Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 21 Шілде, 2021

Инстаграм арқылы бизнесті қалай дамытуға болады?

Əлеуметтік желілерді пайдаланудың маңызы артып келеді. Жеке тұлға немесе компания заман ағымынан қалмай, олардың ұтымды тұстарын ескерсе, дұрыс қолданса, жетістікке жете алады. XXI ғасыр расымен де техниканың, цифрлы құралдардың, əлеуметтік медианың, «онлайн» форматтың маңызды екенін түсіндірді. Қазір көп адам білім беру орталықтарын, кафе мен мейрамханаларды, демалу орындары мен дүкендерді ең бірінші əлеуметтік желіден іздейді. Сөйтіп парақшаны зерттей отырып, таныстық орнатады. «Лентадағы» əдемі түсірілген суреттерге назар аударады, видеоларды тамашалап, посттарды оқиды. Бағаларын салыстырады. Сонымен қатар кішкентай дөңгелек формадағы хайлайтстарға (басқаша айтқанда, өзекті стористерге) кіреді. Туындаған сұрақтарды көрсетілген нөмірге немесе дайректке жазып, қаласа хабарласа алады. Дəл осы əрекеттерден кейін адам бұның керек екенін түсінсе жəне ұнатса, бірден сол жерге баруды жоспарлайды екен.

Ал керек заттарға дүкендерден ойланбастан онлайн тапсырыс беріп жатады. Қызық контент пен сауатты «таныстырудың» арқасында оқырман осылайша болашақ тұтынушыға айналады. Бизнестің дамуына ықпал ететін əлеуметтік желі – «Инстаграм». Ол ең танымал медиа платформалардың бірі. Соңғы уақытта көптеген жаңа өзгеріс енгізілді. Инстаграмның пайдаланушылары көп жəне кез келген басқа желіден гөрі олардың қатысу, белсенділік көрсету деңгейі жоғары. 2021 жылдың 21 наурызында жарияланған сараптама жұмысына сəйкес, қазір Инстаграмда 1 миллиардтан астам белсенді қолданушы бар. Бұл цифрлық əлемнің күрт дамып жатқанын білдіреді.

Бұрын адамдар əлеуметтік желінің бұл түрін өз өмірімен, фото жəне жазбаларымен бөлісу үшін пайдаланса, қазір көбі бизнесті дамыту немесе табыс табудың бірден-бір көзіне айналдыру мақсатында қолдануда. Не себепті Инстаграмда бизнесті (тауар немесе қызмет көрсетуді) дамыту маңызды? Себебі адам жиі отыратын əлеуметтік желіде парақша ашу арқылы көптеген оқырман, одан тұтынушыларды жинауға болады. Жəне заман талабына сай жан-жақты болса, танымалдығын арттырып, имиджін қалыптастырады. Инстаграм арқылы мақсатты аудиториясына жақын болады. Олардың назарын аударту үшін, өздері жайлы ақпаратты кеңінен таратады. Кез келген қалада, елде отырып адам байланысқа шыға алады.

SMM негіздеріне, маркетинг ілімдеріне сүйеніп жасалған бизнес парақша жоғары көрсеткіштерге ие бола алады. Яғни сатылымы өседі, белсенділік жоғарылайды, тұтынушылары көбейеді. Нақты керекті деген құралдарды қолдану арқылы нарықта «жарып» шығады. Сонымен Инстаграм арқылы бизнесті қалай дамытамыз? Бұл жерде бірнеше дұрыс жауап бар. Бірақ екі түрлі жағдай болуы мүмкін. Біріншісі белгілі бір мықты компанияның кəсібі болса, екіншісі жаңадан өз ісін ашып жатқандар болуы мүмкін. Мысалы, тоқылған сөмкелерді, қолдан пісірген бəліштерді сату немесе торттарға тапсырыс қабылдау жəне тағы басқа. Бірақ қандай бизнес түрі болса да, бəрінің жетістікке жетелейтін жолы бір. Ең маңызды 10 құралды ұсынамын:

1. Кəсіп атына сəйкес парақшаның никнеймін дайындау. Парақшаға тым ұзақ сөз жазудың қажеті жоқ. Себебі көзге жағымсыз, ал оқуға ыңғайсыз болып көрінеді. Артық сандарды, тыныс белгілерін қолданбаған жөн. Сонымен қатар бір əріпті қатарынан 2-3 рет жазу да SMM ережесіне жат болып саналады.

2. Аваға тақырыпқа сай сурет таңдау. Əр компанияның өзіндік логотипі болады. Соның суретін қоюға кеңес беремін. Логотип əртүрлі болып келеді. Бір мекемелерде бұл сөзбен (атауы) ғана жазылса, екіншісінде сурет күйінде бейнеленіп көрсетіледі. Авадағы суреттің анық əрі жарық болуы маңызды.

3. Аккаунт шапкасын дұрыс толтыру. Ол дегеніміз аваның астында бос тұрған бөлікті, яғни бионы компания жайлы расталған ақпаратпен толтыру. Қысқаша айтқанда, сипаттау. Ең ерекше əсер ететін тəсілдердің бірі – санды қатыстырып жазу. Ол адамның көңілін аулайды жəне мекемеге деген сенімділікті қалыптастырады. Мысалы, компания қанша жыл нарықта жұмыс істейді? Көңілі тоқ қанша тұтынушылары бар? Қанша филиалдары бар? Сондай-ақ мекенжайды жəне басқа да деректерді қосуға болады. Соңына қарай байланысу үшін телефон нөмірін немесе уотсап секілді əлеуметтік желінің сілтемесін қалдырған дұрыс. Бұл оқырманның уақытын үнемдейді, онымен байланысқа тез шығуға жағдай жасайды.

4. Хайлайтстармен жұмыс. Бестен кем болмағаны дұрыс. Оны аккаунттың түсіне, түріне сəйкес сəндеу маңызды. Дұрыс сурет таңдап, бірыңғай стильді ұстану жағымды əсер қалдырады. Егер бір мейрамхананың парақшасы болса, онда өзекті стористерге мекенжайын, ас мəзірін, қонақтардың пікірлерін, отыратын орындарын, тамақты дайындау барысын, акция мен жеңілдіктерін көрсетуге болады. Ең қажетті деген стористер 24 сағаттан көп сақталып тұра береді. Кез келген уақытта Инстаграм қолданушысы кіріп, мейрамхана жайлы маңызды ақпараттармен таныса алады.

5. Сапалы əрі əдемі контент. Парақшаның визуалы бірыңғай стильде жұмыс істеу қажет. Визуал дегеніміз – профиль туралы жалпы əсер. Бұл реңктердің, стильдің негізгі идеясының тіркесімі. Тіпті аккаунт əдемі болса, таныспай жатып адамдардың лезде тіркелуі əбден мүмкін. Одан өзге тақырыпқа сай видео жəне суреттер салынуы қажет. Белсенді болған сайын, Инстаграмдағы «охват» та өседі. Барынша қызықты, əдемі, пайдалы видеоларды бөліскен абзал. Əр постқа қажетті тауарларды, тағамдарды салуға болады. Қызметкерлер жайлы ақпарат берілсе де ұтылмайды, қайта оқырман арасында сенім орнайды. Қазіргі таңда көптеген дүкен Тикток əлеуметтік желісі арқылы контент жасап, Инстаграмға бөлісіп жатады. Қысқа да нұсқа, əдемі видеолар көрермендерге қызықты. Осындай жағдайда видеограф, фотограф, дизайнер, иллюстратор, контент-мейкер мамандарының көмегіне жүгінуге болады.

6. Мүмкіндігінше күнде сторис салу. Түсінікті, қызықты, пайдалы стористер де адамның назарын аудартпай қоймайды. Күнделікті ақпаратты сала отырып, компания аудиториясымен жақын бола алады. Стористердің охваты аккаунттың белсенділігіне тікелей əсер етеді.

7. Сауатты жазылған мəтін немесе пост. Осы кезекте копирайтердің көмегіне жүгінуге болады. Қойылатын басты талап – мəтінді қатесіз, қысқа əрі нұсқа заманауи түрде жазу. Егер бұл бизнес парақша болса, онда тіпті жарнамалай алуы қажет. Сататын текст жазудың қыр-сырын түрлі курстардан немесе кітаптардан үйренуге болады. Бастысы мəтіннің халыққа түсінікті болуы. Егер бұл киімдер дүкені болса, постқа бағасын, киім өлшемін, матасын, түстерін жазып қоюға болады. Мысал өте көп...

8. Үздіксіз кері байланыс. Үнемі комментарийлерге жауап беру, тұтынушыларымен дұрыс коммуникация құру компанияның беделін арттырады. Түскен кез келген хатқа (жағымды, жағымсыз) кəсіби тұрғыда тез жауап беруге кеңес беріледі.

9. Жарнама жəне блогерлермен байланыс. «Ал парақшаны сауатты толтырдық. Ары қарай оны қалай дамытамыз?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Шешімі – жарнама. Оның түрлері көп. Солардың бірі таргет жарнамасы немесе блогерлермен келісу. Ары қарай компанияның өзінің қиялына, креативіне байланысты. Шектеу жоқ.

10. Статистикамен жұмыс. Ең маңызды құралдың бірі – анализ жасау. Мақсатты аудиторияның мұқтаждығына назар аудару, сұраныстарын қанағаттандыру. «Қандай тақырыптағы пост көбірек лайк жинайды? Қандай форматтағы видео халыққа өтеді? Оқырмандардың жиі қоятын сұрақтары? Тəуліктің қай уақытында белсенділік көп? Бір аптада қанша тапсырыс түсті?» жəне басқа сұрақтарға жауап беру арқылы SMM маманы парақшаға жан-жақты сараптама жасайды. Осындай көрсеткіштермен жұмыс істеу бизнестің биік шыңға жетуіне жол ашады.

Аталған 10 маңызды құрал Инстаграмда бизнесті дамытуға орасан зор септігін тигізеді. Трендтен қалмау, нарықты үздіксіз зерттеу, цифрлы əлемнің жаңалықтарына жиі көз жүгірту, қорықпай тəжірибе жасау – сəттіліктің кепілі. Қиялға ерік берсек, барлық жобамыз кез келген əлеуметтік желіде өз орнын тауып қана қоймай, жоғары нəтижеге жетеді.

Айдана ПЕРНЕҚҰЛ, ХАТУ студенті

«Ұлан» газеті

480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *