Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 20 Шілде, 2021

Санжар Мұсаев, садақшы: Олимпиадада жүлде алсақ, бұл спортқа қызығушылар көбейеді

Дүниежүзі көз тігетін төртжылдықтың басты додасына да аз уақыт қалды. Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында Токио олимпиадасына 53 жолдама бар. Соның біреуі кейіпкеріміз Санжар Мұсаевта. Санжар бастаған садақ атудан Қазақстан құрамасы араға жиырма жыл салып, олимпиадада өнер көрсетеді. Токио төрінде ел намысын қорғайтын спортшымен аз-кем сұқбаттасудың сәті түсті.

1996 жылы дүниеге келген Санжар Талдықорған қаласының тумасы. Бала күнінен спортқа жақын болып, түрлі үйірмелерге барады. Тіпті, дзюдоға да біраз қатысып, боз кілемде бағын сынап көрген. Ал садақ ату спортына келуіне сыныптастары себепкер болған.

– Садақ ату қазақтың қанында бар өнер болғандықтан ба, бұл спортты бірден жаныма жақын тарттым. Дегенмен бала күнімнен мерген болдым деп айта алмаймын. Бұл спорт түрі несімен қызықтырғанын білмеймін, бірақ 7-сыныптан бастап серік еттім. Садақ ату спортына сыныптастарымның ықпалымен келіп, өзіме қажетті дүниені тапқандай болдым. Шыны керек, қанша қиындықтар мен сәтсіздіктер кездессе де, садақ атудан бас тартамын деген ой мүлдем болмады. Меніңше, садақ ату – ең әдемі спорт түрлерінің бірі. 

Санжар – Талдықорған қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі. Алғашқы жарысында-ақ алтыннан алқа таққан ол талай дүбірлі додада ел мерейін үстем еткен.

– Әрине, алғашқы жарыс, алғашқы жеңіс пен жеңілісті ұмыту мүмкін емес. Бірінші рет Алматы облысының чемпионатында сынға түсіп, чемпион атандым. Бұл бірінші жарысым, әрі бірінші алтын жүлдем болатын. Ал алғаш рет Қазақстан Республикасының чемпионатында жеңілдім. Әр жарыстан алған әсер де, сезім де әртүрлі болады. Бірде балаша қуансаң, бірде өзегің өртенеді. Мысалы, 2013 жылы Қытайды өткенде жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғанда не қуанарымды, не мұңаярымды білмедім. Әлемдік аренадағы тұңғыш бәсекемді әлем чемпионатынан бастадым. Дәл осы жылы Азия кубогында алғаш рет үздік үштіктен көрінсем, одан кейін төрт рет қола жүлдегер атандым.

Кейіпкеріміз бес дүркін Қазақстан кубогының, бірнеше дүркін ел чемпионатының жеңімпазы атанса да, ұлттық құрама сапына кіру оңайға соқпапты. Ұлттық құрамада Денис Ганькин, Ильфат Абдулиндермен бірге өнер көрсетеді. Үшеуі Нидерландта өткен әлем чемпионатында 6-орын иеленіп, олимпиадаға жолдама жеңіп алды. Олар жарыс жолында небір мықтыларды тұқыртты.

– Ұлттық құрама сапына кіру өте қиын. Құрама тек үздік спортшылардан құралған. Одан бөлек бәсекелестік те өте жоғары және бәрі әділетті. Әлемдік аренадағы жетістіктерімізге бәсекелестіктің де септігі көп тиді. Командалық жұмыстың арқасында жолдамаға иелік еттік. Ширек финалда Рио олимпиадасының күміс жүлдегері АҚШ садақшыларын 6:0 есебімен ұтқанымыз айтарлықтай жаңалық емес. Өйткені олармен әлемдік жарыстарда бірнеше рет кездесіп, жеңіске жеткенбіз. Олимпиада жолдамасы төртжылдықтың басты додасында жеңіске жетсем деген әр спортшыны арманына бір қадам жақындатады. Бапкерлеріміздің дұрыс бағыт-бағдар беруі мен тактикалық тұрғыдан дұрыс жол көрсетуі арқылы жолдама алдық. Енді олимпиадада жеңіске жетсек деген мақсатымыз бар.

Санжар қазір олимпиадаға қызу дайындық үстінде.Тіпті, сұқбат беруге әзер уақыт тапты. Токиода оңай қарсыластар болмайтыны анық, десек те Азия елінің садақшыларын басты қарсылас ретінде көреді.

– Алдағы ойындарға дайындық өте қызу өтіп жатыр. Еш босаңсуға болмайды. Қазір бапкерлер құрамы олимпиада ойындарына арнайы жоспар әзірлеуде. Білікті бапкерлермен бірге әрі қарай шеберліктерімізді шыңдаймыз. Садақ атудың техникалық және тактикалық жағына көп көңіл бөліп жатырмыз. Олимпиададағы басты қарсыласымыз мынау деп ешқайсысын бөліп-жармаймыз. Корея, Нидерланд, АҚШ, Ресей, Қытай секілді мемлекеттерде садақ ату спорты өте жақсы дамыған. Осы елдің спортшылары әлемдік сындарда және олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Сол себепті, кез келген қарсыласқа қарсы жанымызды салып өнер көрсетуіміз керек.

Олимпиада барлық спортшы үшін өте маңызды доданың бірі екені анық. Кез келген спортшы Олимп шыңын бағындырып, тарихта қалуды армандайды. Санжардың да басты арманы – Токио төрінде топ жару.

– Әрине, спортшы болған соң, олимпиада чемпионы атануды армандаймыз. Токио олимпиадасында топ жарсақ деген арман менде де бар. Тәулігіне 8-9 сағат жаттығу жасап, бүкіл жастығыңды, өміріңнің жартысын спортқа арнаған соң, қандай да бір нәтиже шығарғың келеді. Әзірге менің ең үлкен жетістігім ретінде Токио олимпиадасының  жолдамасын айтуға болады. Әлем үздіктерінің арасынан алтылыққа енудің өзі оңай емес. Енді олимпиададан жүлде алуды көздейміз. Айтпақшы, әлем кубогының жеңімпазы атанған сәтіміз әлі есімізде. Қазір басты мақсатымыз – олимпиада ойындарында ел намысын сәтті қорғап, жоғарғы орыннан көріну. Бұйыртса, еліміздің үмітін ақтап, еліміздің көк туын көтеріп, Әнұранын шырқатамыз деген ойдамын. Сол мақсатқа жету үшін күндіз-түні тер төгіп, еңбектеніп жатырмыз. 

Шыны керек, садақ ату спорты елімізде аса танымал емес. Кейіпкерімізден жастардың бұл спортқа деген қызығушылығы мен қаншалықты бет бұрып жатқанын сұрадық.

– Расында, спорттың бұл түрі ел арасында айтарлықтай танымал емес. Бәлкім, мұның басты себебі садақ ату спорты туралы бұқаралық ақпарат құралдарында аз насихатталуында шығар. Токио олимпиадасы еліміздегі садақ ату спортының одан әрі дамуына серпін берері сөзсіз. Жастар садақ атуға бет бұрып, осы спорт түрімен әуестену үшін біз жақсы нәтиже көрсетіп, әлемдік сындарда, олимпиадада жүлде алуымыз керек. Сол кезде халықтың назары бірден ауады.  Бүгінгі таңда осы спорт түрін халыққа мейлінше кең таныту үшін нақты қадамдар жасалып жатыр. Болашақта құралайды көзге атқан небір мергендер шығып, олимпиадада атой салатынына сенеміз. 

Садақшы Санжарға алдағы додада сәттілік тілейміз. Командалық сайыста да, жекелей сында да үздіктер қатарынан көрінуіне тілектеспіз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Суретті салған Н.Ященко

«Ақ желкен» журналы, №6
 

 

514 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *