білім алуды жоспарлап отырмын. Жоғары оқу орындарын таңдаған кезде мен өз бағытымдағы бағдарламалардың тиімділігі мен бірегейлігіне назар аудардым. Мектепте музыкамен белсенді айналыстым. Зияткерлік мектептің әнұранын орындап, мектептің бас ер вокалисті болдым. «Еco club», мектеп оркестрінің мүшесі болып, түрлі мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға қатыстым.

Мен информатика бағытына барамын және өз бағытымдағы бағдарламалардың практикалық және бірегейлігіне назар аударып, жоғары оқу орындарын таңдадым. Өткен оқу жылы өте тығыз болды. Маған мектеп пәндері бойынша көптеген ғылымизерттеу жұмысын жүргізуге, университеттерге құжаттар пакетін жинауға, SAT, IELTS, Duolingo және IB сияқты халықаралық емтихандарға дайындалуға тура келді. Сонымен қатар өзімнің ғылыми жобаларыммен айналыстым, IT бойынша жаңа дағдыларды үйрендім», – дейді жас зияткер.

Мектептен тыс уақытта Қазыбек Тоқтаров халықаралық ІТ компаниясында бір жылдан аса жұмыс істеген. Сондай-ақ, ол «Kazakhstan Speedcubing» Федерациясының негізін қалаушыларының бірі. «Ең біріншіден, отбасыма барлығы үшін ризашылығымды білдіремін! Мектептегі барлық мұғалімнің маған үйреткен құнды өмірлік кеңестері, негізгі білімі мен дағдылар үшін алғысым шексіз! Өзімнің ең жақсы нұсқам болуға талпындырған талантты, креативті және талапкер достарыма ерекше рақмет айтқым келеді! Барлық бастамаңызға сәттілік тілеймін», – деп алғысын білдірді.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН

«Ұлан» газеті, №28
 

 

495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *