Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 21 Шілде, 2021

Токио олимпиадасында кімдерден жүлде күтеміз?

Төрт жылда бір рет өтетін олимпиада биыл Жапонияның астанасы Токиода өтеді. ХХХII жазғы олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында жоспарланған. Оған дүние жүзінің 206 мемлекетінің 11000 спортшысы қатысып,  339 медаль сарапқа салынады.

Ал Қазақстан атынан 97 спортшы 27 спорт түрінен бабы мен бағын сынайды. Біздің бұл жолғы сауалнамамызда отандық жаттықтырушыларымыз бен спорт майталмандары Токиодағы дүбірлі додада кімнің чемпион болуы мүмкін екеніне болжам жасады.

Нұрбек ҚАРАБАЛА, NFC президенті:
Бізде олимпиададан медаль алып келу дәстүрге айналған спорт түрлері бар. Оның біріншісі – бокс, екіншісі – ауыр атлетика, үшіншісі – жеңіл атлетика, төртіншісі – күрес деп айтуға болады. Күреске дзюдо, еркін және грем-рим кіреді. Сол спорт түрлерінен жігіттер (кімдер екенін нақты айтпай-ақ қоян) төрт медаль болады деп есептеймін. Оның ішінде өзіме жақын, өзім жеке танитын боксшы Бекзад Нұрдәулетов бар. Ол міндетті түрде бір медальға ілінеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, көп спортшылар бара алмай да қалды. Мысалы, Асхат Ділмұханбетов бар, сол жігіт негізінде әлем чемпионатында өзін жақсы көрсетті. Асхаттың орнына бара жатқан баланы мен жақсы танымаймын. Жеңіл атлетикадан олимпиадаға барған Ольга Рыпакова бар. Содан жүлде күтуге болады. Бокстан тек қана бір медаль емес, оның ішінде тағы да бір-екі жігітіміз бар мықты. Сол жігіттерден де үміт күтеміз.
Кесіп айту өте қиын. Неге десеңіз, біздің Қазақстанның бүгінгі таңда дайындығын және старттарын бәрін зерттейтін болсақ, ол басқа елдерге қарағанда менің ойымша аздау сияқты. Бокстан турнирлер жиі өткен болса, қалған спорт түрлерінен, шынымды айтсам, көзім жеткен жоқ. Сондықтан бұл жерде бәрі жігіттердің дайындығына байланысты. Бұрынғы рейтингтен жоғары көтерілеміз деп ойламаймын.
Токиоға бара жатқан спортшыларымыздың бәріне жанкүйер боламыз, әрине. Соның ішінде өзім Бекзад Нұрдәулетовке, дзюдошылардан Елдос Сметовке сенім артамын.

Ермахан ИБРАИМОВ, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы:
Өзіңіз білетін олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де Токиоға бара жатыр. Дмитрийден жүлде күтемін. Содан кейін үміт күтетініміз – дзюдошы Елдос Сметов.Боксшылардың бәрін өзіңіз білесіз, сайдың тасындай мықты жігіттер. Грек-рим және еркін күрес палуандарынан жүлде күтем. Олар да жүлде алып қалуы мүмкін. Ұлттық құрама боксшыларына келетін болсақ, 52 кг дейінгі салмақта Сәкен Бибосыновтын, 69 кг Абылайхан Жүсіповтен, 75 кг Әбілхан Аманқұлдан және 81 кг-да әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетовтен, 91 кг Василий Левиттен және Ту ұстаушымыз +91 кг жоғары Қамшыбек Қоңқабаевтан үміт күтемін. Қызымыз Надежда Рябец те жақсы өнер көрсетеп, жүлдеге ие болады деп ойлаймын.
Біздің спортшыларымыз әр олимпиадада үш алтын алған. Енді Токио олимпиадасында, мен ойлап отырмын, әдеттегідей үш алтын әдбен болуы мүмкін. Жігіттер мен қыздар жақсы дайындалды. Ұлттық олимпиадалық комитетінен, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан барлық жағдай жасалды. Барлығы сборларға қатысты. Сондықтан әрқайсынан үміт күтеміз.
Қазақстан командасы рейтинг бойынша 25 пен 30 мықты команданың қатарына енеріне толық сенеміз. Қазақстанда спорт жан-жақты дамып жатыр. Бұл жолы да сол деңгейді сақтап қаламыз деген ойым бар.
Токиоға аттанған қай спортшы болмасын, барлығының ойындарын теледидар арқылы бақылаймыз, көреміз, 97 спортшының бәріне жанкүйер боламыз. Олардың кетіп бара жатқан кезде: «Алтын медальді берсе – қолынан, бермесе – жолынан алыңдар!» – деп батамды бердім.


Арман ҚАРСЫБАЕВ, армрестлингтен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Құдай қаласа, олимпиадаға қатысатын барлық спортшыларға сәттілік тілей отырып, негізі бокс, каратэ-до, дзюдо, таеквондо, жеңіл атлетика мен суда жүзу спортының қатысушыларынан медаль күтемін. Атап айтар болсақ, дзюдошы Елдос Сметов, каратэші Дархан Асаділов пен Дарья Берльуцева, жеңіл атлетші Ольга Рыпакова және басқа да боксшылардан жүлде күтемін.


Шыңғыс ҚАЙРАНОВ, аралас жекпе-жектен «Алаш-Прайд» турнирінің екі дүркін жеңімпазы:
Барша олимпиадаға қатысушы қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеймін. Сонымен қатар бәріне көк Туды биік ұстап абыроймен оралуына тілектеспін.
Менің ойымша, каратэ-до олимпиадаға жаңадан енген спорт түрі болғандықтан спортшыларға оңай тимесі анық. Біздің жауынгерлердің жетістіктеріне қарап, осы карате-додан екі алтын, екі күміс және бір қола алуымыз мүмкін. 

Бокстан бір алтын, бір күміс, бір қола қоржынымызда болады деп сенемін. Сонымен қатар Бекзад Нұрдәулетов өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдейді деген үмітім бар. Дима, яғни Дмитрий Баландин үздік үштікке кіретіндей көрінеді. Осы жолы, бұйыртса, Елдос Сметов олимпиада чемпионы атанады. Себебі оның тәжирбесі де, бабы да өте жоғары. Сондай-ақ Ольга Рыпакова қоржынымызды бос қайтармайды деп есептеймін.


Қазіргі таңда сенсация жасайтын спортшылар өте көп. Сонымен қатар қатысушы мемлекеттердің де спортшыларының дайындығы жақсы. Мынау немесе осынша орын алады деп нақ басып айту қиын. Сонда да үмітім және спортшыларға деген сенімім алдамаса, алдыңғы олимпиадаға қарағанда жоғары көрсеткіште болатын сияқты. Алла жар болсын!


Мен әрқашан руымен емес, туымен мақтанатын қазақ болғандықтан, көк Туымызды жамылып шыққан әр спортшыға жан-тәніммен және дұғамен жанкүйерлік етерім сөзсіз.
Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін. Әрине, тек олимпиадалық емес, ұлттық және бұқаралық спорт пен сол салада жүрген әріптестеріме әрқашан тілектеспін.
Айбек МҰХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

279 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *